Мәдениет және спорт министрлігі «Мемлекеттік тіл және БАҚ-2020» республикалық байқауы жеңімпаздарын марапаттады. Барлық нәрсені жақсы ырымға жоритын халықтың ұрпағымыз ғой, биылғы дәстүрлі доданың қорытындылау салтанаты қасиетті жұмаға сәйкес келгеніне ішіміз жылып қалды. Онлайн-режимінде өткен шараға тікелей қосылуға тілек білдіргендердің саны көп болды. Бәрінен көтеріңкі көңіл күй есіп тұрды.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың: «Мемлекеттің жан-жақты дамуына, елдің бірлігіне бұқаралық ақпарат құралдарының қосар үлесі зор. Біздің ортақ мақсатымыз – бір-бірімізді қолдау, бірге әрекет ету, елдің, экономиканың дамуы, әлеуметтік саланың гүлденуі, өмірдің тыныштығы. Сіздер, журналистер қауымы, алтын көпір болып келесіздер», – деп басталған ақжолтай құттықтауы қолына қалам мен микрофон ұстаған қауымды қанаттандырып жіберді. Әлемге жайылған жағдай үміткерлердің шалқар шабытына тосқауыл бола алмады. Орталықтың Бас директоры Әлібек Асқардың айтуынша, «Биылғы конкурсымызға ешнәрсе көлеңке түсіре алған жоқ, еліміздің түкпір-түкпіріндегі ақпарат кеңістігіндегі «мылтықсыз майданның жауынгерлері» өз бағын сынау үшін шырқау көңілмен, құлшыныспен қатысты. Түскен туындылардың ішінде «осы қалайы» жоқ, қазақ журналистикасындағы тың ізденістердің ізі бар».Еліміздің түкпір-түкпіріндегі 56 журналистің 2019 жылғы 11 маусым мен 2020 жылғы 3 маусым аралығында жарияланған 116 материал талқыға түсті. Аталымдар бойынша жіктесек:
- «Үздік мақала» бойынша қатысушылар саны – 24, материалдар саны – 49;
- «Үздік сайт мақаласы» бойынша қатысушылар саны – 12, материалдар саны – 25;
- «Үздік радиобағдарлама» бойынша қатысушылар саны – 11, материалдар саны – 23;
- «Үздік телебағдарлама» бойынша қатысушылар саны – 9, материалдар саны – 19.