Алақаным қыши береді...
Алақаным қыши береді...
548
оқылды
Табаның қышыса, жол жүресің. Әй, мұны қазекемдер баяғыдаа айтып қой­ған, оның несіне күлесің? Қар­ның қышыса, қасисың. Қар­ныңмен жылжып, жол жүруге жорымайсың ғой? Ал, алақаның қышыса ше? Бір күні астанадағы мәдениет басқармасының басшысы Нұр­лан Сыдықовтың алақаны дуыл­дап қышып кеп берсін. Олай қа­сыды, былай қасыды, бол­ма­ды, бол­ма­ған соң, тірлік оңбады. Де­реу қала маңындағы ауылда тұра­тын бал ашып отырып, маң­дай­дан бір ұратын кәрі кемпірге барды. – Апа, мен өмірге қапа... – Не болды балам? – Алақаным қыши береді. – Өй, оның несіне қапа бола­сың? – Экзема емес пе екен? – Алақаның қышыса, ала­сың. – Немене аламын? – Ақша аласың. Миллиондар. – Қойыңызшы? – деп қуа­нып кетті Нұрлан Сыдықов. – Ия, ия алақаныңа түкіріп қой! – деген кемпір кеңкілдеп кү­ліп алды да, Нұрекеңнің маң­дайына жұдырығымен қойып қалды, жаңа ғана қуанып отыр­ған ол таяққа «тойып» қалды. – Алақаным алдамайды ма? – деп сұрады ол. – Алақаның қай жылғы? – Өзіммен жасты. – Жоқ, қай жылдан бері пара алып жүрсің? – О не дегеніңіз? Бір түрлі сұрақ екен. – Алақаның алдамайды! – деген кемпір кеңкілдеп күліп алды да, тағы да оның маңдайына жұдырығымен салып қалды. Нұ­рекең болса, кәдімгідей талып қал­ды. Көзін ашса, кемпір үсті­нен төніп тұр екен. Ұсқыны мыс­тан кемпірдің құдағиы сияқ­ты мааа? Кемпірдің айтқаны келді, күндердің күнінде «Алау» спорт кешеніне күрделі жөндеу жүргізу жұмыстарына байланысты ке­ремет диалог болды. – Хім... – Айта беріңіз? – Алақаным қыши береді. – Тұз себіңіз. – Жооқ, сіз түсінбедіңіз, ала­қаным дуылдап тұр, бірақ сізге сенбей, жүрегім зуылдап тұр... Ол алақанын жазып, қасып қойды. Анау келіп, оның алақа­нын қасып берді. – Кешіріңіз, сіз түсінбедіңіз. Көп қаржы бөлуім үшін сіз маған 10-12 миллион теңге ұстатсаңыз, алақанымның қышуы қанады... – Болды, болды, ертең... Ертеңіне еңіреп жібере жаз­дады. Өзі айтқан соманы шы­тырлатып санап жатқанда, құдай атты! Ұсталып қалды. Қазір тер­геу абақтысында көздері ба­қы­райып, алақанын тыр-тыр қасып әлек. Қаси-қаси қотыр болды. Алақан да алдайды екен-ау?  

Мұхтар ШЕРІМ