«NUR SUNQAR» байқауының жеңімпаздары анықталды
«NUR SUNQAR» байқауының жеңімпаздары анықталды
189
оқылды
Бұл туралы «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Facebook-тегі парақшасында жазды. Бауыржан Байбектің айтуынша, «Nur Otan» Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні – кәсіби мерекесінің қарсаңында дәстүрлі түрде «NUR SUNQAR» республикалық конкурсы осымен 11-рет өткізіліп отыр. Бүгінде бұл сыйлық журналистер қауымы арасында беделді де танымал марапатқа айналды. «NUR SUNQAR» – медиа-қоғамдастық қызметкерлерінің елде жүріп жатқан реформаларды қолдау, қоғамдық маңызы бар жобалардың табысты атқарылуы және халықтың кері байланысын қамтамасыз ету бойынша сіңірген еңбегі мен үлесін бағалаудың бір көрінісі. Конкурстық комиссия биыл бірнеше жаңа номинация белгілеп отыр. «Алғы шеп» – Төтенше жағдайды жария ету бойынша қажырлы еңбегі үшін», «Біз біргеміз» – волонтерлік жұмыс туралы үздік жарияланым», «Партияның «қайта жандануы» бойынша үздік материал» номинациялары. Жалпы 135 өтінім және 355 материал берілді.
"Құрметті достар! Пандемияға байланысты қалыптасып отырған қазіргі жағдай біздің салтанатты шараны өткізу жөніндегі жоспарымызды түбегейлі өзгертті. Биыл бізге партиялық сыйлықты салтанатты түрде тапсыру рәсімінен бас тартуға тура келіп отыр. Бұл – амалсыздан жасалып отырған қадам. Бұған барша қатысушылар түсіністік танытады деп сенемін. Партиямыздың Лидері, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әрдайым журналистердің шығармашылығы еліміз бен халқымыздың игілігіне бағытталған ізгі істерге ұйытқы болуын қалады. Сондықтан да конкурстық комиссия ел дамуының өзекті мәселелерін жарыққа шығаруға елеулі үлес қосқан үздік сөз зергерлерін іріктеп алды. Жеңімпаздардың есімдері бейнероликте берілген. Партияның атынан және жеке өз атымнан «NUR SUNQAR - 2020» сыйлығының жеңімпаздарын лайықты марапаттарымен құттықтаймын! Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі – Журналистер күні құтты болсын! Баршаңызға мықты денсаулық, бақ-береке және шығармашылық мол табыс тілеймін!", - деп жазды ол.
«Телевизия үздігі» номинациясы бойынша – үздік телевизиялық журналист атауына "Қазақстан" ұлттық арнасының журналисі Саламат Омаш лайық деп танылды. «Ұшқыр қалам» номинациясында  үздік  журналист "Егемен Қазақстан" газетінің журналисі Айгүл Халықова, «Үнжария» номинациясында радионың үздік журналисі NS радиосының журналисі Ләззат Абдіреева, «QazNet үздігі» – интернет басылымның үздік журналисі zakon.kz порталынан Альберт Ахметов, «Партияның «қайта жандануы» бойынша үздік материал иесі - "Қазақстан-Атырау" телеарнасының журналисі Нұрислам Ғұмар, «Елбасы салған сара жол» – Елбасы қызметін үздік жарыққа шығарғаны үшін "Алтынорда" порталынан Серік Малеев жеңімпаз атанды. «Блогосфера үздігі» – әлеуметтік желідегі үздік жарияланым номинациясы бойынша Айдос Жұқанұлы үздік шықса, «Алғы шеп» – Төтенше жағдайды жария ету бойынша қажырлы еңбегі үшін Ирина Әлімжанованың жазбасы жоғары бағаланды, «Біз біргеміз» – волонтерлік жұмыс туралы үздік жарияланым номинациясында "Хабар" арнасынан Әсел Тұрсынғазина жеңімпаз атанды. Жеңімпаздар «NUR SUNQAR» арнайы мүсіншесімен және 1 миллион теңгемен марапатталды. https://www.facebook.com/baibekbk/videos/279911869908979