Көне қолжазба – рухани байлық
Көне қолжазба – рухани байлық
207
оқылды
Нұр-Сұлтанда Ұлттық академиялық кітапханада зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен ЮНЕСКО Ұлттық комитетінің «Әлемдік мұра» бағдарламасы және Дүниежүзілік мұра тізіміне енгізу туралы өтініштерді қабылдау бойынша комитет жиыны өтті.

Қазақстан 1992 жылы 22 ма­мырда Біріккен Ұлттар Ұйы­мы­ның білім, ғылым және мә­де­ниет мәселелері жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйы­мының (ЮНЕСКО) мүшесіне кірген болатын. ЮНЕСКО-ның Дү­ниежүзілік бағдарламасының еске алу жөніндегі Ұлттық ко­итетінің басты мақсаты – Әлем­дік құжаттық мұраны қорғау.

Қазіргі уақытта Дүниежүзілік бағдарламаның Дүниежүзілік еске алу тізіміне: Ахмет Ясауи және оның ізбасары Сүлеймен Бақырғанидың қол­жазбасы (2003 ж.); «Неведа-Семей» антиядролық қозғалысының құжаттары (маусым 2005 ж.) және Арал теңізін қорғауға қатысты құжаттар (шілде 2009 ж). Ақыртас кешені 2014 жылы 25 маусымда Катар мемлекетінің Доха қаласында өткен ЮНЕСКО-ның 38 сессиясы барысында Бү­кіләлемдік Мәдени мұралар тізіміне енгізілген. ЮНЕСКО-ның тізіміне кірген Ботайда табылған археологиялық жәдігер саны 120 мыңнан асты. Қазақ даласындағы ең көне тарихи орындардың бірі – Сарайшық қаласы. Тарихшы ғалымдар оның пайда болуын XIII ғасырда, яғни Шыңғыс хан мен Батудың жасаған шапқыншылығымен байланыстырады. Әзірге белгілі болған дерек­терге сүйенсек, бұл орын туралы жазба мәлі­меттер XIV ғасырдың алғашқы жартысынан бас­талады да, оларда Сарайшық гүлденген қолө­нері мен сауда қаласы болғандығы айтылады. Бұдан да басқа ашық аспан астындағы мұра сайын далада жеткілікті. Ұлы даладағы тарихы­мыздан хабар беретін бабалардан қалған мұраны келешек ұрпақтың игілігіне қалдыру үшін, үлкен жұмыстар атқарылуы, көздің қарашығындай сақталуы керек. Сонымен қатар сирек қолжазбаларды қалпына келтіріп, бабалар мирасын сақтап қалу да бүгінгі күннің еншісінде. Тарихшы ғалымдар Тұрсын Жұртбай, Болат Ешмұхамедұлы, Сайлау Батыршаұлы келелі ойлар айтып, құнды құжаттар, көне қолжазбалар жайында сөз қозғады.

– Отырықшы қоғамда лирикалық поэмалар ондықпен саналады – қырық поэма, ары барса алпыс, жетпіс, сексен, тоқсан поэма. Қазақта бес жүзден аса батырлық жыр мен лирикалық поэма бар. Міне, руханият қайда жатыр! Байлық қайда жатыр! Біз осы құндылықтарды түп-тамырына дейін қопара зерттеуіміз, соларды мейлінше насихаттауымыз, жеріне жеткізе дәріптеуіміз керек, – деді Болат Ешмұхамедұлы.

Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының басшысы Жандос Бекділдаұлы:

– Қазір орталықта 5 000-ға жуық кітап бар. Оның екі жүздейі құнды болып есептеледі. Әрине, мемлекеттік архивпен бір ғимаратты бөлісіп отырмыз. Алдағы уақытта оңаша қаламыз ба деген үміт бар. Өйткені архивке арналған жеке ғимараттың макеті сызылып, жер бөлінгені, екі-үш жыл бағдарында бой түзейтіні белгілі болып отыр. Міне, бізге де керегі – осы. Алдағы уақытта ұялмай құнды деген қолжаз­баларды, кітаптарды жинап, сақтауға үлкен септігін тигізеді деген ойдамын, – деді.

Жиын соңында сирек қолжазба, кітаптардың нормативтік-құқықтық базасын құру; оларды есепке алып, картотекасын құру; ғылыми айналымға түсіру; барлық құнды құжаттың библиографиясын жасау; консервациялау, реставрация жұмыстарын қолға алу сияқты бес мәселені жедел іске асыруға көшу керегі айты­лып, құжатталды. ЮНЕСКО Ұлттық комитетінің «Әлемдік мұра» бағдарламасы және Дүниежүзілік мұра тізіміне енгізілетін қолжазбалар және сирек кітаптар осы жұмыстар атқарылғаннан кейін анықталып, жіберілуі керегі хатталды.