Жиналыс
Жиналыс
231
оқылды
Ал енді жүз жылдық жиналысты құлағыңыз шалды ма? Басыңызды шайқайсыз, ә? Аузыңызды ашып, көзіңізді жұмып несіне таң қаласыз? «Жүз жылдық жиналысты естісем құ­лағым керең болсын!» дейсіз бе? Сенбейсіз, ә? Құлағыңыз тас керең боп бітеліп қалса да жүз жылдық жиналыстың жалғасып келе жат­қаны имандай шындық. Күн тәр­тібінде – күрмеуі көп күрделі нәр­сеге айналған бір-ақ мәселе: Ана тілімізді ардақтайық. Соғыс­тан да жаман сол баяғы бір әуен. Айтыс. Тартыс. Қырқыс. Абай хә­кім айтқандай «Баяғы жартас – бір жартас». Ана тілінің көңіне көк шы­ғарамыз деп небір дүлділдер мен бұлбұлдарымыздың сайраға­нын білеміз. «Хайуан ғана ана тілін білмейді, ана тілін білмейтін адам хайуанмен бірдей» деді Паустов­ский. Қатты айтты деп қамыққан қазақ шамалы. «Қазіргі қазақтар ана тілін білмейді. Шіркін білсе еді ғой. Дін де, ғылым да, әулиелік те қазақтың тілінде тұр» деді Мәшһүр Жүсіп. «Өз тілін, өз тарихын білмейтін адам көш бастап жүре алмайды» деді Әлихан Бөкейханов. Құлақ астық па? Керуеніміз кері кетті. «Өз тіліне өгей баладай қараған адам өз ұлтын өлтіріп тынады» деді Гегель. «Ана тілін шекараны қорға­ған­дай қорғау керек» деді Вязем­ский. «Егер тіл мен мәдениетің (салт-дәстүр, әдет-ғұрып) жоғалса шекараны аша сал. Бәрібір неңді қорғайсың. Бұл енді сенің елің емес» деді Нельсон Мандела. «Ана тілін білмейтін адамнан әділдік күтпе» деді Махатма Ганди. «Балаға басқа тілді өз ана тілін толық меңгергеннен кейін ғана үйретуге болады» деді Надежда Крупская. «Бала қай тілде тәрбиеленіп, білім алса, сол ұлтқа қызмет етеді» деді Жүсіпбек Аймауытов. «Бір елдің, ұлттың, халықтың ті­лін, мәдени ғұрпын, жақсы дәс­түрін қорлаған адамды жазалау ке­рек» деді Ленин. «Ана тілін біл­мейтін адам – мәде­ниетті адам санатына қосылмайды» деді Мұх­тар Әуезов. «Ана тілінен айырылған адам өз халқы жасаған мәдени мұраның бәрінен құр ала­қан қа­лады» деді Ғабит Мүсірепов. «Ана тілін білмейтін адам қолы жоқ, шолақ адам тәрізді» деді Ға­биден Мұстафин. «Халық өзінің ана ті­лімен ғана мәңгілік» деді Шың­ғыс Айтматов. «Ана тілін білмеген ақы­лы жоқ желік бас. Ана тілін сүй­меген елін сүйіп жарыт­пас» деді қырғыз ақыны Сарноғаев. «Егер ертең менің тілім өлетін болса, мен бүгін-ақ өлуге дайын­мын» деді Расул Ғамзатов. Міржақып Дулатов «Қазақ ті­лі­нің мұңын» шақты. «Мен за­ма­нын­да қандай едім? – деп қамы­ғады қазақ тілі. – Мен ақын, ше­шен, тілмәр бабаларыңның бұл­былдай сайраған тілі едім. Мөлдір судай таза едім. Жарға соққан толқындай екпінді едім. Мен нар­кескендей өткір едім. Енді қан­даймын? Кірлеп барамын, былғанып ба­рамын. Жасыдым. Мұқалдым. Мен не көрмедім. Маған әкеліп араб пен парсыны қосты. Бертін келе шүлдірлетіп ноғайды, был­дырлатып орысты араластырды. Бір күндерде мені мүлде жоқ қыл­ғысы келгендер де болды...» Көрнекті саяси және қоғам қайраткері Нұртас Ондасынов «Қазақ тілі – аса бай тіл, - деді. – Икемді тіл. Қалай исең, солай иіле береді. Орамын, бұрамын тауып, қисынын, орайын келтіріп пайда­лансаң, бұл тілмен сурет салуға да, тас қашап, ағаш, текемет оюға да болады-ау...» «Орыс тілінде қанша жақсы сөйлегеніңмен олар өздерінің бір бомжын сенен артық көреді» деді Бауыржан Момышұлы. Әйтпесе Баукең бола ма? Бүлтектемей ашы­ғын айтты. «Аса бір құдыретті нәрсе бар, – деді Сағат Әшімбаев. – Содан біз айырылған күні жерден де, елден де, тұрмыстан да айы­рыламыз, бәрінен айырыламыз. Ол – тіл. Сондықтан да біз тілді сақтау арқылы жанымызды сақ­таймыз, қанымызды сақтаймыз. Біз қанымызды сақтаған жерде қазақ деген ел ешуақытта өшпей­тін, өлмейтін болады». Шерхан Мұртазаның да талай жиналыста таусылып сөйлегені ел есінде. Ұмытқан жоқ. «Бұрын Го­лощекиннің заманында Елтай Ерназаров деген қазақ болған. Сол кездің Жоғары Кеңесін басқарған. Барлық мәселені Голощекин ше­шеді, ал ол жай ғана отыратын көрінеді. Бірақ басшы деген аты зор. Біздің қазақ тіліміздің де дең­гейі сол. Үкіметтің үйінде қазақ тілі жүрмейді, бәлкім Президенттің кеңсесінде де. Парламент деген аты зор. Бірақ барлығы үкіметтің қолында... Ана бр жолы Парламентте Аманкелді Айталы депутаттыққа сайланатын кандидаттар қазақ ті­лінен емтихан тапсырсын деген ұсыныс тастады. Сол кезде депутат­тардың көпшілігі қарсы дауыс берді. Біздің мемлекеттік тілдің деңгейін осы картинадан байқауға болда. Бұл қазақ тілі мемлекеттік тіл бола тұра Үкі­мет­тен бастап барлық кеңседе екінші дәрежеде тұр деген сөз. Бәлкім мүлдем жұмыс жасамайды». Шүкір, қазақ тілінің сірескен сеңі сетіней бастаған сыңайлы. Жақында Парламент мәжілісінің депутаты Бекболат Тлеухан Пар­ламентте отырған қаракөз депутат­тардың өзі сауалдарын орыс тілінде жолдайтындарына қынжылыс білдірді де «Мемлекеттік тіл өгей­дің күйін кеше бере ме?» деп қозғау салды. Әрекет бар. Парламентте есеп берген министрдің орын­ба­сарларына армян ұлтының өкілі депутат Марина Микаелян қазақ тілінде сұрақ қойғанда, ол орын­басарыңыз орысша жауап қа­йыр­ды. Мәжілісті басқарып отырған Нұр­лан нығматуллин «Асхат Елу­бай­ұлы, – деді мойын бұрып. – Қа­зақ тілінде басқа ұлт өкілі сай­рап тұрғанда сіз мемлекеттік тілде жа­­уап бермегеніңіз дұрыс емес шығар». «Тіл жойыларда қос тілділік пайда болады. Екі тілді ерткен екі мәдениет өзара шайқасқа түседі» деді Дэвид Кристал. Жапон тюркологы Накато Юко қазаққа қатыс не деді? Есті­ген­де есіңнен тана жаздайсың. «Та­рихшы ретінде айтатын бол­сам, – деді ол. – Маған қазақтар өзінің ұлттық ерекшелігін, тілін жоғалтып алған халық секілді болып көрінеді. Сіздер – адасқан, жолынан жаңы­лып қалған халық­сыздар менімше. Халықты әдейі не қасақана тарихи жадынан айырып тастаған сияқты. Тіл мәселесін біржола ше­шу үшін – халыққа тарихын оқы­тып, халықты, ұлтты соған ынта­ландыру керек». Бұдан жүз жыл бұрын Ахмет Байтұрсынұлы «Қазіргі жастар бұ­зыла бастады» деп қатты қауіп­тенген екен. Қазақ туралы «қара сөзін» қалдырған Абай хакімнің шәкірті Шәкәрім ата не деген? Көретін көзі жоқ, Ұғатын сөзі жоқ. Қазақтың бұл күнде Аты бар, өзі жоқ. «Біз өзінің мемлекеттік тілін қорлап отырған әлемдегі жалғыз мемлекетпіз. Қазақ тілінің мәселе­сін осы күнге дейін айтудай-ақ айт­тық, жазудай-ақ жаздық. Өкі­нішке орай отыз жылда одан шық­қан ешбір нәтиже жоқ. Керісінше, еліміздегі қазақ тілінің дерті әлемді шарпыған коронавирустан ары асқанып тұр. Қазақ тіліне қырын қарайтын шенеуніктерден қайткен күнде де құтылуымыз керек. Қазақстанның нанын жеп, суын ішіп отырып, өзге шет елдің мемлекеттік тілінде сайрау – барып тұрған сатқындық қой. Қазақ тілі жоғалған күні Қазақстан деген мемлекет те жер бетінен жоғалатынын өзге тілдің жыртысын жыртып жүргендер неге түсінбейді? Біз Ресейдің губерниясы емес­піз, сондықтан орыс тіліне жал­тақтауды қою керек. Консти­ту­циядан 7-баптың 2-тармағын алып тастап, Мемлекеттік тіл туралы арнайы заң қабылдау керек. Ендігі бар үміт – бұған дейін «Қазақ тілі – Ұлтаралық тіл болуы керек» деген Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевта». Бұл – жазушы, драматург, Мемлекеттік сыйлық­тың лауреаты Дулат Исабековтің сөзі. Қоғам қайраткері Әбдіжәліл Бәкір ана тілінің аяқ алысын көп­тен бақылап жүргенін аңғартып, әң­гі­мені әріден қозғады. «Елбасы Нұр­сұл­тан Назарбаев 2006 жылы 11 ма­мыр күні «Ана тілі» газетіне бер­ген сұхбатында «Қазақстанның бо­­лашағы – қазақ тілінде. Тілдер ту­ра­лы Заңды қайта қарап, қажет бол­са, оған замана талабына сай өз­герістер енгізу керек» деген еді. Бірақ бұған Парламент те, Үкімет те былқ еткен жоқ. Арада он төрт жыл өтсе де, мұны қазір ешкім еске алмайды. Сонау 1995 жылғы Конститу­ция­ның 7-бабының 1-тармағын­дағы «Қазақстан Республикасын­дағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» дейміз де, келесі тармақта «Мем­лекеттік ұйымдарда және жергі­лікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деп қайшы­лыққа ұрынамыз. Бұл «Өгіз де өлмесін, арба да сынбасын» деген жалпақшешейлік ұстаным. Ешбір елде мемлекеттік тілге басқа тілді қосақтап жазу үлгісі жоқ». Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» басы­лымына берген сұхбатында арнайы тоқталды. «Ана тілімізді, салт-дәс­түрімізді, ұлттық сана-сезімді, қоғамдық татулық пен келісімді, береке-бірлікті сақтай алмасаң келер ұрпақ бізді кешірмейді. Әсіресе мемлекеттік тілдің мәсе­лесі өте маңызды. Тіл – ұлттың тұғыры, ұрпақтың ғұмыры. Қазақ тілі қазақты әлемге таныта алады. Халықтың тілі – халықтың төл­құ­жаты» деді. Күні кеше «Ана тілі» апталығындағы сұхбатында да қа­зақ тілінің басымдылығына үл­кен мән берді. Көпшілік қауым­ның кө­­кіре­гіне сезім ұялады, сенім ұялады. Ана тілімізді аялау туралы жүз жылдық жиналыстың аяқталуы да жақын қалған сияқты. Мемлекеттік тілдің мерейін өсіру оңай ма? Қаншама қат-қабат жұмыстар атқарылды. Қос акаде­мик Әбдуәлі Қайдари мен Өмірзақ Айтбайұлының бастамасымен «қазақ тілі» қоғамы құрылып «Ана тілі» апталық басылым (Бас сара­шы – Жарылқап Бейсебай) ұлт жанашырының ұясына айналды. Одан бұрын Шона Смаханұлы, Қабдеш Жұмаділов, Марат Бай­ділдәұлы, Мағзұм Сүндетов, Са­йын Мұратбеков, Нұрдәулет Ақыш сияқты ақын жазушылар ана ті­лінің туын алғаш рет желбіретіп, Алматыда қазақ мектептерінің ашылуына ықпал еткен еңбектері ерекше. Қадыр ағаның өлеңін жастар жаттап алып, іліп әкетті. Ана тілің – арың бұл, Ұятың боп тұр бетте. Өзге тілдің бәрін біл, Өз тіліңді құрметте! Ана тілі үшін Мұхтар Шаханов­тың да арқа еті арша, борбай еті борша болды. Сіңірі тартылғанша жүгіріп, сіңірген еңбегі айырықша. Табаны тиген талай жерде шемен­дей қатқан шерін жырмен төкті. Тіл – рухы күре тамыр, тілден үлкен ана жоқ, Тіл шегінсе, ұлт мүлде жоқ, әрі ұлттық сана жоқ. Өз анасын шетке тебу рухсызға бақ па екен, Бұл ғасырлық зұлымдықты қай қу ойлап тапты екен? Алаштың ақжарма ақыны, қаламын қаруға айналдырған қоғам қайраткері Қазыбек Иса «Мемлекеттік тілді білмей мемле­кеттік қызметте істеу – куәлігі жоқ адамға көлік жүргізгенмен бірдей! – деп шыр-пыры шықты. – Соңғы ресми мә­лімет бойынша елімізде 86 пайыз мемлекеттік тілді біледі. Ендеше неге 86 пайыз 14 пайыздың тілінде сөйлеуі тиіс? Конституцияның 7-бабының 2-тармағы ұлтаралық араздыққа негіз болады. Сондықтан Қазақ­станның Атазаңынан Ресей тілін алып тастап, Мемлекеттік тілді міндеттейтін заң қабылдау керек! Осындай талапты қолдап, «Қазақ үні» сайтындағы Ашық хатқа бір айда ғана 120 мыңнан астам қол қойылды. Ұлт мүддесін қорғау Мем­лекеттік тілден басталады». Кешегі кеңес дәуірінде қа­зақ­ша сөйлей алмайтын қазақ ба­ла­лары туралы Қалтай Мұхамед­жа­новтың не деп әзілдегенін білеміз бе? «Біз­дің балаларымыз ағыл­шынның иті секілді. Түсінеді. Бі­рақ сөйлей ал­майды» деді. Қазір ше? Қалпағы­мызды аспанға атып қатты қуануға ертерек. Ана тілі­міз – аяғы тұсаулы арғымақ сияқты. Ана тіліміз – құй­рығымен жыл­житын мешел балаға ұқсай­тын. Енді ептеп жүре баста­ғандай. Заңға қол қойса жүрмек түгілі жүгіріп кететін түрі бар.  

Көпен ӘМІРБЕК