Елорда күніне тарту
Елорда күніне тарту

Елорда күні Талдықор­ған­дағы ел-жұрт үшін үлкен жаңалық болды. Соның бірі және ең бастысы ретінде облыс орталығындағы жаңа тұрғынжай алабында пайдалануға берілген үш бірдей 16 қабатты, 230 пәтерлі үйді айтуға болады. Бұл үйлердің басқалардан ерекшелігі – алғашқы медициналық көмек көрсету орталығының да осында орналасқаны. Құрылыс «Нұрлы жер» инфрақұры­лым­дық даму бағдарламасы аясында жүргізіліп, бірінші кезекте Тұрғын үй жинақ банкінде салымдары бар азаматтар баспана алды.

– Ел болып тойлайтын ме­реке кезінде талдықорғандық­тарға тамаша тарту жасалды. «Нұрлы жер» бағдарламасының шапағаты тиген 230 отбасы пә­терлі болды. Биыл облыс бойын­ша 800 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілуі тиіс. Басты назарды көпбалалы отба­сылардың баспаналы болуына аудармақпыз. Жыл соңына дейін 100 коттедж бен 125 пәтерлі тағы екі көпқабатты үй қолданысқа тапсырылады. Өңірдегі кәсіп­керлер де қарап қалмай, көпба­лалы отбасыларға 116 баспана тарту етті. Жүздеген отбасының үйлі болуына жол ашатын «Ба­қытты отбасы» әлеуметтік тұр­ғын үй бағдарламасын орындау­ға кірістік. Бұлардың барлығы Мем­лекет басшысының тікелей қолдауымен және қадағалауымен жүзеге асырылады. Қоныстой­ құтты болсын! – деген Алматы облысының әкімі пә­терлі бол­ғандардың кілттерін тапсырып, үйлі болғандар қата­рында түрлі саланың мамандары мен жас­тардың көптігіне орай қуанышын білдірді.

Үйлі болғандар атынан сөз алған Әлиям Молотова тұр­ғын­дарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуге жан-жақты қолдау көрсетіп отырған мемле­кетке алғысын айтты. Елге бел­гілі актер, құрметті ақсақал Әлім­ғазы Райымбеков пәтер иелеріне ақ батасын берді. Екі отбасыға кіріп, той дастарқа­ны­нан дәм татқан облыс басшысы оларға өзінің сый-сияпатын жасады.

Он алты қабатты тұрғын үйлердің құрылысы 2017 жылы күзде басталған. «Астана-Құ­ры­лыс» компаниясы белгіленген мерзімде бар жұмысты атқарды. Тұрғынжай ғимаратының жалпы алаңы – 22 мың шаршы метр.

Қаратал ауданының орта­лығы Үштөбе қаласында да бір күнде 100 отбасы баспаналы болды. Бірі 40 пәтерден, екіншісі 60 пәтерден тұратын екі бірдей жалдық үй қолданысқа тапсы­рылды. Қатарында бюджеттік қызметкерлер, Ұлы Отан соғысы ардагерлері, жетім балалар мен мүгедек балаларды тәрбиелеп отырғандар, мүмкіндігі шектеулі жандар, көпбалалы және толық емес жанұялар бар баспана ке­зегінде тұрғандар көптен күткен баспанасына қол жеткізді. Үштө­беліктерді үлкен қуанышымен құттықтауға облыс басшысы да уақыт тапты.

– Жаңа ғана талдықорған­дықтардың қоныстойына қа­тысқан едім, сіздерді де осындай тамаша күнмен құттықтауға ар­найы келдім. Аудан орта­лы­ғында бірден 100 отбасының пә­терлі болуы сирек кездесетін жаңалық. Өздеріңіз көріп отыр­ғандай, бірінші кезекте қо­ғамның әлжуаз топтарында­ғылардың жағдайы­на көңіл бөл­дік, – деген Амандық Ғаб­басұлы жыл соңына дейін об­лыста тағы жүздеген отбасының баспана мәселесі шешілетіндігін де айтты.

 

Болат АБАҒАН,

Алматы облысы