Кедейліктің «төртінші» кеселі
Кедейліктің «төртінші» кеселі
235
оқылды
Алайда қазіргі зерттеулер бойынша адамның тұрмыс деңгейіне оның тұрғылықты жері тікелей әсер ететіні дәлелденген. Өйткені әр мемлекетте дамыған, дамушы және дамымай қалған өңірлер бар. Бұл бір өңірдің халқы еңбекқор, екінші бір өңірдің халқы жалқау дегенді білдірмесе керек. Қай өңірде кедейлер көп екені белгілі болды. Статистика комитетінің дерегіне сүйенсек, Қазақстанда тұрмысы нашар халық үлесі 2020 жылдың I тоқсанында 4 пайызды құраған. Кедейлік деңгейінің ең жоғары көр­сеткіші Түркістан (9,8 пайыз), Маңғыстау (5,8 пайыз) және Жамбыл (5,2 пайыз) облыстарында байқалған, ал ең төмені Нұр-Сұлтан қаласында (1,1 пайыз) тіркелген. Аймақтар арасындағы мұндай айырмашылық неге байланысты? Белгілі бір облыстык экономикалық си­паты, еңбек нарығының ерекшелігі, жұ­мыс орындарының саны, әлеуметтік кө­мектің көлемі сондағы халықтың тұрмысын айқын­дайды. Әр аймақта тұратын халықтың өмір сүру дәрежесін аз да болса теңестіру үшін мемлекет кірістерді қайта бөлу тетік­терін қолданады. Қарапайым тілмен түсін­дірсек, ел билігі қар­жыны бай өңірден алып, кедей аймаққа береді. Ақшаны бұлай қайта бөлуді «Мемлекеттік бюджетті те­ңестіру» деп атайды. Бұл механизм Қазақ­стан Республикасының Бюджет кодек­сінде нақты жазылған. Қазақстанның донорлық аймақтарына Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары мен Атырау, Маңғыстау облыстары кіреді. Бұл түсінікті. Себебі Атырау мен Маңғыстаудың қазба бай­лығы мол. Алматының экономикасы тұ­рақты, оның ішінде шағын шәне орта кә­сіп­керлік, өндіріс пен сауда қызметі өр­кен жайған. Елор­дада ұлттық компания­лардың бас кеңселері орналасқан. Қаржы министрлігінің сайтында жарияланған мәліметке сәйкес, былтыр Алматы қаласы республика бюджетіне 115,3 миллиард теңге құйған. Атырау облысы биыл ел қа­зынасына 207,3 млрд теңге бермек. Ал өзгелерден дотация алатын аймақтар рейтингінде Түркістан облысы «көш бас­тайды». 2019 жылы республикалық бюд­жет­тен оңтүстік өңірге бөлінген субвенция­лар 402 млрд теңгеден асқан (мақсатты трансферттерді қоспағанда). Дотация­лан­ған аймақтар тізімінде өндірісі дамыған Шығыс Қазақстанға екінші орын тиесілі. Мұнда былтыр 163,9 миллиард теңге бө­лінген. Аутсайдарлер үштігін Жамбыл облысы түйіндейді. 2019 жылы бұл өңірге 161,9 млрд теңге жіберіліпті. Әрине, өңір мен өңір, қала мен ауыл ара­сындағы күнкөріс айырмашылығын тү­бегейлі жою қиын. Мысалы, Қызылорда об­лысындағы шағын аудан мен Алматының табысын бірдей жасау мүмкін емес. Бірақ қо­ғамдағы әлсіз топ­тарға жәрдемақы үлес­тіру, жұмыспен қамту бағ­дарламаларын жү­зеге асыру сияқты шаралардың көмегі көп. Оңтүстік жұртын солтүстікке көшіру жо­­басы да осы теңсіздікті азайтуға бағытталған. Экономика ғылымдарының докторы, про­фессор Атамұрат Шәменовтің пікірін­ше, мә­селені шешетін бірден-бір төте жол – шикізатқа тәуелділіктен құтылып, адами капиталды же­тілдіру, ғылыми-зерттеу жұмыстары арқылы жаңа технологиялар құру, тауарлар өндіру. Бұл – экономикалық өсім үшін сарқылмайтын ресурс. Өңір­лердің өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейін арттырамыз десек, маңызды шешімдер қа­былдауға жергілікті тұрғындар мен биз­нес-орта өкілдерін тартқан дұрыс. Бұл түйт­кілді мәселелерге неғұрлым нақты көз­қарас қалып­тастырып, кәсіпкерлікпен айналысуға қолайлы жағдай жасамақ. Сон­дай-ақ республикалық маңызы бар қала­лардан бастап, облыстық маңызы бар қа­лалар мен аудандарға өңірлік пробле­ма­лардың ең тиімді шешімдерін ұсына алатын әкімдерді сайлау жүйесін енгізу қажет. – Менің таңғалғаным – кедейі көп өңір­лер тізіміне Маңғыстау сияқты мұ­найлы облыстың кіргені. Мамандар бұл индексацияны жасағанда қандай фактор­ларды ескерді? Маңғыстау сондай болғанда неге Атырау ондай емес? – дейді Атамұрат Шәменов. Әлеуметтанушы Серік Бейсембаевтың бұған жауабы дайын екен. – Маңғыстау облысында миграция жо­ғары, ол өңірге Түркіменстан мен Өзбек­станнан, Қа­зақстанның өзге облыстарынан көшіп ба­ратын жұрттың қарасы қалың. Мигранттар Ақтау маңындағы Мұнайлы ауданында тығыз шоғырланған. Олар – арзанқол жер үйлерді па­налайтын, тұрақты жұмыс істемейтін, ресми табысы жоқ, ілдебайлап күнелткен қазақтар. Маңғыстау облысында кедейлік үлесінің жо­ғары болуы содан, – дейді сарапшы. Жалпы, Қазақстанда кедейлер үлесі туралы статистика жылдар бойы өзгермей келеді. Ай сайынғы табысы күнкөріс ми­нимумынан (биыл 31 183 теңге) аз адамдар үлесі ылғи 4 па­йыз­дың төңірегі деп көр­сетіледі. Бірақ ха­лы­қ­аралық ұйымдар бас­қаша пайымдайды. Дү­ниежүзілік банктің есебінше, қазір Қазақ­станда халқының 8,6 пайызы адам кедейлік шегінде өмір сүреді. «Қазақстан экономи­ка­сында қандай да бір теріс өзгеріс болса, елде кедейлер саны артуы ықтимал», – дейді ДБ мамандары. Айтпақшы, АӘК алатын жандарды да жар­лы-жақыбайлар қатарына жатқызсақ, ха­лықтың 22 пайызы кедей деген қоры­тынды шығарар едік. Сондай-ақ кедейлік деңгейін анық­та­ғанда азық-түлік себетін ғана емес, адамның білім алу, денсаулық сақтау қызметі мен демалуға кететін қаржысын да ескеру ке­рек. Тамақтан бөлек қарапайым қажетті­лік­терге қолы жет­пейтін адам қаншама?! Яғни, осы азаматтарды да кедейлер сана­тына қоссақ, Қазақстанда олардың саны екі миллионнан асып жығылады.  

Айдар ДӘУІТҰЛЫ