Ақпарат кімнің қолында?
Ақпарат кімнің қолында?
310
оқылды
Біреу марапатталады, кейбір компаниялар сыйлығын беріп жатады, басқаларына бәрібір, ешкімнен ештеңе күтпейді. Бәрінің өз себебі бар. Алайда осы күн жақындағанда отандық ақпарат нарығына сырттан көз салып, болып жатқан трендтерді байыппен байқауға тырысу керек секілді. Ал пандемиядан кейінгі медианың тамырын басу ерекше маңызды. Наурыз-сәуір айларында ка­ран­тинде қалған жұрт ақпаратты көп тұтынды. Отандық БАҚ-тың сұра­нысы артып, марқайып қал­ға­­ны рас. Біраз телеарна, сайт­тар­дың рей­тингтері де жоға­ры­ла­ды. Алай­да бұл уақытша құбы­лыс екенін тү­сіну керек. Каран­тин, сондай-ақ тағы да басқа құ­­бы­лыстарды көр­сет­ті. Ақ­парат­ты ретсіз тарату қиын емес екен, қоғам әлі де жал­ған жаңа­лыққа үйір екен, қолында смар­т­фоны бардың көпшілігі ақпарды әлеуметтік желіден алуға, оны одан әрі таратып жіберуге бейіл екен және тағысын тағылар. Бұл жайттар қолына қалам ұстаған қауымға қосымша жауапкершілік жүктейді. Ағартушылық деген қо­ғамдық функцияны да қатар алып жүруіне тура келеді. Осы­лайша, қосымша жүк арту оңай болғанымен, олардың қоғамдағы өз жайы да мәз емес. Неге? Төртінші билік деген сырттай тақ­қан дәстүрлі атауы болса да, бүгін отандық журналистер бел­гілі процестерге ықпал ететіндей жағдайда емес Иә, министрлік, әкімдік жанындағы түрлі қоғам­дық кеңестерге, ұйымдарға кейде мүше етіп шақыратыны бар. Заң­ға сәйкес, мемлекеттік орган­дар журналистік сауалдарға жауап та, есеп те береді. Газетте, сюжетте кө­терілген кейбір түйткілдер ше­шіліп те жатады. Бірақ бәрі емес. Дегенмен сонымен қатар қойыл­ған өткір сұраққа жауап беруден қашқақтайтын шенділер көп, қо­лында диктафон, микрофон ұстаған жанды көрсе, айналып өткісі келетіндер де табылады. Мейлі, өз құқы, бірақ қоғамға қа­жет ақпаратты беруден бас тартатындар қаншама?! Оны сұраған журналисті әуре-сарсаңға салатындары ше? Мұның бәрі не үшін қажет? Медиа индустрия даму үшін бе, жарнама берушілер санын арт­тыру үшін бе, оқырман қатарын «қалыңдату» үшін бе, бәлкім жур­налистің эгосын қанағаттан­ды­рып, танымал ету үшін бе? Жоқ, мұның бар­лығы қоғамға керек, аза­мат­тық, ашық қоғамды қа­лып­тас­тыру жолында керек ре­сурс. Иә, пафос секілді есті­ле­ді. Бірақ ақиқаты – сол. Өйткені дер ке­зін­де берілген, сенімді, са­палы, ашық ақпарат қоғамның мем­лекеттік органдарға, Үкімет­ке, жал­пы билік атаулыға сенімін арт­тырады. Ал бұл – өте маңызды құн­дылық. Себебі сенімсіз «қо­ғам – билік» тандемі жөні түзу мем­лекет құра алмайды. Жур­на­лист сұрайтын ақпарат осы үшін керек екенін кейбір мемлекеттік қызметкерлер жете түсінбейтіні қынжылтады. Мұны пандемия дә­лелдеп берді. Елде 19 мың кісі ке­сел жұқтырып, коронавирустан 136 адам көз жұмса да, «сенбей­мін» деген сөзін марқая, шірене ай­та­­тындар арамызда әлі де жет­кілікті. Өкінішті. Әрине, сөз болған, діттеген қо­ғамды ешкім бізге құрып бер­мейді. Азаматтық қоғамның өз институттары бар. Соның бірі – тәуелсіз БАҚ. Ол өзінің кәсіби функциясын толық орындау үшін бірнеше шарт жүзеге асуы тиіс. Соның бірі – меншік түрі мен қаржы көзі. Телеарна, сайт, жур­налдардың жекеменшік ие­лікке өтуі олардың құлашын кеңге жаяды. Бірақ аталған мақ­сат­ты орындауға кедергі жайттар аз емес. Біріншіден, олар өз қаража­ты­на өмір сүретіндей отандық ақ­парат нарығы тарлау. 19 мил­лион­ға жуық нарық аздық етеді жә­не азаматтарымыздың көп­шілігі ақпарат үшін ақша төлеуге даяр емес. Екіншіден, жарнама қаражаты да тұрақсыз. Пандемия ке­зінде талай бизнес тұралап қалды. Сәйкесінше, жарнамаға тап­сырыс та жоқ. Тіл мәселесі толық шешілмеді. Ірі компа­ния­лар ескі түсінік бойынша орыс­тілді ақпарат көздерінде жария­ланғанды сүйеді. Сол баяғы көне логика: «орыс тілін бәрі түсінеді». Сапа, сұраныс, демографиялық құрам, тренд, БАҚ рейтингісі олар­ды көбіне қызықтыра бер­мейді. Үшіншіден, жеке ақшаға қызмет ете бастаған журналистер көбіне бір адамның не бір топтың сойылын соғуға көшеді. Журна­листік ұстанымнан таяды. Оны 1990-2000 жылдардағы тәжірибе көрсетті. Кейбір облыстарды мұ­ны (кір жағу, бопсалау, аран­дату) әлі кәсіп қылып, сонда да өзін жур­налист атайтындар жеткілік­ті. Қазір түрлі телеграм арналарда саяси өсек-аяңды ақиқаттай жа­за­тындар да бар. Төртіншіден, қаралымы, көрсетілімі көбейсе, тапсырыс та артады дегендер ақпараттың сапасын бұзады: әншінің жеген тамағын, бишінің киген көйлегін жаза бастайды. Дегенмен о бастағы ойға орал­­­­­сақ. Отандық медиа Батыс­тағы әріптестерімен теңесу үшін қойылатын келесі шарт – ақ­параттың сапасы мен жылдам­дығы. Сапасы дегеніміз – мәлі­мет­тің тексерілуі, сенімді көзден алынуы. Қазір әрбір адам әлеу­меттік желідегі аккаунты арқылы ақпарат таратушы көзге айнал­ғанда БАҚ-тың шынайы хабар беруі аса маңызды. Оған Арыс­тағы, Мақтааралдағы апат, Қор­дайдағы жанжал, карантин ке­зінде тағы көз жетті. Күмәнді, жал­­ған мәлімет желіні жаулап жатқанда ақиқатты хабарлау оңай емес. Жұрт қауіпті қауесетке жақын тұрады. Алайда шын­дықты жеткізу журналистің міндеті. Сондықтан әрбір сайт, газет-журнал, телеарнаның «се­німді ақпарат көзі» деген қоға­мдағы имиджі де қажет көрсет­кіш. Сондай сын сәттерде, ақ­параттық вакуум орнағанда мем­лекеттік органдардың жыл­дам шешім қабылдап, ресми ақпаратты лезде әрі тұрақты беруі де маңызды. Бұл медианың өз миссиясын адал атқаруына, жағдайдың ушықпауына тікелей ықпал етеді. Әсіресе, еңбек дауы, ұлтаралық жанжал не басқа да қақтығыс барысында «кризис коммуникация» өткір мәселеге айналады. Жалпы, уақыт өткен сайын дәстүрлі медиа мен әлеуметтік желідегі аккаунт иелерінің, блогерлердің белгілі шекарасы жойылып барады. Бүгінде ай­мақ­тық газеттердің орташа та­ралымы 10-20 мыңға жетсе жа­қ­сы. Республикалық телеарна­лар­дың ортаңқол тележобаларын рейтинг көрсеткішімен есепте­сек, 50-70 мың адам қарауы мүм­кін. Ал кейбір әншілердің инс­таграмдағы жазылушылар саны 3-4 млн-ға жетіп жығылады. Бұл 1 адам ғана 3-4 млн кісіге ақпарат таратушы деген сөз. Маңызды оқиға, ауыр апат бола қалғанда БАҚ ресми мәлімет жинап жүр­генде әлгі әнші, блогер естіген қауесет сөзге иланып, әлеуметтік желіге ойын жазып, 3-4 миллион оқырманын бірден қисық «ақ­парат­тандыруы» мүмкін. Бұл бір адамның жасауы мүмкін әрекеті. Ал егер бейресми, жалған хабар­ды мың адам бірден таратса, не болмақ? «Ақиқат шалбарын киіп жат­қанда, жалған сөз әлемнің жар­тысын аралайды» деген У.Чер­чилль. Сол секілді бұл ақпараттық кеңістікті тұрақсыздыққа итер­мелейтін, тәуекелі жоғары про­цесс. 2010 жылы қырғыз еліндегі Киров су қоймасы бұзылыпты деген қауесет Тараз тұрғындарын әуре­ге салып, қала сыртына қа­шу­ға түрткі болған еді. Яғни, БАҚ-тың тағы бір міндеті – се­нім­ді ақпарат көзін пайдаланатын оқырманды, көрерменді, жалпы қоғамды қалыптастыру. Сонымен, ақпарат кімнің қо­лында? Әрбіріміздің. Үкімет­тің, мем­лекеттік органдардың, БАҚ-тың, журналистердің, әлеуметтік желіде аккаунт ашқан әрбір аза­маттың. Аталғандардың барлығы оны қалауынша тарата алады. Алай­да ақпарат ықпалды ресурс еке­нін ескерсек, оны сауатты, орын­­­ды, тиімді қолдануды үйре­нуі­міз, үйретуіміз қажет.  

Нұрмұхамед БАЙҒАРА