Көлгінов: Қауіпсіздігіміз үшін таңдау жасайтын сәт келді
Көлгінов: Қауіпсіздігіміз үшін таңдау жасайтын сәт келді
© сурет интернеттен алынды
114
оқылды
Елорда әкімі Алтай Көлгінов індеттен сақтану шараларын сараптап, тұрғындарды қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырды. "Қадірменді қала тұрғындары! Медицина қызметкерлері соңғы төрт ай бойы коронавирус инфекциясымен күресте алдыңғы шепте келеді. Барлық мүмкіндіктерін пайдаланып қызмет етіп жатқан дәрігерлеріміздің тіпті отбасымен қауышу мүмкіндігі болмай жүр. Күн-түн демей еңбек етіп жатқан олар – сөзсіз батыр, бірақ түсінейік, олар да адам. Жаны да, тәні де шаршайды. Бастапқыда дәрігерлердің осы күресте қалуына да, кетуіне де мүмкіндік болды. Бірақ олар қалуды ұйғарды. Сондықтан, біздің оларға осындай қиын сәтте көмегіміз бен құрметіміз – үйден шықпай, тәртіпке бағынуымыз болуы керек. Дәрігерлерге көмектесу үшін баршаңызды бір ғана дұрыс таңдау жасауға шақырамыз. Себебі медицина қызметкерлеріне дәл қазір біздің көмегіміз ауадай қажет. Түсініңіздер, дәл қазіргі сәтте олардың арқасына артылған ауыр жүкті ештеңемен салыстыруға келмейді. Бүгінде бірнеше бас дәрігер, жансақтау бөлімінің меңгерушісі және алғашқы күннен бері күресте жүрген тағы басқа медицина қызметкерлерінің өздері ауырып қалды. Олар осы осы уақыт аралығында бір ғана адамның өмірін сақтап қалған жоқ. Жазылып шыққан мыңдаған адамның отбасыларына да шаттық сыйлаған еді. (Инфекция жұқтырған азаматтардың 73%-і, яғни, 2642 пациент емделіп шықты), - деп жазды Көлгінов. Пандемия басталған тұста бізде 1 ғана стационар болса, қазір олардың саны 12ге жетті. Лаборатория да біреу ғана еді, қазір 8-і жұмыс істеп тұр. Бас кезінде 300 адамға дейін сынама тапсыра алса, қазір күніне 5,5 мың адамға ПЦР тест жасалады. Қазіргі жағдайға қарасақ, бұның өзі жеткіліксіз. Инфекция жұқтырғандардың саны көбейе беретін болса, біз амалсыздан ірі спорт нысандарын стационар етіп әзірлейміз. Науқастарға орын табылар, бірақ, оларды кім емдейді? Мемлекет жүздеген, мыңдаған төсек орынмен де, медицина құрылғыларымен де қамтамасыз ете алады. Бірақ оның бәріне оқыған маман, дәрігерлерді қайдан табамыз? Иә, біз қалаға дезинфекция жасауға, бақылау бекеттеріне жұмыс істеуге еріктілер мен әскерилерді тарттық. Бірақ адам жанын сақтап қалу үшін еріктілердің ерік-жігері жеткіліксіз. Оған арнайы медицина білімін алған маман қажет. Аяқ асты немесе асығып дәрігер дайындап шығу тағы мүмкін емес. Дәрігерлерге қолғабыс, өздеріне тәжірибе болсын деп медициналық университеттер мен колледждерден студенттерді тартып жатырмыз. Бірақ, адам өміріне араша түсе алатындай толыққанды маман болу үшін жылдар бойғы оқу мен тәжірибелі еңбек қажет екенін сіз де, біз де жақсы түсініп отырмыз, - деді ол. Қалада 3,5 мың дәрігер мен 8 мың медицина қызметкері бар. Ал халық саны – 1 млн 200 мың. Жедел жәрдем станциясының жұмысынан мысал ретінде айтар болсақ, шақыртулар 1 мыңнан 4 мыңға дейін көбейген. Осы аптада 4 300 қоңырау түсті. Жедел жәрдем станциясының базасында құрылған колл-орталық сол ауыртпалықтың бір бөлігін көтеріп келеді. Сонымен қатар телеграм-бот ашып, тұрғындардың жедел көмек шақыруына жағдай жасалды. Жедел-жәрдем бригадаларының санын 150-ге дейін көбейттік. Қазір қаладағы барлық аурухана мен емхана коронавируспен күреске жұмылдырылған. Бірінші қалалық аурухананы толықтай стационарға айналдырдық. Нәтижесінде қосымша 600 орын ашылды. Соңғы 10 күннің ішінде ғана науқастарға арналған орын 1 300-ден 3 100-ге-ге, яғни үш есеге көбейді. Әрбір бекітілген емхана бойынша компьютер томографиясын түсіру жөнінде бірнеше республикалық клиникамен келісім жасадық. Компьютер томографиясын жасау пневмонияны бастапқы кезеңінде анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар қосымша КТ және ИВЛ аппараттарын сатып алып жатырмыз, - деді әкім. Телемедицина тәжірибесін пайдаланып жатырмыз. Симптомсыз тасымалдаушыларды емдеу үшін медицина қызметкерлері осы арқылы науқастың жағдайын бақылауда ұстап отыр. Симптом болған жағдайда ауруханаға жатқызылады. Арнайы оқытылған қызметкерлерден тұратын ситуацициялық орталық жұмысын бастады. Олар белгілі бір мекемеде науқастардың топталуына жол бермей, коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастарды бөліп отырады. Бұл барлық стационардың жұмысын үйлестіруге септігін тигізіп жатыр. Тиісті ақпараттар мен консультациялар алуға қолайлы COVID-19 сайты жасалды. Дүйсенбі күні іске қосылады. Енді бекітілген ережелерге жауапсыздықпен қарап осы үйлесімді жұмыстың бәрін жоққа шығаруға болмайды. Қауіпсіздік шараларын сақтамағандықтан медицина қызметкерлеріне өте ауыр салмақ түсіріп жатырмыз. "Қауіп қайдан болса қатер содан" дейді. Қазіргі уақытта қауіптің де, қатердің де қайдан екенін жақсы білесіздер. Сақтықта қорлық жоқ. Өзіміз бен жақындарымыздың өміріне және өзгелердің адал еңбегіне құрмет танытып, қауіпсіздік шараларын қатаң сақтайық!", - деп жазды Алтай Көлгінов.