Осылай сабақтасып, отбасындағы тұңғыш перзенттің де өзіне тән міндеттері бар. Сол сияқты үлкен отбасы деп мемлекетті алатын болсақ, оның да басқару құрылымына қарай ел игілігі үшін атқаруы тиіс міндеттері бар. Осы жауапкершіліктерді, яғни халық аманатын арқалаған жандардың ішінде мемлекеттік қызметшілерді қарастыруымызға болады. Олар осы қызметті таңдағанда арнайы ант қабылдап, мемлекеттің жарқын болашағы үшін қызмет етуге уәде береді. Сол үшін әрбір аймақта тұрғындардың сеніміне селкеу түсірмеу, қоғамдағы жағдайды халыққа шынайы жеткізе білу, қызметті көрсетуде этикаға сай жұмыс істеу – әр мемлекеттік қызметкердің басты міндеті болып саналады.
Мемлекеттік қызметші – ол ең алдымен халықтың мұң-мұқтажына асқан зейінмен қарап, әр сауалға байыптылықпен үн қатып, өзінен гөрі өзгенің, яғни халық мүддесін жоғары қоюы тиіс. Бұл осы салаға бет бұрған жанға абырой және үлкен жауапкершілік жүктейді.
Адам баласына кішкентайында ата-анасы, жақындары мен достары қандай тәрбие жолында жүріп, әр қадамын аңдап басуды өсиет етіп отырған болса, мемлекеттік қызметші де осы даналық сөзден аттамауы тиіс. Мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастыратын да – қызметкерлер. Бұл ретте аталмыш бағытты таңдаған біздің міндетіміз – халыққа қалтқысыз қызмет етіп, тынбай жұмыс жасау. Мен өз әріптестеріме әрдайым айтып, еске салып отырамын: «Мемлекеттің қаржысы деген жоқ, барлығы – халықтың ақшасы» деп. Қаншама жобалар жүзеге асып, пайдалануға беріліп жатса – оның барлығы қарапайым тұрғындардың игілігі үшін жасалып жатыр деп қабылдауымыз керек. Осы тұрғыда, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың пәрменімен құрылғанына небәрі екі жыл болған Түркістан облысының орталығы Түркістан қаласының өсіп-өркендеуі әрбір сала қызметкерлеріне және руханиятымыздың түп тамыры деп қарайтын әрбір азамат үшін үлкен жауапкершілік. Соның ішінде ғұмырын халыққа қызмет етуге арнаған мемлекеттік қызметшілердің өзіне тән міндеті бар. Сол мақсатта Түркістанды түлету жолында осындағы әрбір мемлекеттік қызметкер аянбай еңбек етіп жатқанын айта кетуіміз қажет. Әрине, бұл ретте белгілі бір жүйе, бағыт қажет. Ол әлгінде атап өткеніміздей Елбасы салған сара жолды жалғаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы бүгінде шаһарымыздың түрленуіне ерекше екпін беріп отыр. Осы бағытта өңірімізде облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы бастаған рухани шаһарды дамытудың төрт идеологиялық бағыты аясында жұмыстар жүргізілуде. Олар: Түркістанды түркі әлемінің ең ірі зиярат және туризм орталығына айналдыру, Түркістанды әлемдік деңгейдегі қолөнер және шеберлер орталығына айналдыру, Түркістан – Ұлы Жібек жолының бойындағы ірі сауда орталығы және Қожа Ахмет Ясауи – рухани тұлға. Түркістанның атын асқақтатумен қатар халықтың әлеуетін арттыруды көздейтін келелі жобаны іске асыру мақсатында тер төгіп жүрген мемлекеттік қызметшілердің еңбегін елемеуге шара жоқ. Бұл – шынайы баға.
Рашид АЮПОВ, Түркістан қаласының әкімі