Арыс қалпына келеді
Арыс қалпына келеді
5,144
оқылды

Шіліңгір шілдедегі ауа-райының аптап ыстығына қарамай, Арыс қаласын қалпына келтіру жұмыстары қызу жүріп жатыр. Атап айтқанда, бігінгі таңда қаладағы 676 тұрғын үйді жөндеу жұмыстары аяқталған. Сондай-ақ бүгінгі таңда қала тұрғындарына әлеуметтік көмек көрсету бойынша аз қамтылған және көпбалалы 650 отба­сы­ға атаулы әлеумет­тік көмек тағайындалып, төлем жүргізілген. Бұл туралы Премьер-министр Асқар Маминнің Арыс қаласына жасаған сапарында мәлім болды.

Асқар Мамин бастаған бір­қатар министрлер мен ми­нис­трлік өкілдері бар жұмысшы топ Арыс қаласындағы зардап шек­кен үйлерді, әлеуметтік нысандар мен инженерлік желілерді қал­пына келтіру жұмыстарының барысымен танысу мақсатында жұмыс сапарымен Түркістан об­лысына барды. Атап айт­қанда, Үкімет басшысы Арыс қала­сындағы қалпына келтіру жұ­мыстарының барысын тексерді. Ол өңірлік штабтар жұмысын тексеріп, тұрғын үйлердің, мек­теп, балабақша, теміржол во­к­залы ғимараттарының, қалалық аурухананың қалпына келтірілу қарқынын көрді.

Нысандарды аралау бары­сында Үкімет басшысы Арыстағы апатты жағдай бойынша әскери базаға жақын орналасқан аудан­дарға барды. Жалпы, ең көп залал көрген «Көктем-1», «Көктем-2» ықшамауданы болып саналады. Мұнда қауіпті снарядтар жа­рылған.

Мәселен, Атырау облысының әкім­дігі жарылыстан қатты зар­дап шеккен «Көктем-1» ауда­нын­дағы №1 сектор бойынша бекі­ті­ліп, үйлерді қа­лпына келтірумен айналысып жатыр. Яғни, аталған секторға Атырау облысы мен Жетісай ауданы әкімдіктері жауапты. Қазір мұнда 12 құрылыс компа­ниясының 500-ге жуық құры­лысшысы 458 үйді жөндеу­ден өткізіп жатыр.

Бұдан бөлек, облыспен бірге аталған ауданға бекітілген Же­тісай ауданы әкімдігі сектордағы қиранды құрылыс қалдықтарын шығарумен айналысуда. Ша­мамен тәулігіне 450 тоннаға жуық күл-қоқыс тасымалданып жатыр. Сонымен қатар, Жетісай ауданы әкімдігінің мамандары бекітілген секторда бір реттік әлеуметтік жәрдемақыға құжат қабылдау жұмыстарын жалғастыруда.

Жұмысшы топты еліміздің денсаулық сақтау министрі Ел­жан Біртанов Арыс қалалық ор­талық ауруханасында жүріп жат­қан күрделі жөндеу жұмыс­та­ры­ның барысымен таныстырды.

Арыстың бүгінгі жай-күйі туралы нақты ақпарат беру мақ­сатында арнайы келген делегация Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев қазіргі таңда Арыстағы емхана науқастарды қабылдап жатқанын және 1 ай ішінде қа­лалық аурухана іске қосылатынын атап өтті.

– Арыс қалалық орталық ауру­хана­сындағы медициналық қондырғыларды жаңарту 1 та­мыз­­ға дейін жүзеге асады. Бұл мақ­сатқа қаражат бөлінді. Ары қарай сатып алу жағы шешіледі, – деді Елжан Біртанов.

Айта кету керек, Арыс қала­сында болған төтенше жағ­дай­дың салдарынан аудан­дық ауру­хана жартылай зақым­данды. Жа­рылыс толқынынан емдеу меке­месінің терезелері сынған, аурухана шатыры мен ішкі және сыртқы есіктері мен баспал­дақтарына зақым келген. Қазіргі уақытта «Самұрық-Қазына» АҚ, «Қазойлсервис» ЖШС мердігер­лік ұйымы қаражаты аясында қалпына келтіру және жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 4 шілде­ден бас­тап жарылыстан зақым­данған есік-те­резелері ауысты­рылып, шатыры жөн­деліп, әрлеу жұмыстары басталды. Жөн­деу жұмыстары 1 ай ішінде аяқталады.

Арыс қалалық орталық ауру­хана басшылығы өз күшімен емхананың жұмыс бөлмелерін ретке келтіруде. Айталық, 1 шіл­деден бастап халыққа амбула­то­риялық қызмет көрсету қал­пына кел­тірілді. Бір ауысымда 500 ке­лу­шіге арналған консультациялық диагностикалық емханасы бар, 200 төсектік жаңа аудандық аурухананың құры­лысын жүргізу шешімі қабылдан­ды. Ауданы 7 гектар жер учаскесі анықталды, жоба алдындағы жұмыстар жүріп жатыр.

Асқар Мамин, сонымен қатар Халыққа қызмет көрсету орталы­ғына барды. Түркістан облысы­ның штабында Асқар Маминге Арыс қаласының тұрғындарына 100 мың теңгеден өтемақы төлеу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндалды.

Нысандарды аралау қоры­тындысы бойынша Премьер-министр Асқар Маминнің төра­ға­лығымен Арыс қаласын қал­пына келтіру мәселелері жөнінде кеңес өтті.

Түркістан облысының әкімі Ө.Шөкеев қала тұрғындарына әлеуметтік көмек көрсету ая­сын­да аз қамтылған және көпбалалы 650 отбасыға атаулы әлеу­меттік көмек тағайындалып, төлем жүргізілгенін хабарлады.

Қорғаныс, Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау, Ден­саулық сақтау, Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Ішкі істер, Цифрлық даму, инновация­лар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерінің басшылары әлеуметтік қолдау шаралары, медициналық қызметтер көрсету, тұрғын үйлерді қалпына келтіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Өз кезегінде Алматы облысы­ның әкімі А.Баталов, Ақмола облысының әкімі Е.Маржықпаев, Ақтөбе облысының әкімі О.Ора­за­лин, Атырау облысының әкімі Н.Ноғаев, Шығыс Қазақстан об­лысының әкімі Д.Ахметов, Шым­кент қаласының әкімі Ғ.Әб­дірахымов бөлінген сек­тор­лардағы құрылыс жұмыстарының қарқыны туралы ақпарат берді.

Жалпы, бүгінде 676 тұрғын үйдің жөндеу жұмыстары аяқтал­ған. Қазіргі кезде барлық сектор жұмыспен қамтылған, 3 040 же­ке тұрғын үй құрылысы мен көп­қабатты тұрғын үйлер нысан­дарында қалпына келтіру жұ­мыстары жүргізілуде, 190 құры­лыс компаниясы, 5 мыңға жуық құрылысшы мен 207 арнайы техника жұмылдырылған. Әлеу­меттік инфрақұрылым бойынша жұмыстар 66 денсаулық сақтау, білім беру, спорт нысандарында жүргізіліп жатыр.

Кеңесті қорытындылаған Пре­мьер-министр Асқар Мамин қа­ланы қалпына келтіру жұмыс­та­рына еліміздің барлық өңірі, ұлттық компаниялар, ірі бизнес өкілдері белсенді қатысып жатқанын айтты.

«Арыс қаласын қалпына кел­тіру бойынша барлық негізгі жұ­мыстар 1 тамызға дейін аяқталуы тиіс», – деді Асқар Мамин.

Үкімет басшысы зардап шек­кен бизнес нысандарын, көлік және инженерлік инфрақұ­ры­лым­ды уақытылы қалпына кел­тіру жұмыстарын күшейтуді, ме­дициналық қамтамасыз ету бойынша кешенді шаралар қа­был­­дауды және білім беру ны­сан­дарын жаңа оқу жылының бас­талуына дайындауды тапсырды.

 

Түркістан облысы