Оппо-о-о!
Оппо-о-о!
188
оқылды
Авторы кім? Халық! Расында да солай, «халық айтса қалт айтпайды» деп мойын­даймыз. Сосын «Кімнің аузына қақпақ қоясың?» деп қалжың гәптен қашқақтайтынымызды қайтерсің. Міне, соның бір сұлбасы. Баюды ойлаған бастық жұ­мысқа қабылдайтын жаңа қыз­меттік орынға байқау жарияласа керек. Оқығаны қайсы, тоқы­ғаны қайсы? Айтқанынан шық­пай алдында құрдай жорғалай­тындар бар ма? «Ә» десе «Мә!» деп тұратындардың қажеті қан­ша? «Қат!» десе қата қалатын, «Жат!» десе жата қалатын яғни, ығында жүретін ыңғайлы кадрды таңдайды ғой әрине. Бәріне қоя­тыны бір-ақ сұрақ. Бірінші кел­ген үміткерден: – «5»-ке «5»-ті қосқанда қан­ша болады? – деп сұраса, ол: – Он болады! – деп сарт ет­кізіпті. «Оппо-о-о, дәл есептейді екен. Ауы мен бауын түгендеп, мүлт кетпейтіндерді мүлде жо­латпау керек» деп шошыған бас­тық қабылдамай қойыпты. Ентелеп екіншісі жетеді. Оған да жаңағыдай жаттанды сынақ. – «5»-ке «5»-ті қосқанда қан­ша болады? – Он бір болады! «Оппо-о-о, мына пәле асы­рып жазып «ашап» қоюға бейім-ау? «Аш пәледен қаш пәле», құрысын!» деп оның да қарасын батырады. Үміт артып үшінші кадр келеді. – «5»-ке «5»-ті қосқанда қан­ша болады? – Тоғыз! – Тоғыз? – Иә, тоғыз болады. – ?.. «Оппо-о-о! Қолында тұрған­да қонышынан басатын қу ғой мынау!» деп оны да омпасын тү­сіріп омақастырады. Төртінші үміткер төбе көрсетеді. – «5»-ке «5»-ті қосқанда қан­ша болады? Қу түлкінің құйрығындай бұл­ғаңдаған бұл жігіттің сөзі де, өзі де өзгеше екен. – «5»-ке «5»-ті қосқанда қан­ша дейсіз бе, басеке? Сіз қанша десеңіз сонша болады? – Оһо-о-о! Міне, жігіт! Бая­ғыдан бері қайда жүрсің, қара­ғым-ау? – деп оны өзіне бірден бірінші орынбасар етіп алыпты. Ал енді осы сынақтан өткені бар, өтпегені бар әлгі төртеуді төрге шығарып бір есеп бере­йінші. Байқайық, қайсысы қа­лай шығарар екен. Сұрақ былай: – Нұр-Сұлтан шаһарындағы ұзындығы 17 шақырымдық Қа­банбай көшесін қайтадан ас­фальт­тап қалпына келтіру үшін қанша қаржы керек? Сол сол-ақ екен төртеуінің бі­реуі төбеге қараса, енді бірі тө­мен қарады да еріндері жыбыр­лап есептей бастады. Әлгілердің әзілге бейімдеуі әңгімені әріден қозғады. – Өзбектен «Абдулла әка, бір кілә еттен қанша манты жасауға болады?» деп сұраса, ол ойлан­бастан «Оппо-о-о, ол пиязына байланысты?» депті. Сол сияқты жол салу асфальттың цементі мен тасына, құмы мен битумына байланысты. – Қалжыңыңды қоя тұр, ай­налайын. Құрылыс материалда­рының құрамын кертіп жемей келістіріп салса қанша қаржы кетеді. – Оның бағасы әр елде әр­түрлі. Қытайда стандартқа сай жолды асфальттап салу үшін бір шақырымына 2,5 миллион дол­лар жұмсайды. – Ал Америкада 5,5 мил­лион көк қағаз керек. – Жапонияда... Осы бағаның ортасы... – Қазақстанда ше? – Оппо-о-о! Айтуға ауыз бармайды. – «Әкесі өлгенді де естіртеді», айта бер. – Әрқалай. – Жасырып жабатын не бар, бүгежектеме. – Бас қаладағы Қабанбай кө­шесін даңғайыр даңғылға ай­налдыру үшін бір шақырымға 12,5 миллион доллар бөліп отыр. – Өздері есептеген бе? – Солай. – Оппо-о-о! О жақта да «Сіз қанша десеңіз сонда болады, ба­секе!» дейтін бастықтың бас изегіш бірінші орынбасарлары болғаны ма? – Қайдам? Есепке жүйріктер бар ғой... – Баяғыда Қожанасыр «Қой­дың піскен басын сатып әкел!» деп баласын базарға жұмсапты. Қарны ашқан қара домалағы қайтар жолда қойдың басын жол-жөнекей сыпырып жеп құр қаңқасын ғана әкеліпті. Бұған таңырқаған Қожекең: – Балам-ау, қураған қу сү­йектен басқа дым жоқ қой мұн­да? – десе, ұлы: – Көріп тұрсыз ғой, көке, – депті жеп қойғанын жасырып. – Бұл арық қойдың басы. – Жарайды, ал құлағы қайда? – Оның үстіне керең қой болса керек. – Тіпті көзі де жоқ... – Соқыр қойда көз бола ма, көке. Жарықтық Қожекең жағын ажыратып қараса тіпті тілі де жоқ екен. – Ау, балам, тілі қайда? – Мылқау қой-ау, сірә. – Құйқасы қайда? – Менімше, бұл таз қойдың басы, тап-тақыр... Әкесі не сұраса да баласының жауабы дайын. Сақадай сай, сар­тылдап тұр. Қаңқаны көріп қа­мыққан әкесінің көңілін көтер­гісі келді ме қайдам ұлы ұмсынып сөйледі. – Тістерін көріңізші, тізіліп тұр, – деді, – Бір тісі түспеген, бәрі бүтін! – Е-е, не дегелі тұрғаныңды түсіндім. Рас, қаржысы жым­қы­рылып қалтаға түскендіктен қаншама құрылыстың «қаңқасы» ғана тұр. – Құлағынан бастап құ­й­қасына дейін сыпырып жесе, қаңқасы қалмағанда қайтеді? – Баяғыда бабаларымыз «тарта жесең тай қалады, қорқа жесең қой қалады» деуші еді. Қазір ше? Тартынбай жейтіндерді тайраңдатып қойған кім? – Оппо-о-о! Осы жерден тоқтай қал, әрі қарай бүлдіресің.  

Көпен ӘМІРБЕК