Бақыттан бас айналады!
Бақыттан бас айналады!
249
оқылды
Біздің елде бақытты жандар өте көп! Олар кеңес дәуірінен дірілдеп тұрған ескі үйлерде тұрса да бақытты жандар! Елу елдің қатарына осындай құлағалы, құлайын деп тұрғанда, балалары жылағалы тұрған халықтың еш арманы жоқ қой! Жемқорлар миллиардтап қазынаның қазанын қырнап жеп жатқанда, ескі үйлерде еңіреп өмір сүру дегеніңіз қандай бақыт! – Біз бақыттымыз! – деді балконда тұрған әйелін құшақтаған күйеуі. – Мен сүйемін! – деді әйелі шаттанып. – Мені ғой? – деді күйеуі. – Жоға, ескі үйдегі пәтерімізді. – Мен де ғашықпын! – Жаным, балконда тұрып, сонау жаңа үйлерге қарағанның өзі жаныңды жайландырып, көңілің көтеріліп қалады екен! – Бізге жаңа пәтер, жаңа үй керек емес! – Жаңа үйге үйрене алмаймыз! – Әкімдер-ақ жаңа үйлерде тұра берсін! – Ойбай? – Не? – Балконның асты сықырлап жатқандай ма? – Жоға, менің тізелерім ғой, сықырлап жатқан. – Қойшы, сытыр-сытыр етеді. – Үйге кірейікші? – Өмір қандай тамаша! Өмір, саған ғашықпын! – Біз біргеміз! Сол екен, балкон опырылып түсті де, екеуі екінші қабат­тан құлап кетті. Омақаса құлады. Тағы да болса, құдай сақтап қалды! 36 жастағы әйелдің сүйегі сынып, кеуде және бет жарақатын алды. Күйеуінің миы шайқалып, тырнағы қанады... Не деген бақыт десеңізші? Өз үйіңнің балконынан құлау деген қандай ғажап! Мұндай бақыт екінің біріне бұйыра бермейді! Әйелдің сүйегі сынғаны қайғы дейсің бе? Өліп қалмағанына шүкір! Соның өзінде еш қиналмастан: – Біз біргеміз! – деді. Әкім қаралар еститіндей сыбырлап. – Өмір қандай тамаша! Миы шайқалған бақытты жанмын! – деді күйеуі күлімсіреп. Жылағанмен аудан әкімшілігі үй салып береді деймісіз? Үй салып бергенімен, бұлар онда көшіп бармайды! Жаңа үйге үйренбегендер ғой. Олар құлап жатқанда, көршілері жетіп келді. – Құлағандарың құтты болсын! – Қалай, құлап бара жатып, не ойладыңдар? – Құдай қақты сендерді! – Біз де осылай құласақ, арманымыз жоқ! – Неткен қуаныш! – Бүгінгі күннің есте қалар оқиғасы! – десіп жатты. Кешікпей «жедел жәрдем» келді. – Мына жеріңіз ауырады ма? – деп сұрады мейірбике. – Жоқ, жаным кіріп қалды. – Қай жеріңіз сынды? – Кірпіктерім... – Қойыңызшы, қолыңыз салбырап қалыпты ғой? – Қолым қақиып қалмаған... – деді әйел бақыттан басы айналып. – Кешіріңіз, сіздің миыңыз қозғалып кеткен бе? – Қозғалғанына қуаныштымын! – Басыңыз айналмайды ма? – Жоқ, басым шыр көбелек айналмайды, тек алға қараймын. – Құсқыңыз келеді ғой? – Жоқ, ұшқым келеді... Міне көрдіңіз бе, Қарағанды облысындағы Шашубай кентінде үш қабатты үйдің балконы опырылып, бақытты жандар бүгінде аудан орталығындағы ауруханада жатыр! Мұндай «қартайған» үйлер елімізде көп қой, көөп! Оларды жергілікті билік көрмейді, тіпті көңіл бөлмейді! Айтпақшы, балконға шыға көрмеңіз! «Бақыттан» басыңыз айналады!  

Мұхтар ШЕРІМ