Адмирал аш екен...
Адмирал аш екен...
181
оқылды
Негізі адамдардың маңдайында: «Жақсы адам», «Таза адам! «Ұры адам», «Жемқор адам», немесе: «Қан­ішер», « Қатын алғыш», «Алаяқ», деп жазылып туылса? Оой, онда қызықтың көкесі болар еді! «Ұры адам» деген жазуы бар пендеңіз ұрлыққа өмірі бармаса керек. Маңдайында жазулы тұр, біліп қояды ғой. «Қатын алғыш» деген жазуы бар жігіт үй­лене алмаса керек... Ер жеткенде, қызбен та­ныса бастағанда: – Мен сені өмір бойы сүйіп өтемін! – дейді. – Шын айтып тұрсыз ба? – Ия, жаным! – Алдамайсыз ба? – Алдасам, арыққа құлап өлейін! – Қойыңыз, жаман екен ойы­ңыз, енді болмайды біздің то­йымыз! – Неге? – Өйткені, саған сенбеймін! Пешенеңізде: «Қатын алғыш адам» деген жазу тұр ғой? – Оой, қателесіп жазылып кеткен ғой. – Сонда қалай? – Негізі, мен егіздің сыңа­ры­мын. Сы­ңа­рыма «Отаншыл аза­мат» деген жазу кетіп қа­лыпты. Ол менікі болатын. – Қайдағыны айтпаңызшы, сау болыңыз! Міне, көрдіңіз бе? Жолы ­бол­майтын еді! Маң­дайында «Маньяк» деген жазуы бар адам­­­ды көрсеңіз, құшақтасып көріс­пейтін шы­ғарсыз? Сонадайдан көрін­геннен тұра қашасыз ғой? Сондықтан, пешенемізге жазы­латын тағдырлар о бастан көрін­бей жазылады! Адам оны білмейді. Қашан қайтыс болатынын біл­мейтіні сияқты. Ал, Қазақстан республикасы қарулы күштері әскери-теңіз күштерінің бұ­рынғы бас қолбасшысы Жандарбек Жанұза­қовтың пешенесіне сұм­дық нәрсе жазылған. Көөп сөйлемдер жазылған. Маң­да­йынан орын жетпеген соң, бетте­ріне, сосын арқасына жазылған. Ол кезінде кім еді? Адмирал! Мен, мен, мен едім, Мен гарнизонда жүргенде, Екіленген ер едім, Атағымның барында, Ырылдаған бөрі едім, Қай бастықтан кем едім? Мықтылармен тең едім! – деп жүрген адмирал ғой! Неге дейсіздер ғой? Қызмет бабын асыра пайдаланғаны үшін алты жылға сотталды. Ақмола гарнизонының әскери соты оны «вице адмирал» атағынан айырып, 42 миллион теңге көлеміндегі ма­териалдық шығынды өтеуге мін­деттеді. Бүгінде түрмеде отырған адмирал аш екен. Өйткені, өзін «судан таза, сүттен ақпын» деуден тайынбай, осы күнге дейін нәр татпаған. Аштық жариялап отыр. Егер, адмирал кінәсіз болса, онда оны соттаған сотың да, тергеу­шілері де құрдымға кетті деген сөз! Кімге сенеміз сонда?  

Жебе САДАҚҰЛЫ