Он әйелдің екеуі ғана шағымданады, қалғаны қайда барады?
Он әйелдің екеуі ғана шағымданады, қалғаны қайда барады?
162
оқылды
Құқық қорғау органдары отбасылық жан­жал­дан зардап шегушілерді қорғау үшін 37 мыңға жуық құқық қор­ғау ұйғарымын шығарған, құқық бұзушыларға қатысты 5 мың­нан астам арнайы талап бекітілген. Ақпарат және қоғам­дық даму министрлігінің ұйымдастыруымен өткен онлайн режимдегі дөңгелек үстелде осындай мәлімет айтылды. «Бұл жағдай бізді алаңдатып отыр. Үйдегі зорлық-зомбылық қо­ғам­дық резонанс қалыптас­ты­ра­тыны анық. Күн сайын бұқара­лық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде отбасылық сұмдық жанжалдардың оқи­ға­ларын көреміз. Осы жанжалдар тра­гедиямен аяқталып, балалар жетімдіктің тауқыметіне тап бо­лып жатады» деген Ақпарат жә­­­не қоғамдық даму министрі Аи­­да Балаева бұл мәселеде жүйе­лі қоғамдық жұмыс керек еке­­нін айт­ты. Бұл тұрғыда үкі­мет­тік емес ұйымдардың, сарап­шы­лық қо­ғамдастықтың, кәсіби пси­холог­тердің, сондай-ақ бас­қа­ның от­ба­сылық ба­қы­тына бей­­жай қа­ра­майтындардың ор­тақ күш-жігері ке­рек деді. Дұрыс-ақ. Алайда тұр­мыстық зор­лық-зом­былық­тың алдын алу үшін мем­лекет тара­пынан қомақты қар­жы алатын  үкіметтік емес ұйымдар­дың жұмысы неге нә­тиже бер­мей­ді. Егер нәтижелі болса, жо­ғары­дағыдай оқиғалар тір­­келмес еді. Осы тұста бүгінге дейін атал­ған мәселенің алдын алу үшін мем­лекеттік тапсырыс алып кел­ген ҮЕҰ-ның жұмысын қай­­та са­рап­тай­тын уақыт жеткен сияқ­ты. Се­бебі ол қаржы бюд­жет­­тен бе­ріл­ді, отбасылық жан­жал көр­сеткіші азаймаса, ол қар­­жы құмға сіңген су­мен тең. Ал дәл осы жұмысты ешбір мемтапсырыссыз атқарып келе жатқан бір ұйым бар. Ол 2016 жылдан бері волонтерлік бастамада құрылған «Не молчи» ұйымы. Тұрмыстық-сексуалдық зорлық-зомбылық құрбандарымен үздіксіз жұмыс істейтін ұйымды ешкім қаржыландырмайды екен. Бар-жоғы 4 адам жұмыс істейді, кеңсесі де, көлігі де жоқ, осы жұмысы үшін айлық та алмайтын ұйым мү­шелері соңғы 4 жылдың ішінде қазақстандықтардың ой-санасын өзгертуге ықпал етті деуге болады. Ең бастысы, отбасында жәбір көргендер құқын қорғайтын заң нормасын енгізуге ықпал етіп отыр. Ұйым жетекшісі Дина Таңсәрінің айтуынша, 4 жылдан бері еліміздегі жүздеген әйелдің құқы қорғалған. Сот процесінде өкіл болу арқылы 52 зорлықшы қылмыстық жауапқа тартылған. Ол бұдан былай зорлық құрбандары үнсіз қалмайды, осы­лайша қоғам зорлықтың шектен шыққан, садистік формасын көрді деп санайды. «Балалы әйелдер өздерінің агрессор серіктестерінің тұтқынына айналды. Зорлық-зомбылық құрбандарының мәлімдемесі арқылы және қоғамның заңды өзгерту туралы талабынан соң Үкімет пен депутаттар зорлықшының жазадан сытылып кететінін, тараптардың оңай ымыраға келетінін байқады. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдер мен бала­лардың құқын қорғайтын заң әзірлеуді тапсырды. 2020 жылдың басында зорлау қылмысы ауыр санатқа ауыстырылды және жаза мерзімі ұзартылды», – деді ол. Оның айтуынша, бүгіндері «Не молчи» сенім телефонына күн сайын 10-40 қоңырау келіп түседі. 2020 жылдың 25 мамырынан бері өзінің жеке телефонына 112 қоңырау, «Не молчи» сенім телефонына 204 қоңырау түскен. WhatsApp желісіне жәбірленушілерден 164 хабарлама келген.   otbasilik sorlik «Бұл – бір айдың ғана көрсеткіші. Оның ішінде 52 іс бойынша процесті жалғастырып, әйелдерге түрлі кеңес беріп жатырмыз. Күннен-күнге шағымданушылар көбейіп жатыр, оның бәріне қалай үлгереміз? Олар неге полицияға бармай, қоғамдық қорларды іздейді? Жақында ғана Ішкі істер министрі зардап шеккен 10 әйелдің екеуі ғана полицияға арызданатынын айтты. Мен ай­тайын, қалған 8 әйел бізге – қоғам бел­сен­ділеріне барады. Демек, біз­дің заңымызды жетілдіру керек. Біздің по­лиция зорлық-зомбылық құр­бан­дарын қорғауда шарасыз», – дейді. Оның пікірінше, тұрмыстық зор­лық-зомбылық болғанда, полиция қызметі агрессорды жедел тұтқындауы қажет. Әйел бала-шағасымен Дағдарыс орталығын жағалап жүрмеуі керек. Әйелдер құқықтық көмекпен қамтамасыз етілуі қажет. Себебі «Не молчиге» хабарласқан әйелдер бірінші кезекте құқықтық көмек сұрайды екен. Құқықтық сауаттың жоқтығынан халық өзін сотта қорғай алмайды. ІІМ дерегі бойынша, 2020 жылдың 4 айында 46 901 адам полицияға жүгінген. Ал сотқа 8 мың іс қана жеткен. Оның 4 мыңы ымыраға келген. Яғни, зорлықшылардың 10 пайызы ғана жауапқа тартылған. Әйелдер арызын қайтарып алуға мәжбүр. Агрессор 3 сағаттық про­филактикалық әңгімеден соң үйіне қайтарылады және әйелдің өміріне тағы қауіп төнеді. Дина Таңсәрі Дағдарыс орталықтарына көмек сұрап келген әйелдер қатаң тәртіпке, казармалық өмірге тап болады дейді. Көп әйел Дағдарыс орталығын әйелдер колониясы немесе режимдік нысан деп атайды екен. Бірақ олардың басқа баратын жері жоқ, өйткені заң агрессорды қуып шығуға мүмкіндік бермейді. Салдарынан жәбір көрсетуші ортақ баспанада қалып, әйелдер мен балалар жасырынып жүруге мәжбүр. «Қазір әйеліне жәбір көрсетуші полиция бөліміне барады да, профилактикалық жұмыс жүргізілді деген бір жапырақ қағазға қол қояды. Мұның барлығы – шартты нәрселер. Ешкім онымен түсіндіру жұмысын жүргізбейді. Мұндай құжатты америкалықтар бұзбауға тырысады, өйткені бұзса, 5 жылға дейін абақтыға қамалатынын біледі. Ал біздегі жәбір көрсетушілер үшін бұл – жай ғана қағаз. Соңғы 4 айда полиция 30 мыңнан астам қорғаныс бұйрығын бердік дейді. Бұл кімді тоқтатады? Сол үшін зорлықпен күрес және құрбандарға көмек жұмыстарын қадағалайтын үйлестіру орталығы керек», – дейді Дина Таңсәрі. Ал өз кезегінде сөз алған Пар­ламент Мәжілісінің депутаты Айгүл Нұркинаның айтуынша, Парламентте депутаттар корпусы ұсынған Отбасылық-тұрмыстық зорлыққа қарсы іс-қимыл заң жобасы талқыланып жатыр. Тал­қылау барысында оның атауы «Тұрмыстық қарым-қатынастағы зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл» деп өзгертіліпті. «Талқылау өте белсенді жү­ріп жатыр, оған осы саладағы ең белсенді қоғамдық бірлестік өкілдері шақырылған. Депутаттар зорлық-зомбылық фактісі бо­лып, адам өміріне қауіп төнген жағ­дайда отбасылық агрессор мен жәбірленушінің 10 күнге дейін бір баспанада тұруына тыйым салу бастамасын қолдады. Сот қарым-қатынасы орнаған жағдайда, құқық бұзушы психокоррекциялық бағдарламадан өтуге міндеттеледі. Қажет болған жағдайда өзге бас­панасы бар-жоғына қарамастан, ортақ баспанадан уақытша шығуға да мәжбүр болады», – деді депутат. А.Нұркина қазіргі уақытта тү­зетулер мен өзгерістердің алғашқы бөлігі Үкіметке жіберілгенін айтты. Ал осы аптада өзгерістердің тағы бір бөлігі жолданады. Егер депутаттар ұсынған норма түбінде қабылданар болса, онда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған әйелдер балаларымен дала кезбейді деп үміттенеміз.  

 Айдана БЕГІМ