Қыркүйекте таза ауызсуға қол жеткізеді
Қыркүйекте таза ауызсуға қол жеткізеді
169
оқылды

Nur Otan партиясы Қостанай облыстық филиалы төрағасы, облыс әкімі Архимед Мұхамбетов Меңдіқара ауданына жұмыс сапарымен барды.

Жиын барысында аудан әкімі Ерлан Теменовтің 2019 жылдың 5 айының қорытындысы және Съезде белгіленген жалпыұлттық «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру барысы туралы баянда­масын тыңдады. Ауданның 5 ай ішінде әлеуметтік-экономикалық көрсет­кіштері едәуір өскен. Жалпы, өңір­де  өнім өндіру  6,3 мил­лиард теңгеге жетті. Өңір бас­шысы сапар барысында ор­талық аудандық аурухана ғимара­тын аралап көрді.

Сонымен қатар соңғы 3 жылда мұнда 100 миллион теңгеден астам сомаға медициналық жабдықтар сатып алынды. Өңірде осы бағдар­ла­ма бойынша туберкулезді ем­дей­тін санаторийге баратын жол­ды орташа жөндеу жоспарланып отыр. Жолдың ұзындығы – 3,6 шақырым. Биыл Меңдіқара ау­данының автомобиль жолда­рына жөндеу жүргізуге бюджеттен 1,1 миллиард теңге бөлінген. 

Сондай-ақ Боровское және Первомайское ауылдарындағы су құбырын қайта жүргізу барысымен танысты. Ауданның 82 пайызын қамтитын 77,5 шақырым құбыр тартылған. 1470 құдық қазылған. Аймақтың әкімі Ерлан Теменовке ауылдарды сапалы ауызсумен 1 қыркүйекке дейін уақытында қамтуды тапсырды. 

Облыс басшысы ауызсу мәсе­лесімен қатар қоқыс полигондарын санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес келтіру мәсе­лесіне қатысты бірқатар міндеттер жүктеді.