Өзі шешіндіреді ме?
Өзі шешіндіреді ме?
– Не жаңалығың бар? – деп сұрады анау. – Өзіңде на жаңалық? – деп сұрағына сұрақ қойды мынау. – Естідің бе? Осы Медеу ау­данындағы он көшеге элиталы әжетханалар салынады екен. – Дұрыс қой! Қайта қуа­на­мын. – Мені таң қалдыратыны әр туалеттің бағасы 96,5 миллион теңгеге салынатыны. – Қойшы? Керемет шығар? – деп сұрады досы. – Керемет болғанда, өзі ше­шіндіреді екен, – деп өтірігін қосып қойды. – Қалай? – Туалетке туралап кіресің, бір кезде түймесін басып қалсаң, автоматтандырылған екі робот қол дамбалыңа жармаса кетеді. – Қорқынышты екен. – Қорқатын ештеңесі жоқ, түйме, сыдырмаңызды ағытып, дайындап береді. – Сосын? – Сосын артыңнан бір теуіп, шығарып жібереді! – Ой, сен де айтады екенсің, досым! – Ойнап айтамын. Қайтер екен десем... – Ойнасаң да, ойлап айтып тұрған шығарсың? – Ия, оның рас, әр туалеттің сонша миллион теңгеге салына­тыны рас деп оқыдым. – Сонда несімен қымбат екен? – Білмеймін ғой? Әжетхана ішінде ақылы концерт болатын шығар? – Ии, сен де айтады екенсің. – Енді несімен қымбат онда? Екі достың әңгімесі сізге ұна­ды ма, ұнамады ма, сенесіз бе, сенбейсіз бе, бұл сіздің құзы­рыңызда. Ал, біздің айтпағымыз, Алматыда осындай қымбаат әжет­ханалардың салынатыны рас. Медеу ауданының әкімдігі «Мемлекеттік сатып алулар» сай­тында әлгіндей әжетханаларға тапсырыс беріп, талайларды таң қалдыруда. Әкімдік он әжетха­на­ға деп 137,9 миллион теңгесін нысанаға бағыттап қойған кө­рінеді. «Бұл әжетханалар жақсы, модульді, бұзылмайтын, толы­ғымен металдан болады. Кәріз жүйесі бар жерлерден жалғай­мыз. Басқа жерлерде биотуа­лет­тер болады. Біз «Alma Mater» ЖШС – ға екі әжетханаға тапсы­рыс бердік. Бір айдан кейін республика сарайы мен «Медеу» маңында қойылады. Сосын әкім­ге көр­се­теміз. Егер ма­құл­даса, қалған­да­рын жеткіземіз» – дейді компания басшысы Ерлан Исаев.Жалпы Қазақстанда 260 әжетхана салы­натыны белгілі болды. Бір әжет­хананың бағасы 23 миллион теңге деп көрсетіл­ген... Мүмкін, алтын жалатылған унитаздар шығар, кім білген? Қалай болғанда да, мың өл­шеп барып, бір-ақ рет кескен жөн ғой деген ойдамын. Деген­мен, әкім­дікте бізден де ақыл­дылар отыр ғой, бір ойлағандары бар шығар? Қай бір жылы Жетісай қаласында осындай өте қымбат көпшілік әжетханасы пайдалануға беріліп, артынан талай сынға ұшыраған еді. Айтпақшы, Шымкентке де осын­дай әжетханалар керек екен. Қымбат Әжетханалардың бағасы да қымбат болар бәлкім? Сосын, об­лыстық туалет, аудандық туа­лет деген статус берілсе, ә? Қы­зық болар еді, ә? Бәріне уақыт тө­реші, кезінде көре жатармыз!  

Жебе САДАҚҰЛЫ