Қазақ жалқау емес!
Қазақ жалқау емес!
281
оқылды
Ауылға бардым. Жап-жас жігіттер екі қолға бір күрек таба алмай босып жүр. Кейбірі нәпақа табамын деген оймен жан-жаққа вахтамен жұмыс­қа кеткен. Бірі – ай, енді бірі жиырма не он күн сыртта болып тапқан қаржысын үйіне тасиды. Оған келесі вахтаға кеткенге дейінгі азық-түлік алады.

Ауылда отырып-ақ, өз кәсібін дөңгелетіп отыр­ғандар да бар. Бірақ некен-саяқ. Құрдастар қалаға жұмыс іздеп шұбырып кет­кенде ауылда қалған Дәлел атты кластасымыз бүгінгі күні жерден өз нәсібін көріп отыр. Былтыр, көлге жақын жерге картоп еккен болатын. «Жақ­сы болды. Өнім ауыз толты­рып айтарлықтай шықты. Дүкендерге килолап сатып көрдім, бірақ артынан қалаға апарып тонналап, арзан болса да, делдалдарға өткіздім. Тап­қан ақшам керек нәрсе­лерді алуға да, кейін малға қысқа шөп-жемге де жетті. Биыл тағы да салдым. Тұқымды сатып алған жоқпын. Былтыр­ғы өнімнен бір-екі тонна картопты тұқымдыққа алып қалғанмын. Сол сеп болды. Тек жанармайға ғана ақшам кетті», – дейді ол.

Дәлел сияқты жігіттер әр ауылда бар. Аягүл Мантай фейс­бук парақшасында Жамал­бек атай туралы жазған екен «...Бала кезімізде Жамал­бек ата бас болып, балалары лайдан кірпіш құйып, сата­тын. Біздің ауылдың біраз үйі Жамалбек атаның бала­лары құйған кірпішпен салынған. Жұмыс жоқ кезде жұмыс тауып, ақша табатын. Бір жылы Жамалбек атаның үйінде трактор пайда болды. Жоқ, сатып алмады. Біреулер жарамсыз деп тастаған трак­тордың темірлерінен трактор құрастырып алды. Ол кезде қазіргідей ауыл-ауылды аралап, ешкім темір сатып алмайтын. Темір ауылда əәр жерде шашылып жататын. Сол трактормен балалары жұрттың жерін жыртып, ақша тапты. Бақшасына қияр егіп, кейде сарымсақ егіп, базарға апарып, саудагерлерге өткізіп, жақсы пайда табатын. Жұрт жатса да, Жамалбек атам жатпайтын. Жұрт жатса да, Жамалбек атамның балалары жатпайтын. Әлима апам ба­ғын­дағы алма, өрік, жүзім, шие т.б. жемістерден тосап жабатын. Жегенінен артылған жемісті балалары базарға апа­рып сатып келетін. Қыза­нақ­ты көп егетін. Қызанақтан қыс­қа салаттың түр-түрін жасайтын.

Жазда қашан көрсем, Әлима апам банкі жауып жататын. Қателеспесем, екі жүзден көп банкі жабады-ау деймін. (Өзі бірде қанша жа­ба­тынын айтып еді, ұмытып­пын). Апам жиі бәліш пісі­ретін. Жасы жетпіске жақын­даса да,əәлі күнге дейін бәлішті жиі пісіреді. Айтайын деге­нім, сол бір қиын дағда­рыс кезде Жамалбек атамның үйі тарықпай, жақсы өмір сүрді. Қазір де үйіне бара қалсам, жетпістен асқан Жамалбек ата тымпыңдап бірдеңе істеп жата­­ды. Кеше барсам, бақша­да жүр. Былтыр бақшаға жүгері еккен. Биыл жоңышқа егіп тастады. Өткенде ғана «жоңышқаның бірінші оры­мын орғызып, жинап таста­дым» деп еді. Жоңышқа­сы жайқалып тұр».

Бұл кісі де ешкімге жау­таң­дамай өз күнін өзі көріп жүр. Адал, ақ еңбекпен.

Мемлекет бағдарламалар түзді. Ауылда жұмыс болсын деп. Биыл «Ауыл шаруашылы­ғын қаржылай қолдау қоры» АҚ 60 млрд теңгеге жуық несие беруді жоспарлап отыр. Оның ішінде Нәтижелі жұ­мыс­пен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдар­ла­масына 27,5 млрд теңге қарастырылған. Атап өтсек, «Нәтижелі жұмыспен қамту­ды және жаппай кәсіпкер­лікті дамытудың» мемле­кет­тік бағдарламасы аясында «Игі­лік», «Ынтымақ», «Кәсіп­кер», «Бірлік» және «Егінжай» несие өнімдері, Агроөнеркәсіп кешенін дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында – «Ырыс» және «Сыбаға» не­сие­лік бағдарламалары қар­жы­ландырылады. «Қазіргі уа­қытта қордың облыс орта­лық­тарындағы, сондай-ақ Нұр-Сұлтан, Алматы, Семей қалаларында жұмыс істейтін барлық филиалдарда «Нәти­желі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында өтінім­дер қабылдап, несие беріп жатыр. Бағдарлама бойынша несиелер түрлі мақсаттарға жылдық 6 проценттік сыйақы мөлшерлемесі бойынша бері­леді, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 6,7 проценттен аспайды. Қор өзінің несиелік өнімдерінің көмегімен ауыл тұрғындары мен ауыл шаруа­шы­лығы тауарларын өндіру­ші­лердің жобаларын түрлі мақсатты бағыттар бойынша қаржыландырады. Мысалы, «Игілік» бағдарламасы бо­йын­ша ірі қара мал, ұсақ мал, жылқы, түйе, құстар, бал ара­ларын сатып алу қарасты­рылған болса, «Бірлік» бағ­дар­ламасы бойынша сүт қа­был­дау пункттеріне арналған жабдықтар сатып алынады. «Кәсіпкер» ауылдағы барлық бизнес түрлерін дамытуға бағытталған», – дейді «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ басқарма төрағасы Жандар Омаров.

Міне, ауылдағы ағайынға керек көмек. Тек арланбай, аянбай жұмыс істе. Адал ас ішу­ге ұмтыл. Жоқ, жоқ деп даурықпа. Қазақ жалқау емес. Оған Дәлел, Жамалбек сияқ­ты ауылдағы ағайын дәлел. Осындай адамдарды көбірек насихаттап, дәріптеуіміз керек-ақ.