Реформадан көз ашпаған білім-ай...
Реформадан көз ашпаған білім-ай...
© коллаж: Қуаныш Аманғали
228
оқылды
Мемлекет басшысының қатысуымен өт­кен Ұлттық қоғамдық сенім ке­ңесінің таяудағы ІІІ оты­рысында еліміздегі «оқу сауаттылығы», «математи­ка­лық сауаттылық», «жара­ты­лыстану ғылымдары бойынша сауаттылықтың» жаһандық рейтингте құлдырағаны сы­налды. Бұл мектепке қатысты жаңа реформаға түрткі бол­мақ. Шетсіз-шексіз реформалаудан шаршаған бір сала болса, ол – білім беру. Қаптаған өзгерістер нәтижесінде секторда қожайын қалмады. Орта білім беру сапа­сы­ның нашарлығына, кейбір педагогтің сауатсыздығына, ди­рек­торлардың бассыз әрекетіне, білім ордаларындағы парақорлық пен негізсіз ақша жинауға, тіпті мектеп асханасының жас ұрпақ денсаулығына нұқсан келтіріп жатқанына шағымданған ата-аналар ескі әдетпен БҒМ-ге жү­гінеді. Ал ол болса, қолданыстағы заң­намаға сәйкес, осының бә­ріне жергілікті әкімдіктің білім бас­қармасы және мектептің ди­ректоры жауапты екенін ай­тып, жалтарады. Салдарынан министрлік мемлекет бюджеті мен өңірлер арасындағы делдал деңгейіне дейін түсіп кеткені құпия емес. Бұқара бұл еңселі кеңсенің немен айналысатынын түсінбейді.  

Сауатсыз ел – болашақ бодан

Өткен ХХ ғасырда қазақ елінің өз алдына отау құруын аңсаған Алаш арыстары, басқа да ұлтжанды қайраткерлер ең алдымен қазақтың сауатты ұлтқа айналуына мән берді, білімнің тәуелсіздікті нығайтар құндылық екенін жақсы түсінді. Сарапшылар халықтың сауат­сызданып бара жатқанына алаң­даулы. Бананмен не мандаринмен АИТВ-инфекциясы таралып жатқанына; жеміс ішінен теңге шыққанына; көшеде адамның түйеқұс мініп жүргеніне; қара­пайым ғана шприцпен чип егіле­тініне; сарымсақ, зімбір тамыры не ас содасымен коронавирусты емдеуге болатынына және басқа да ең тұрпайы, арсыз фейктерге, арнайы топтар әзірлеген «вирустық роликтерге» шын сенуі адамның қараңғылығын аңғартса керек. Қынжылтатыны сол, Қа­зақстанның бұрынғыдай «әлемдегі ең білімді ел» саналмайтынын халықаралық ұйымдар баршаға мәлімдеуде. Республикадағы оқу сапасын бағалаған халықаралық зерттеулер нәтижесі баяғы мақтаныш сезімді су сепкендей басады. 80-нен астам елді қамтыған PISA зерттеуі қазақ елінде 2012, 2015 жылдардағы зерт­теу қорытындысымен салыс­тырғанда, қазіргі кезде 15 жаста­ғы шәкірттердің білімі күрт құл­дырағанын көрсетті. Мысалы, «оқу сауаттылығы» көрсеткіші бойынша PISA-2012-де Қазақстан 393 бал алды. Енді ол 6 балға – 387-ге дейін төмендеді. Егер 2015 жылғы жетістікпен (427 бал) салыстырсақ, ел білімсіздік құзына құлағандай әсер қалады: PISA-2015-тен 40 балға бір-ақ түсті! «Математикалық сауаттылық» көрсеткішіміз (423 бал) де оңып тұрғаны шамалы: PISA-2012-ге (432 бал) қарағанда 9 балға, ал PISA-2015-тен бері (460 балл) 37 балға құлдырап кетті. «Жаратылыстану ғылымдары бойынша сауаттылықтың» қазіргі көрсеткіштері (397 бал) PISA-2012-мен (425 бал) салыстырғанда 28 балға, PISA-2015-тен (456 бал) 59 балға нашарлады. Ары қарай тек дүниежүзіндегі ең қайыршы елдер қатарына түсу қалды. Осы зерттеулер біздегі қала мен ауыл арасындағы білім беру сапа­сындағы алшақтықтың тым жоғары екенін растады. «Оқу сауат­­тылығы» жөнінен жалпы ал­шақтық 37 балды (PISA-2012-де – 38 бал болған), «математикалық сауаттылықта» – 22 (PISA-2012-де – 17) құрады. Яғни, содан бері бұл бағытта ілгерілеу жоқтың қасы. Айта кету керек, 2012 жыл­дан бері Қазақстанда білім беру саласында қаптаған реформа, жаң­ғыртулар мен өзгерістер жүргізілді. Соның көбі Оқушылардың бі­лім жетістіктерін бағалаудың халық­аралық бағдарламасы (Programme for International Student Assessment, PISA) қорытындысына сүйенді. Миллиардтаған ел қаржысы шы­ғындалды. Қайтарымы қайда? Бұл сауалға жауап ретінде БҒМ бұрын­ғы қадамдарын аяусыз сынап, кезекті реформаны ұсынып отыр.  

8 жылда 5 рет басшы ауысқан

Қазақстанның білім саласын­дағы абыройы аймандай болған осы 8 жылда салалық меморган басшысы 5 рет ауысыпты. 2010 жылдың 22 қыркүйегінен 2013 жылғы Білім күніне дейін Білім және ғылым министрлігін Бақытжан Жұмағұлов, 2013 жыл­дың 2 қыркүйегінен 2016 жылдың ақпанына дейін Аслан Сәрінжіпов, 2016 жылдың 10 ақпанынан 2019 жылдың басына дейін Ерлан Сағадиев, 2019 жылдың 25 ақ­панынан 13 маусымға дейін Күләш Шәмшидинова басқарды. 2019 жылдың 13 маусымынан бері Асхат Аймағамбетов министр. Халықаралық зерттеулер мемлекетімізде білім алушылар арасындағы білім сапасындағы алшақтықтың да зор екенін паш етті. Әрине, БҒМ бұған өзін кінәлі санамайды. Себебі саланың екі тізгін, бір шылбыры қолында емес көрінеді. Мысалы, 5 мың мек­теп пен колледж мемлекеттің бақы­лауынан тыс қалған. Бұған қалайша жол берілді? «Білім ұйымдары, атап айт­қанда мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың; бастауыш, не­гізгі орта және жалпы орта білім беру­дің; техникалық және кәсіп­тік, орта білімнен кейінгі білім берудің; жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру­дің оқу бағдарламаларын іске асыратын ұйымдар қызметтерінің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының та­лаптарына сәйкес келмейтінін анық­тау құралдары бізде жоқ. Бұған себеп: 2018 жылдан күні бүгінге дейін мемлекеттік аттестаттау инс­титуты жұмыс істемейді. Ол екі жыл бұрын Кәсіпкерлік кодекс талабына сәйкес жойылды», – дейді білім ведомствосы. Сондықтан меморган «Кейбір заңнамалық актілерге білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу ту­ралы» жаңа заңының жобасы аясында білім беру ұйымдарына қатысты қайтадан мемлекеттік аттестаттауды енгізуге күш салуда. БҒМ дерегінше, Қазақстанда жалпы саны 18 мың 926 білім беру ұйымы бар. Оның 10 мың 716-сы – мектепке дейінгі білім беру ұйым­дары, яғни балабақшалар мен мини-орталықтар. 7 мың 411-і – мемлекеттік және жекеменшік мек­тептер. Қалған 799-ы – тех­никалық және кәсіптік білім беру ұйымдары, яғни колледждер. «Бұған дейін жыл сайын ша­мамен 2 000 ұйым (20%-дайы) мемлекеттік аттестаттау рәсімінен өтіп тұратын еді. Мәселен, 2012 жылдан 2017 жылдың бірінші жартысы аралығында мемлекеттік аттестаттауға 9 мың 361 ұйым тар­тылды. Соның ішінде 2 436 бала­бақша, 6 311 мектеп және 614 колледж бар. Содан кейін мематтестаттау жойылды. Осы­лайша, 5 мыңға жуық білім беру ұйымы мембақылаудан тыс қалды. Мемлекет тарапынан бақылаудың болмауы елдегі білім жүйесінің даму көрсеткіштеріне теріс әсер етуде. Нақтылай кетсек, білім беру қызметтерін ұсыну сапасы төмендеуде», – деді БҒМ. Мектептердің инфра­құры­лымының нашарлауы да «бақы­лаудың жоқтығынан».  

Білімнің бағы бақылауда ма?

Ведомство реформа аясында өз алдына 3 міндет қойып отыр. Біріншіден, әсіресе, жеке қо­лын­дағы мектептер мен коллед­ждерді рұқсат беру рәсімімен және мемлекеттік аттестаттаумен толық қамтуды ұсынады. Екіншіден, білім ордалары қызметтерінің мемлекеттік стандарт талаптарына қаншалықты сәйкес екенін анықтап, тек сынақтан өткенінің ғана білім беру лицензиясын ұзартуға ниетті. Үшіншіден, егер Парламент заң­ды қабылдаса, барлық мек­тептер мен колледждерге ми­нистр­ліктің өзі әдістемелік реко­­­мен­дация беріп отырады. Әйтпесе, олардың әрқайсысы төл әдістемесін өзі жазады не Ресейден, Батыс елде­рінен сатып алып, бейімдей салады. Қазіргі уақытта білім беру жүйе­сіндегі мемлекеттік бақылау тек тексерумен шектелген және ұдайы, үздіксіз сипаттан ада. Мысалы, БҒМ балалардың өмірі мен денсаулығына қауіп-қатер төнбеуі, мемлекеттің және заңды не жеке тұлғалардың мүд­десі аяққа тапталмауы үшін «профи­лактикалық тексерумен» бас сұға алады. Ал әлдебір мектепте қоғамдық пікірді дүрліктірген оқиға болса, азаматтар мен компаниялардан шағым түссе, ревизорлар «жос­пардан тыс тексеруге» аттанады. Алайда олардың қолы қысқа, пәрмені шектеулі, ісі өнімсіз: 2019 жылы аумақтық білім депар­таменттері небәрі 35 колледж бен 622 мектепке профилактикалық тексеру жасады. Қорытындысында бірде-бір қылмыстық не әкімшілік іс қозғалмаған. Бұл – осы сала періштедей пәк, шықтай таза деген сөз емес. Былтыр жұртшылықтың шағымы және прокуратура ұйғарымы бойынша 325 жоспардан тыс тексеріс ұйым­дастырылды. Нәтижесінде, 247 әкімшілік іс қозғалды. 233 нысанға 4 242 АЕК (10 млн 711 мың теңге) айыппұл салынды. 17 жеке мектептің лицензиясы уақытша тоқтатылған. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің мәлі­метінше, білім сапасын арттыру үшін 3 қалада пилоттық режимде жан басына қарай қаржыландыру енгізілді. Тиісінше, қандай мектеп жақсы білім берсе, өз баласын соған беруге ұмтылатын ата-ана­лар көбейеді. Бюджет қаржысы мектепке оқушыға «ілесіп» барады. «Соның арқасында жекеменшік мектептердің үлесі артып келеді. Тек 1 жыл ішінде жекеменшік мектептердің үлесі 75 пайызға артты. Өткен жылы 70 жекеменшік мектеп іске қосылды. Үш ауысым­ды мектептер мәселесі де көтеріліп жүр. Алдымызда тұрған басты мақсат – тіпті екі ауысым емес, бір ауысымды мектептерге көшу! Онсыз білім берудің сапасын жақ­сарту мүмкін емес. Бизнеспен бірге осы тәсілдерді әрі қарай өрістету үшін жұмыс атқарамыз», – дейді А.Аймағамбетов. Алдағы оқу жылында жаңар­тылған білім беру бағдарламасына көшу науқаны толығымен аяқ­талады. Бұдан былай БҒМ «тек білім сапасын арттыру мәселелерімен айналысатын» болады. Мысалы, бағдарламалар мен оқулықтар сапасын арттыру, бағалау жүйесін жетілдіру бағытында жұмыс бас­талып кетіпті. Тоқтамай тізе берсе, мектептің проблемалары томдарға азық. «Бір-екі жыл отырып, тайып тұратын министрлер әр салада нәтижесіз реформа бастай бергенше, ескісінен сабақ алып, ілкімдісін ілгерілетсе», – дейді халық.  

АйханАйхан ШӘРІП