Ақиқат сөзде емес, нақты істе...
Ақиқат сөзде емес, нақты істе...
183
оқылды

Алматы қаласында Nur Otan партиясы бейбіт митинг өткізді. «Сарыарқа» саябағына жиналған алматылықтар арандатушыларға қарсы пікірлерін ашық айтып, ойын ортаға салды.

Бейбіт шеруге барлық сала­ның өкілдері қатысты. Олардың ішінде қалалық кәсіпорындардың жұмысшылары, ғылым мен мә­дениет қайраткерлері, белгілі спорт­шылар және ел ертеңіне бейжай қарамайтын белсенді азаматтар бар.

Митингке қатысушылар бар­лық қазақстандықтарды ел дамуының негізі болып сана­латын қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға шақырды. Мінберге шығып сөз алғандар өзекті мәсе­лелерді шешудегі Nur Otan пар­тия­сының рөліне тоқталып, бар­лық нәрсеге байыппен қарау керектігін айтты.

Белгілі ақын, «Ана тілі» газе­тінің бас редакторы Жанарбек Әшімжан қазір алаулатып, жа­лау­лататын уақыт емес екенін, еліміздің жаңа тарихи және саяси кезеңі басталғанын айтты.

– Жаңадан сайланған ел Пре­зиденті Қасым-Жомарт Тоқаев кез келген мәселені ашық диа­лог­қа салып, халықпен пікірлесе оты­рып шешуді ұсынып отыр. Сон­дықтан барлық мәселені ақыл­­мен, салқынқандылықпен ше­шіп, елімізді жаңа деңгейге кө­теретін кезге келіп отырмыз, – деді Жанарбек Әшімжан.

Ал белгілі қаламгер Қали Сәрсенбай қазақтың талай тар жол, тайғақ кешуден аман өт­кенін айтып, халықты ынтымақ­қа шақырды.

– Әбіләзов сияқтылардың атын атап, қолдан батыр жасау­дың қажеті жоқ. Батыр, өжет, еліне қызмет ететін адам болса, отқа түссе де, суға түссе де елдің ортасында жүретін еді. Сыртта отырып арандату кез келгеннің қолынан келеді. Сондықтан мұндай әрекетке мүлдем мән бермеуіміз керек, – деді Қали Сәрсенбай.

Өз кезегінде Алматы қоғам­дық кеңесінің мүшесі, «Алматы көпір құрылысы зауыты» ЖШС басшысы Ахметжан Шардинов арандатушыларға жол бермей­тінін айтты.

– Біз жұдырықтай жұмылып алаяқтардың, ұрылар мен аран­датушылардың бүлікке бастап, елімізде бейберекетсіздік туғы­зып, шектен шығуына жол бер­мейміз. Мен барлық қазақстан­дықтарды арандатушылардың ай­тағына ермеуге шақырамын, – деді ол.

Бейбіт шеруге арнайы келіп, көпбалалы аналардың атынан сөз сөйлеген 8 баланың анасы, «Қазақстан балалары» қайырым­дылық қорының президенті Гауһар Танашева елдегі аналар бірлік пен ынтымақты қолдай­тын­дарын жеткізді.

– Көпбалалы аналардың кейбір мәселесін өзінің теріс мақ­сатына пайдаланғысы келе­тін Әбіләзов сияқты ұрылар бар. Олар аналар мен балаларды соғысқа жіберіп отыр. Біз оған жол бермеуіміз керек, – дейді Гауһар Танашева.

Алматылық «Еріктілер ли­гасының» жетекшісі Айсұлу Ерниязова қазақ жастарын арзан атақ үшін елдің тыныштығын саудаға салмай, жұдырықтай жұмылуға шақырды.

– «Оянғандар» қайда қазір? «Хайп» жасадың, дейік. Ары қа­рай не болады? Сол жалған мақ­танға құмартқандар Алматының кафелерінде отырған кезде, біздің еріктілер Арыста 2 тәулік ішінде 150 тонна цемент түсіріп, қаланы қалпына келтіру жұмыс­тарына атсалысты. Сондықтан ақиқатты «диван батырлар» емес, нақты істің адамдары айтуы тиіс, – дейді А.Ерниязова.

Бұл бейбіт шеру партияішілік іс-шара емес. Ол барлық қазақ­стандықтарға арналған диалог алаңын құру мақсатындағы нақ­ты әрекет. Сол себепті, аталған митинг – партиялық жұмыстың жаңа форматы, халық партиясы мен Қазақстан азаматтарының арасындағы ашық қарым-қаты­настың бастауы.

Бұл ретте партияның басты мақсаты мен міндеті – адамға қамқорлық, олардың құқы мен бостандығын қорғау, өмір сүру сапасын жақсарта түсу. Сондық­тан партия өкілдері барлық бұқаралық алаңдардан қоғамдағы мәселелерді ашық және анық айтып, елдегі саяси күштердің, үкіметтік емес және кәсіподақ ұйымдарының қатысуымен сын­дарлы диалог алаңын құруды көздеп отыр.

– Nur Otan партиясының Алматы қалалық филиалы Арыс­қа бірінші күні-ақ 150 тонна құ­рылыс материалдары мен 30 тон­на гуманитарлық көмек жөнелтті. Халықты бүлікке ша­қы­ру­шылар сол кезде қайда бол­ды? Халық ақымақ емес, кімнің кім екенін жақсы біледі. Өз­деріңіз білесіздер, елімізде пар­тия көп. Бірақ көпшілігі қинал­ғанда бізге келеді. Өйткені, біз – ашықпыз, халыққа жа­қынбыз, – деді Nur Otan пар­тиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орын­басары Станислав Канкуров.

Халықты Әбіләзовтің ай­тағына ермей, ел үшін бекем бірліктің үлгісін көрсетуге ша­қырған кәсіпкер, Qadam PRO ЖШС директоры, партия белсендісі Елнұр Бейсенбаев елдің арасына іріткі салатын­дармен соңғы сәтке дейін күре­сетінін айтты.

– Әбіләзов – нағыз ұры! Он­дай арамзалармен күресу керек. Мен жалғыз өзім қалғанша он­дайлармен күресіп өтуге дайын­мын, – деді Елнұр Бейсенбаев.

Сонымен қатар митинг ке­зінде Қазақстан Қарулы Күш­терінің ардагері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ким Серікбаев, Сидней Олим­пиадасының күміс жүлдегері, атақты балуан Ислам Байра­муков, Алматы қалалық мәсли­ха­тындағы Nur Otan партиясы фракциясының жетекшісі, кәсіпкер Мұрат Әділханов және тағы басқа белсенді азаматтар сөз алып, арандатушыларға қарсы пікірін білдірді.