Жігіт болған түрін қара!
Жігіт болған түрін қара!
– Естідің бе? – деп сұрады ол. – Естідім, – дедім мен. – Нені естідің? – Сен естігенді... Ол шылымын сореп-сореп алды да, жерге атып ұрып, туф­лиі­нің табанымен мыжғылай бас­тады. Сосын, әңгімесін бас­тады: – Біз де жігіт болғанбыз, он сегізге толғанбыз, бешір жасап, талай үйде қонғанбыз! – деді ол есіне әлденелерді түсіріп, – қа­зіргі «шегөлдер» ше? – Ия, жасөспірімдер? – Қазіргі «шегөлдерге» таң қаламын. – Ия, мен де таң қаламын. – Менің айтқанымды қайта­лай бермеші? – Жының келіп тұрғандай ма? – Ия. Қазіргі жасөспірімдер, шиебөрілер сияқты. Шакалдар жемтігіне жабыла кетеді ғой? Топ болып. Баяғыда, біздің кезімізде де жігіттер арасында келіспеу­ші­лік, төбелес болып тұратын. Бі­рақ, жабылып ұрған емес. Ере­гісіп қалды ма? Екі жақтың жі­гіт­тері қарап тұратын. Сосын, анау екеуі жекпе-жекке шыға­тын. Әке-шешеден жібе­ретін енді. Бірақ, жақтаспайды. Сосын екеудің бірі жеңіліп, мұрны қа­нап, оны жалап, жан-жағына күліп қарап, нағыз еркектерше бір-бірінің қолын алысып, дос болып тарасатын. Ал, қазір ше? – Қазір ондайлар шиебөріше жабылып кетеді. Бастан тебеді, кірпішпен ұрады, пышақ та сұғады, әйтеуір өлтіріп тынады. – Осы да еркектік пе? Қатын тірлік қой? Қатындар да жабы­лып сабай алады! – деген көр­шім қызына сөйледі, – әй, қазір бі­лек­ті емес, білімді жеңетінін осы жастарға ата-аналары неге тү­сін­дірмейді? Неге қадағала­майды? – Бәрі жұмыста, уақыттары жоқ. – Менің таң қалатыным, ба­ласы қылмысқа барып, адам өл­тірсе де, «Ойбай, менің балам әдейі өлтірген жоқ, ойбай менің балам ондай емес! Ойбай да, ойбай!» деп ойбайлайтын ата-аналарға түсінбеймін? Әй, балаң қылмыс жасады ма? «Сол керек, өзіне!» де! Қара жамылып отыр­ған отбасының қарғысын алған­ша? Солай емес пе? – Солай. Қазір қыздар да төбелесетін болды ғой? – Айтпа енді! Түнгі клубтарда секеңдеп жүріп, жігіттерді қыз­ғанып, бір-бірінің шаштарынан ұстай жұлысып, жерге аунасып, бірін-бірі тепкілеп жатқан қыз­дар күні ертең қандай ана? Кімге пана? – Ұртымызды томпайтып, ұл­тымыздың болашағы деп айту­ға ұяласың... – Ұялғаны несі? Мен құмыр­сқаның илеуін көр­сем, солармен бірге інге кі­ріп кете жаздаймын! – Дұрыс айтасың, көрші! – Енді мынаған көңіл бөлші. Күні кеше Шым­кент­те 17 жасар студент бір топ бозбаланың жа­былып ұрып тастауы салдарынан қайтыс болды. Байғұстың тыр­нақта­рынан дейін жұлып тас­таған. Шлакоблокпен басына ұрған. Бұл қандай жауыздық? Қайдан келген қатыгездік? Біреу өзін де дәл солай ұрып жатса қай­тер еді? «Бұл өліп қалады-ау, ертең по­ли­ция ұстап, қамалып кетеміз-ау?» деп ойламайды ма? Абзал Ұт­қы­ровтың өмірін қи­ғанда, олар не ұтты? Қайдан кел­ген жауыздық бұл? «Құла­ғы­нан, басынан қан ақты. Аяусыз ұрып кеткен. Інім­нің өзі спорт­шы, 7-8 адам жа­былып ұрған. Бірақ төбелесті қы­зықтап тұр­ған­дар бұдан да көп болған,» – дейді марқұмның ағасы Алмас Ұт­қыров. «Нағыз қанішерлердің өмір бойына сотталуын талап етеміз!» деп отыр қайтыс болған Абзалдың ата-анасы. Бәріміз де ұл-қыз өсі­ріп отырмыз. Құда­йым, осындай одыраңдаған қан­ішер­лерден сақтасын!

Жатыпатар ЖАНЫС