Алматы Disney компаниясының лицензиясымен ресми киноконцерттер өтетін әлемдік астаналар тізіміне енді.
Алғаш рет отандық артистер Disney-дің көпшіліктің сүйікті анимациялық фильмдеріндегі танымал саундтректерді қазақ тілінде шырқады. Данияр Өтеген, Нұрмұхаммед Жақып, Адам, Кентал, Данелия Төлешова, Ерден Жақсыбек, Инди Еділбаева, Жарқынай Шалқар, Балжан Бидаш симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен жанды дауыста көрерменді таңғалдырды.
Қазақстан үшін арнайы жасалған диснейлік киноконцерттің ресми бағдарламасына «Мұз жүрек» («Холодное сердце»), «Аң патшасы – Арыстан» («Король Лев»), «Су перісі» («Русалочка»), «Ару мен құбыжық», («Красавица и чудовище») «Мулан», «Аладдин», «Покахонтас» сияқты барлығы 22 мультфильмнің композициясы енген.
– Бүгін біз Disney-дің ең үздік әндерін алғаш рет қазақ тілінде артистеріміздің орындауында тыңдап отырмыз. Бұл – біздің Астана күні мерекесіне орай балаларға жасаған сыйымыз. Мен ТМД-дағы Walt Disney компаниясына және бүгін біздің арамызға отбасымен бірге келген компания өкілі Игорь Макаровқа рақмет айтамын. Музыка балалардың бойында мейірім мен патриотизмді, адамгершілік қасиеттер мен кішіпейілділікті қалыптастырады, – деді «Болашақ» КҚ Қамқоршылық кеңесінің құрметті мүшесі Бауыржан Байбек.
«Жұлдыздар шеруі» қайырымдылық киноконцертінің аясында 7 миллион теңгеден астам қаржы жиналды. Жиналған қаражат толықтай «Болашақ» корпоративтік қорының әлеуметтік жобаларына жұмсалады. Қазақстандағы инклюзивті білім беруді жетілдіруге жәрдемдесу мақсатында «Болашақтың» бастамасы Nur Otan партиясы тарапынан «Кедергісіз келешек» республикалық жобасының аясында қолдап отыр. «Әр бала мектепке баруы тиіс» жобасының аясында Нұр-Сұлтан, Шымкент, Орал, Ақтау, Атырау, Қызылорда, Павлодар, Петропавл және Алматыда инклюзияны қолдау үшін 20 кабинет ашылды.
Аутизм және басқа да менталдық сырқаты бар 248 бала мектепке баруға мүмкіндік алды. 2019 жылы Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында тағы да 20 кабинет ашу жоспарланған.