Сот әділдіктің соңғы шегі ме?
Сот әділдіктің  соңғы шегі ме?
161
оқылды

Doing Business дүние­жүзілік рейтингінде сот процесіне қатысушыларға жағдай жасау бойынша әлемде төртінші орында екенбіз. Біздің алдымызда Оңтүстік Корея, Норвегия және Сингапур тұр. Соған қарамастан, жұрт тарапынан сот жүйесіне сын айту тоқтаған емес. Ел судьяларға сенуден қалды. Әр тараптың өз шындығы бар десек те, төрелігін айтар соттың шешімі айыптаушы мен айыпталушының көңілінен шықпайды. Судьялар заң тіліндегі шешімді оқиды да, күйіп тұрған жұмысы бардай сот залынан шыға жөнеледі. Ал тараптар судьяның өзі жариялаған шешімін қарапайым тілмен түсіндіріп бергенін қалайды. Мұның өзі сот жүйесін реформалаудың қажет екенін көрсетеді.

Бұл жөнінде Мемлекет бас­шысы өзінің ұлықтау рәсімінде де айтқан болатын.

«Сот – заң үстемдігінің ке­пілі. Сондықтан судьялар жоға­ры кәсіби және адамгершілік талаптарына сай болуы – бұл үлкен міндет. Судьялар мен осы қызметке үміткерлерді бағалау және іріктеу жүйесін қатаңдату керек. Сот әділдіктің соңғы шегі болуы тиіс. Құқық қорғау жүйе­сінің басты міндеті – ха­лықтың сеніміне ие болу», – деген еді Президент.

Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов та бұл мәселені жиі кө­теріп жүр. Оның дерегінше, 2017 жылы Қазақстан көлемінде судьялардың өз еркімен қыз­меттен кету көрсеткіші көбей­ген. Қазақстан сот жүйесі та­рихында бұрын-соңды ондай статистика тіркелмеген екен. Себебі, бір судья күніне 10 ше­шім қабылдайды. Мұндай жүк­теменің көптігін білетін білікті заңгерлердің судья болуға зауқы соқпайды. Ж.Асановтың пікі­рінше, судьялар әлеуметтік тұр­ғыда да дұрыс қорғалмаған. Сондықтан олардың жұмыс жүктемесін азайту шаралары қабылданған. Нәтижесінде, биыл судья болуға ниеттілер саны 2 есеге өсіп, ең бастысы, білікті судьялардың өз еркімен қызметтен кетуі тоқтапты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Шетелдік инвесторлар кеңесінің 32-ші жалпы отырысында Жо­ғарғы сот төрағасы Жақып Аса­нов 2020 жылдан бастап бізде сот әділдігі орнайтынын айтады.

«Соңғы 1,5 жылда барлық күш-жігер мен ресурстарды ондаған қанатқақты жоба мен 17 заңдағы түзетулерге бағыт­тадық. Қазіргі кезде бұл жұмыс жоғары қарқын алып отыр. Алай­да түбегейлі өзгерістер уа­қытты талап етеді. Объективті шектеулер мен судьялардың тә­уелсіздігі, сот төрағаларының тәуелсіздігі бар. Соттарда бас­қару мен шешімдерді қабылдау жүйесі басқа құрылымдардан түбегейлі өзгеше. Кез келген меморганда өзгерістер бірінші басшының бұйрығымен жаса­лады. Судьяларда басшы бол­майды, әрқайсысы шешімді өзі шығарады. Сондықтан соттар­дың адами капиталын дамыту – сот реформасының негізі. Егер де судьялық кадр әлсіз болса, онда ешқандай супер заң бізге көмектеспейді. Бұл проблеманы шешудің жолы – судья маман­дығын тартымды ету», – дейді ол.

 Бұл орайда, осы жылдың қаңтар айынан бастап судьялар­дың еңбекақысы елеулі түрде өскен. Қарап жатқан істері қиын әрі жұмыс көлемі ауқымды адам­дардың еңбекақысы көбейген. Екіншіден, судьялар дау-дамайы жоқ істерден босатылып жатыр. Нәтижесі сол, биылғы мамырдан бастап 10 жылда алғаш рет сот жүктемесі қысқарды.

Жақып Асанов Президент тапсырмасы бойынша судьялар мен осы қызметке үміткерлерді бағалау және іріктеу жүйесін қатаңдату іс-шаралары қолға алынғанын айтады. Оның сөзіне қарағанда, бұл ретте атқарылып жатқан тың қадамның бірі – HR менеджмент тетіктерімен судья­ларды іріктеудің жаңа жүйесін жүзеге асыру.

«Бұл өз кезегінде бастапқыдан қатаң тосқауылды қояды, яғни биылдан әлсіз судьялар үшін сотқа жол жабылады. Сонымен қатар Жоғарғы сот кеңесі үлкен рөл атқарады», – деді ол.

 Ж.Асанов зияткерлік және монополиялық құқық, салық, жер қойнауын пайдалану, эко­логия саласындағы білікті заң­герлерді судьялық қызметке шақырып отыр. Оның айтуынша, егер қызметтегі судьяның білік­тілігі төмен болса, этика проб­лемасы байқалса немесе сыбай­лас жемқорлыққа жақын болса, онда жаңа жүйе бойынша ол адам бұл қызметте отырмайды.

«Бізге ұқсас істер бойынша әртүрлі шешім шығарылатынына қатысты сын айтылады. Мұның себебі, анық емес заң нормалары салдарынан судьяладың әрқай­сысы оны өзінше түсінеді. Ал көп жағдай бойынша заңнамада тиісті жауапты табу қиын. Сон­дықтан Жоғарғы сот «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп ведомствоаралық 5 топ­ты құрды. Ондағы мақсат – са­лық, жер, жер қойнауын пай­далану және басқа да мәселе­лер бойынша бірыңғай тәжіри­бе­ні қалыптастыру», – дейді Ж.Асанов.

Біздің соттарда қаралатын істердің 85 пайызы азаматтық дауларға қатысты екен. Оның ішінде мемлекеттік органдардың шешіміне арналған шағымның үлесі басым. Бұл проблеманы шешу үшін ол саланы жақсы білетін мамандар керек. Сот жү­йесі мамандарға мұқтаж деуіміз де содан.

«Бізге қажет бұл адамдардың мансабы қалыптасқан және олар негізінен 40 жастағы азаматтар. Бұл азаматтарды облыстық сот­тар қызықтыруы мүмкін, алайда олар облыстық соттың алдында аудандық деңгейден өтуі тиіс. Аудандық сотқа 40-тан асқан азамат бармайды. Сон­дықтан осы талапты заң нор­масынан алып тастап, жалпы аппеляция сатысына, облыстық соттарға 15 жылдық заңгерлік еңбек өтілі бар мамандарға жол ашып, кон­курсқа қатысуға ­жағ­дай жасалды. Бұрындары жыл сайын орта есеппен су­дьялық­қа 150 адам қабылда­натын. Былтыр 29 адам қабыл­данған, яғни 5 есе аз бол­ды. Себебі, талап күшей­тіл­ді» – дейді Жоғарғы сот төрағасы.

Демек, іріктеудің жаңа тәр­тібі арқылы судьялыққа тек білімділер мен біліктілер өтеді, кездейсоқ адамдарға тосқауыл қойылады.

 Еліміздегі сот жүйесіндегі және бір жаңалық – отбасылық сот құрылуы мүмкін. Бүгіндері еліміздің 51 сотындағы «Отбасы­лық сот» жобасына 107 судья жұмылдырылған. Олар отбасын сақтап қалуға және олардың құқықтық проблемаларын ше­шуге барлық жағдайды жасап отыр. Бұл мәселе таяуда Прези­дент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демогра­фия­лық саясат жөніндегі ұлттық комиссияда қаралмақ. Ол жерде кәмелеттік жасқа толмағандар ісі жөніндегі соттар базасын от­басылық сотқа трансфор­ма­ция­лау нұсқасы қарастырылады.

Бұл саладағы тағы бір жаңа­лықты айтсақ, аса ауыр қылмыс­тар алқабилер сотының қарауына берілуі мүмкін.

«Алқабилер сотын дамыту жылдан-жылға нашарлап ба­рады. Мәселен, өткен жылы олар­дың қатысумен 44 қылмыс­тық іс қаралған. 2017 жылы алқабилер қараған істер саны 72 болған. Мұндай жайт, ең ал­дымен, заңнамалық сипаттағы себептерге байланысты. «Ұлт жос­парының 21-қадамында алқа­билер сотын қолдану аясын кеңейту міндеті тұр. Біз өз тара­пымыздан алқабилер сотына ке­зең-кезеңімен аса ауыр қылмыстарды беруді ұсынамыз", - дейді Жақып Асанов.