Қалың нешік, кәсіпкер?
Қалың нешік, кәсіпкер?
256
оқылды
Карантин жеңілдетілгеннен кейін жұ­мысын жалғастырғандардың да жағдайы оңып тұрған жоқ. Сон­дықтан мемлекет шағын және орта бизнес субъектілеріне жаңа көмек түрін көрсетуге кірісті. Ең қызығы, Үкімет: «ШОБ-қа кө­мек беріп жатырмыз», – дейді, ал ШОБ субъектілері: «Не­сиеміз бен салықты кейінге шегергеннен өзге көмек алмадық, ше­герілген несие мен салықты сәті келгенде қалай төлейтініміз белгісіз», – дейді.  

Несие төлемін күзге дейін шегеруге болады

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова да төтенше жағ­дай режимінің аяқталуына қарамастан шағын және орта биз­нес кәсіпорындарының қызметін қай­та құру бірқалыпты болмай жат­қанын айтады. Себебі тауар мен қызмет түрлеріне сұраныс қыс­қарып, айналым мен түсім азай­ған. Соның салдарынан биз­нес субъектілері алған несиесін тө­лей алмай отыр. Сол себепті агент­­тік екінші деңгейлі банк­тер­мен және Қазақстан қар­жыгер­лері­нің қауымдастығымен бір­лесіп, ШОБ субъектілеріне қолдау көрсетудің қосымша шараларын іс­ке асыруды бастады. Мысалы, 2020 жылдың 15 маусымында ШОБ субъектілеріне қосымша қол­дау шараларын көрсету тәртібі бек­ітілген. Аталған тәртіпке сәй­кес, ШОБ субъектісі 2020 жылдың 16 маусымы мен 15 қыркүйегі ара­лы­ғында қосымша қолдау алу туралы банкке немесе микроқар­жы ұйымдарына өтініш жасайды. Несие ұйымы әрбір кәсіпкер бойын­ша оның қаржылық жағ­дайын, төтенше жағдай мен ка­ран­тиннің қаржысына әсерін жә­не қаржылық жағдайын қайта құ­рудың перспективасын баға­лайды. Егер ШОБ субъектілерінің қар­­жылық жағдайы нашарлаған бол­­са, несие ұйымдары қолдаудың екі бағытын ұсынады. Біріншісі – уа­қытша қаржылық қиындыққа тап болған қарыз алушылардың несие бойынша төлемдерін кейінге қал­дыру. Бұл шара бизнестің борыш жүктемесінің айтарлықтай өсуіне апарып соқпайды. Екіншісі – не­сиені жеңілдік берілген талаптар­-мен кәсіпкерлік субъектілеріне қол­­­дау көрсетудің мемлекеттік бағ­­­­­дарла­ма­лары шеңберінде қай­та қар­жы­ландыру. Айта кетейік, бұл мүмкіндікті бар­лық ШОБ субъектілері, оның ішінде төлеу мерзімі шегерілген субъектілер де пайдалана алады. Есте болса, 16 наурыз бен 15 мау­сым аралығында жеке тұлғалар, ШОБ субъектілері үшін несиелер бойынша төлемдерді кейінге қалдыру мүмкіндігі берілді. Мәдина Әбілқасымованың дерегінше, бұл кезеңде 1 млн 890 мың­нан астам адамның немесе барлық қарыз алушы жеке тұлғаның 34 па­йызының төлемі кейінге қалдыры­лыпты. Бұл төлемдердің жалпы со­масы 268 млрд теңгені құраған. Ал несиені қайта құрылымдауға 12 455 шағын және орта бизнес субъектісі өтініш жасаған. Бұл ШОБ-тағы несие алушылардың 42,5 пайызын құрайды. Қайта құрылымдалған төлемдердің жалпы сомасы 165 млрд теңгеге жет­кен. Аталған цифрдан көріп отыр­ға­ны­мыздай, еліміздегі несие алу­шылар­дың жартысынан астамы не­сиені уақытында төлеп отыр.  

Айналымды толықтыру үшін несие береді

Карантин кезінде қиындыққа тап келген кәсіпкерлер арзан несие берсе деген өтініш айтып еді. Енді жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлердің айналым­дағы қаржысын толықтыру үшін же­ңіл­детілген несие ұсынылмақ. «Айналым капиталын толықтыру үшін ШОБ субъектілері жеңілдікпен несиелеу бағдарламасы бойынша несие ала алады. Осы бағдарлама бо­йынша несие 8 пайыздық ставкамен бір жылға дейін беріледі. Бағдар­ла­ма­ның жалпы көлемі – 600 млрд теңге. Қазірге дейін 259 млрд теңгенің не­сиесі беріліп қойды», – дейді М.Әбіл­қасымова. Ал біз сөйлескен кәсіпкер­лердің барлығы да 8 пайызды өте жо­ғары ставка деп санайды.   kasipker Олай болса, «Бизнестің жол кар­тасы – 2025» бағдарламасы шеңбе­рін­деде жеңілдетілген несие берілетінін еске саламыз. Бұл жеңілдік Эконо­ми­каның өсімін қамтамасыз ету үшін 2020 жылдың аяғына дейін кешенді жоспа­рында қарастырылған. Үкімет басшы­сының орынбасары Әлихан Смайы­ловтың айтуынша, осы жыл­дың шілде айында микро және шағын кәсіпкерлік субъектілерін қолдау бойынша «Биз­нестің жол картасы – 2025» бағдар­ла­масы шеңберінде жаңа бағыт іске қо­сылады. Несиелер екінші деңгейлі банк­тердің және микроқаржы ұйымда­рының қаражаты есебінен бе­ріледі. Оператор – «Даму» қоры. Не­сие­лер айналым қаражатты толық­ты­ру және инвестициялық мақсатта 5 мил­лион және 20 миллион теңгеге дейін беріледі. Соңғы ставкасы – 6 пайыз. Негізгі қарыз мөлшеріне 80 пайызға дейін мемлекет тарапынан кепілдік берілмек.  

Жедел штабтан жәрдем бола ма?

Соңғы айда коронавирус күшіне мінді. Бұл сәйкесінше бизнеске тағы да үлкен соққы болып жатыр. Себебі бизнес субъектілері жұмысын уақытша тоқтатқанда жаз маусымына дейін жан бақсақ, ары қарай жұмысты жалтас­тырамыз деп ойлаған. Алайда маусым айы да жайлы болмай тұр. Өңірлерде карантин күшейтіліп, блок-бекеттер қайта қойыла бастады. Бұл өз кезегінде бизнеске кері әсерін тигізбей қоймай­тыны белгілі. Сондықтан Үкімет «Ата­мекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы­мен бірлесіп экономиканың зардап шеккен салаларындағы бизнестің жағдайын мониторингілеу үшін жедел штаб құрды. Бұл штаб өңірлердегі бизнес субъектілерінің белсенділігінің жай-күйіне және карантиндік шара­лардың бизнесті жүргізу жағдайына әсер етуіне мониторинг жүргізеді. Зар­дап шеккен салалардағы ШОБ субъек­тілерінің саны туралы өзекті мәлімет­терді қалыптастырады, кәсіпкерлік бел­сенділікті қалпына келтіру және да­мыту, жұмыспен қамтуды сақтау бо­йынша жедел және жүйелі ұсыныстар әзірлеумен айналысады. Олар бизнес­тің жай-күйі туралы жедел деректерді апта сайын әкімдіктерден, өңірлік кәсіпкерлер палатасынан және тікелей бизнестен алатын болады. Осылайша, бизнес өзінің жағдайы мен пробле­масын хабарлай алады. Жиналған деректер негізінде жедел штаб қолдау шараларын қабылдау үшін Үкіметті хабардар етеді. Бұл хабарламаның қаншалықты нәтиже берерін алдағы уақытты білерміз.  

Кәсіпкерлер не дейді?

Skills academy оқу орталығының негізін қалаушы Берікбол Төлегеннің айтуынша, карантин кәсібіне үлкен соқ­қы болып, тұралатып тастады. Орталыққа келушілер азайған. Оның үстіне, жұмыс істеуге рұқсат та кеш беріліпті. «Несие алу кәсіпорындарға тиімді шығар. Біз үшін қажеті шамалы. Біздің проблема басқа. Алдымыз тұманды болып тұр. Күзде карантин жалғасады, оқу қашықтан жүзеге асырылады деген алыпқашпа әңгіме бар. Ресми мәлім­деме болмағандықтан, кәсібіміздің болашағы туралы болжам жасай алмай отырмыз. Осы тұрғыдан мемлекет та­рапынан нақты шешім айтылуы керек деп ойлаймын. Карантин созылғанда орталықты жабу туралы ойлағанбыз. Бірақ жағдай түзеледі деген үмітпен жүрдік. Енді алдағы екі ай жұмыс істеп көреміз. Егер жағдай реттелмесе және күзде де карантин режимі сақталатын болса, орталығымызды жабуға тура келеді», – дейді Берікбол Төлеген. Оның айтуынша, орталық қазір таңда жұмысты онлайн режимге ауыстыруды бастапты. Кеңсені жалға беруші түсі­ніс­тік танытып, карантин уақы­тында төлемнен босатқаны ғана көңілге демеу. «Қазір талаптарды барынша сақ­тап, жұмыс істеп жатырмыз. Менің ойым­ша, карантин бір кәсіппен айна­лысып жатқандар үшін қаржылай қиын­дық туғызды. Ал мен қаржылай қиын­дық көріп жатырмын дей алмай­мын. Себебі оқу орталығымның шығы­нын басқа кәсібімнің қаржысы көтеріп жатыр», – дейді ол. Ал кәсібін қолөнермен байланыс­тырған Жеңісгүл Дәулетова карантин кезінде жұмысын жауып тастаған­дар­дың бірі. Алдағы уақытта жағдайдың қалай боларын білмегендіктен, жұмыс істеуге жүрексініп отырғанын айтады. «Бизнесімді дамытуға несие алар едім. Бірақ менде несие алу үшін ке­пілге қоятын мүлік жоқ. Сол себепті ала алмай отырмын. Егер Үкімет тара­пынан қолдау болса, үлкен жұмыс орнын ашқым келеді. Өйткені бізде жө­ні түзу өндіріс жоқ. Сапалы киім жоқ. Қытаймен шекара тағы да жа­былды. Жағдай осылай жалғаса берсе, ішкиімсіз қаламыз. Биыл үлкен цех ашуды жоспарлап едім, коронавирус килікті де, жоспарымның күл-талқа­нын шығарды. Бүгін ғана базарға бар­дым, күнделікті киетін бір сапалы киім таппадым. Сапалы киім тігу қолдан ке­леді, қыз-келіншек қызығатын жыл­тырақты да, әшекейді де салып тігіп берер ем, тек қаржылай қиындық ке­дергі», – дейді. Ал тігін цехы мен сауда нүктесін ашуға карантин күшейтіліп, қайта жабылып қала ма деп қорқады. Қазақ­тың қолөнерін тастағысы келмейтінін айтқан Жеңісгүл бүгіндері үйінің бір бұрышын шеберханаға айналдырып, шағын тапсырыстар орындауға мәж­бүр. Ал оның арманы – үлкен тігін це­хын ашу. Жеңісгүл сияқты кәсіп­кер­лерге Үкімет айтқан жеңілдіктің бірі де бұйырмайды екен. Шағын кәсіппен айналысатындар үшін кепілге қояр мүлік үлкен мәселе. Бәлкім, кепілге қояр мүлкі жоқтар үшін Үкімет басқа бағдарлама жасауы керек шығар...  

халимаХалима БҰҚАРҚЫЗЫ