92 миллион жымқырды деген күдікке ілінді

92 миллион жымқырды деген күдікке ілінді

Қорғаныс министрлігіне қарасты Әскерді пәтерге ор­наластыру бас басқармасының лауазымды тұлғалары 92 мил­лион теңге жымқырды деген күдікке ілінді. Бұл ақпаратты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 1-бөлімінің ерекше маңызды істер бойынша тергеушісі Данияр Биғайдаров хабарлады. – Қарағанды облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің өкіл­дері жемқорлық қылмысын жасады деген күдікпен Қорғаныс министрлігі Әскерді пәтерге орналастыру бас басқармасының лауазымды тұлғаларына қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр, – деді Биғайдаров арнайы брифингте сөйлеген сөзінде. Оның айтуына қарағанда, жоғары лауазымды әскерилер «Жезқазған қаласы радиолокация ротасының кешенді ғимараты» нысанына қарастырылған 92 миллион теңгені іс жүзінде орындалмаған жұмыс актісіне қол қою арқылы ұрлаған болуы мүмкін. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда. – Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу құпиялығына байланысты әзірге бұдан артық мәлімет бере алмаймыз, – деді тергеуші.  

Ерсайын БАҒДАТ