Сенат үздік журналистерді марапаттады
Сенат үздік журналистерді марапаттады
Оған республикалық және өңірлік телеарналардың, мерзімді басылымдардың тілшілері, блогерлер мен телеграм арналардың автор­лары қатысқан болатын. Сенат Төрағасы Мәулен Әшім­баев қатысушылар мен жеңімпаздарға Палатаның заң шығару қызметін дәріптегені және еліміздің күн тәртібіндегі мәселелерді ақпараттық тұрғыда ілгерілетудегі ерен еңбектері үшін алғыс білдірді. «Былтыр Мемлекет бас­шы­сының бастамасымен елімізде журналистердің кәсіби мереке­сі – Бұқаралық ақпарат құ­рал­дары қызметкерлері күні ресми түрде бекітілді. Бұл қадам – түрлі оқиғалар мен елімізде қолға алынған реформалар туралы халыққа шынайы және жедел хабар тарататын мамандарға деген құрметтің белгісі. Қазіргі күрделі уақытта журналистер дәрігерлермен, құқық қорғау ор­гандарының қызметкерлерімен және еріктілермен бірге корона­вирус індетімен күресте алдыңғы шепте жүр. Олар қауіп-қатерге қарамастан, азаматтардың дә­лелді әрі дәйекті ақпарат алуы үшін аянбай жұмыс істеуде. Отан­дық журналистердің қыз­меті әрдайым жоғары бағаға лайық», – деді Мәулен Әшімбаев. Сондай-ақ Сенат Төрағасы «Аманат» және «Туған ел» бай­қауларына ұсынылған еңбектер­дің кәсіби деңгейде дайындал­ғанын атап өтті. Оның айтуынша, сессия барысындағы заң шығару қызметі, сенаторлардың сауал­дары мен көптеген парламенттік шара мазмұнды телевизиялық сюжеттерге, жан-жақты сарап­тамалық мақалаларға, репор­терлік зерттеулер жасауға арқау болған. Байқауға келіп түскен мате­риалдарды сараптау комиссия­лары мұқият талдап, өз бағасын берді. Комиссия құрамына Сенат депутаттары, белгілі жазушылар мен журналистер енгенін айта кеткен жөн. Конкурс қорытын­дысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерден бөлек, бір­неше арнайы марапаттар да тағайындалды. Сөйтіп, «Аманат» байқауының гран-при жүлдесі Qazaqstan телеарнасының тілшісі Оңғар Тоқановқа, бірінші орын «Информбюро» ақпарат агент­тігінің тілшісі Жадыра Жолмұ­хаметоваға, екінші орын «Казах­станская правда» газетінің тіл­шісі Лаура Түсіпбековаға, үшінші орын Zakon.kz порталының тілшісі Татьяна Ковалеваға бұ­йырды. Ал «Туған ел» байқауы­ның бас жүлдесін Egemen Qazaqstan газетінің тілшісі Азамат Қасым иеленсе, бірінші орынды «Еуразия» бірінші арнасының «Сенат online» тележобасының ұжымы, екінші орынды «Хабар 24» телеарнасы тілшісі Мирлан Алтынбек, үшінші орынды Azattyq Ruhy ақпарат агенттігінің тілшісі Әмірболат Хусаян ие­ленді. Сонымен бірге, байқау комиссиясының шешімімен блогерлерге, танымал жария­ла­нымдардың авторлары мен ерек­ше ақпараттық материалдарға арнайы марапаттар тағайын­далды. Арнайы марапатқа ие болған азаматтар қатарында әріптесіміз Айхан Шәріп те бар. Дегенмен шараны ұйымдасты­рушылар COVID-19 індетінің та­ралу қаупі сейілмеуіне байла­нысты журналистермен дәстүрлі кездесу және лауреаттарды ма­рапаттау рәсімін 2020 жылдың күзіне ауыстыру туралы шешім қабылдады.  

Майра ЖАНЫСБАЙ