Бір орынға бес үміткер
Бір орынға бес үміткер
185
оқылды
Орташа алғанда, бір депутаттық орынға бес адам үміткер болып тұр. Бұл жөнінде кеше Орталық сайлау комиссиясының отырысында айтылды. Үміткер ұсыну мерзімі 12 шілде күні сағат 18.00-ге дейін жалғасатынын ескерсек, үміткерлер саны көбеюі мүмкін. Орталық сайлау комиссия­сының төрағасы Берік Има­шевтың айтуынша, ұсыну ке­зеңінің соңғы қорытындылары жеке отырыста қарастырылады. Аталған отырыс кезінде Сенат депутаттығына үміткерлерге бұқаралық ақпарат құралдарына өз бағдарламаларымен шығу тәртібі түсіндірілді. Орталық сайлау комиссия­сының хатшысы Сәбила Мұс­тафинаның айтуынша, заң­ға сәйкес мемлекет Сенат де­пу­­таттығына сайланатын кан­дидаттарға өз бағдарламаларымен БАҚ-қа шығу үшін қаражат тең бөлінуіне кепілдік береді. «БАҚ-қа шығу үшін кандидаттарға қаражат бөлу тәртібі мен көлемін Орталық сайлау комиссиясы айқындайды. ОСК-ның кандидаттарға БАҚ құралдарына шығу үшін қаражат бөлу қағидалары бойынша тиісті қаулыға сәйкес кандидаттарға өз бағдарламаларымен БАҚ-қа шығу тәртібі мынадай: теле­дидардан 15 минут, радиодан 10 минут, мерзімді баспасөз басылымдарында немесе желілік басылымдарда 0,1 баспа табақтан артық емес», – деді ол. Сонымен қатар Сәбила Мұста­фина кандидаттар өздері­нің сайлау алдындағы бағдарлама­ларымен сөз сөйлеу үшін мемлекет бөлген қаражат шеңберінде баспа немесе желілік басылымдардағы, телерадио арналардағы жария­ланымдар көлемін өздері бөле­тінін жет­кізді. Сондай-ақ рес­пуб­ликалық бюджет қаражаты­нан кандидаттардың сайлау алдын­дағы жариялы іс-шараларын өткізуге, үгіт материалдарын шығаруға арналған шығыстары мен көлік шығыстары Орталық сайлау комиссиясы белгілеген мөлшерде өтеледі. Осылайша, ОСК өз қаулысымен Парламент Сенатының депутаттығына кан­дидаттың республикалық бюджет қаражатынан өтелетін шы­ғыс­тарын 450 000 теңге көлемінде белгіледі: теледидардан, радиодан бағдарламамен сөз сөйлеу және мерзімді баспа басылымдарында 2 мақала жариялау үшін – 300 000 теңге, сайлау алдындағы көпшілік іс-шараларды өткізу және үгіт материалдарын шығару үшін – 70 000 теңге, ал көлік шығын­дары үшін 80 000 теңгеден қарастырылған. Бұдан бөлек, Сенат депутат­тығына кандидаттардың сайлау қоры болады. Аталған қор туралы ақпаратты түсіндірген Сәбила Мұстафина кандидаттың сайлау қорының жалпы сомасы – заң­намамен белгіленген ең тө­менгі жалақының екі жүз есе мөл­шерінен аспауы тиіс кандидаттың меншікті қаражаты. Бұл – 8 500 000 теңге. Ал Қазақстанның аза­маттары мен ұйымдарының ерікті қайырымдылығының жалпы сомасы заңнамада белгіленген ең төменгі жалақы мөлшерінен бес жүз еседен артық аспауға тиіс, яғни 21 250 000 теңгені құрайды. «Белгіленген мөлшерден тыс түскен ақшалай қаражат сайлау қорына есептелуге жатпайды. Ол қаржы қорға енгізген азаматтар мен ұйымдарға қайтарылады. Бұл ретте аталған қаражатты қай­таруға байланысты шығыстар олар­ды енгізген азаматтар мен ұйым­­дардың есебінен жабылады», – деді С.Мұстафина. Есте болса, осы жылдың 12 мау­­сымында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сенат депутаттарының сайлауын 2020 жылғы 12 тамызға тағайындау туралы қаулысы шыққан еді. Осыған орай, Орталық сайлау комиссиясының онлайн режимде отырысы өтіп, онда сайлауға қатысты күнтізбелік іс-шаралар жоспары бекітілген. 13 маусымнан бастап Сенат депутаттығына кандидаттарды ұсыну басталды. Сондай-ақ үміткерлерге қойыла­тын талаптар жария етілді.  

Тұмар МЫРЗА