Айтылған сын аяқсыз қалмайды
Айтылған сын аяқсыз қалмайды
137
оқылды
Апта ортасында Өскеменге жұмыс сапарымен келген «Адалдық алаңы» республикалық жобалық кеңсесінің басшысы Төлеген Байғұлов өңірдегі құрылысқа қатысты осылай деді.  

Құрылысы сапасыз, бағасы қымбат баспанаға кім жауапты?

Оның айтуынша, бүгінде құрылыс жұмыстарының сапа­сын қадағалайтын комиссия мүшелері арасында қоғамдық ұйымдар мен атқарушы билік өкілдері көп болғанымен, дәл осы саланың мамандары саусақпен санарлықтай ғана. Әлбетте, бұл көп жағдайда сапаның нашарлауына әкеліп соғатыны түсінікті. Сол себепті қазір «Адалдық алаңы» республикалық жобалық кеңсе­сінің мамандары құрылыстың сапасын құрылысшылар тексеруі керек деген ұтымды ұсыныс айтуда. – Бүгінде еліміздегі көпқабатты тұрғын үйлердің шамамен 60 пайызы ескі болып саналады. Осы бір түйткілді мәселені шешіп, ахуал­ды оңалту мақсатында 2011 жы­лы ауқымды республикалық бағдарлама енгізіліп, содан бері еліміздің үлкенді-кішілі елді мекендерінде бұл бағытта айтар­лықтай шаруа тындырылды. Бұл бағытқа қомақты қаражат бөлінді. Дегенмен 2018 жылға дейін, яғни «Адалдық алаңы» жобасы жүзеге асырыла баста­ғанша құрылыс саласындағы жұмыстардың сапа­сын бақылауда жүйелілік болмаған. Ал енді біз әрбір құрылыс ны­санының, кез келген жаңа тұр­ғын үйдің сапасын бақылауда ұстап, атқарылған жұмысқа қатыс­ты сын-ескертпелерімізді айта аламыз, – деп түсіндірді Төле­ген Байғұлов. Мұндай сын-ескертпені елорда­дан келген мәртебелі мейманмен кездесу барысында Өскемендегі Бауыржан Момышұлы көшесі, 14 мекенжайында орналасқан 162 пәтерлік тоғыз қабатты үйдің тұрғындары да айтты. Олардың айтуынша, бұл үйдің салынып біткеніне көп бола қоймаса да, қазірдің өзінде жөндеуді қажет ететін тұстары жетіп артылады екен. Таяуда ғана қоныстойын тойлағандардың бәрінің айта­тыны бір, ол үйдің сапасыз салын ғаны. Қабырғаларда пайда болған жарықшақтар, есік-терезелердің дұрыс орнатылмауы, төбеден аққан су, ауладағы ша­шылған қоқыс сияқты олқы­лықтар жетіп артылады. Ал құрылыс компаниясының бас­шылығы осының бәрін біле тұра, олқылықтардың орнын толтыруға асығар емес сияқты. – Өзімнің де мамандығым құрылысшы. Бұл үйді анама алып бергенбіз. Бірақ ол кісі бұл үйде тұрудан бас тартып отыр. Өйткені үй өте сапасыз салынған. Құрылысшылардан қайыр болма­ған соң жөндеу жұмыстарын өзім жүргізуге мәжбүрмін. Қазір мені бір-ақ сұрақ мазалайды, мұндай сапасыз салынған үй үшін неге айына 130 мың теңге төлеуім керек, – деп мұңын шақты тұрғындардың бірі. Төлеген Байғұлов болса, тұрғындардың мұң-мұқтажын «Шығыс – Адалдық алаңы» жоба­лық кеңсесіне жеткізетінін айтып, аталған мәселені өз бақылауында да ұстайтынын мәлім етті. Сонымен қатар «Адалдық алаңы» республикалық жобалық кеңсесінің басшысы Өскемен әкімдігі жанынан ашылған фронт-кеңседе де болып қайтты. Ashyq akimdik деп аталатын бұл орталыққа сапары барысында Т.Байғұлов бастаған ресми делегация мүше­лері халыққа көрсетілетін қыз­мет түрлерімен танысып, тұрғын­дарды толғандыратын негіз­гі мәселелерден хабардар болды. Белгілі болғандай, фронт-кеңсеге келетін халықты негізінен тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық, жер қатынастары, жұмыс­пен қамту, сондай-ақ құрылыс пен сәулет мәселелері көбірек толғандырады екен. «Мұнда маман кеңесін алып қана қоймай, өтініш те беруге болады, электронды сан­дық қолтаңба алуға да көмектесеміз», – дейді кеңсе қызметкерлері. Дәл осы жерде қала әкімінің қабылдау бөлмесі де орналасыпты. Фронт-кеңсенің жұмысымен танысқан Төлеген Байғұлов атқа­рылып жатқан жұмысқа оң бағасын беріп, бір ғана сын-ескертпе айтты. Оның пікірінше, фронт-кеңсе өте тар бөлмелерде орналасқан. Бұл орталықтың қызметкерлері үшін де, көмек сұрап келген тұрғындары үшін де едәуір қолайсыздық ту­ғызады. – Аталған мәселені шешу жолдарын қарастырудамыз. Алда­ғы уақытта фронт-кеңсені қалалық әкімдік ғимаратының бірінші қабатына көшіруді жоспарлап отырмыз, – деді қала әкімі аппар­атының басшысы Нұрлыбек Шерубаев. Айта кетейік, күніне фронт-кеңсе мамандарының көмегіне шамамен 20 шақты адам жүгінеді екен. Сонымен қатар бұл жерде Сall-орталық пен тікелей желі қызметі де жұмыс істеп тұрғанын айтқан абзал. Өскеменге сапары барысында «Адалдық алаңы» республикалық жобалық кеңсесінің басшысы болашақ қалалық жұмыспен қамту орталығы ғимаратындағы, сондай-ақ Оралхан Бөкей атын­дағы кітапханадағы құрылыс жұмыстарының барысымен таны­сып, бірқатар көшедегі жол жөндеу жұмыстарына бағасын берді.  

Тұрғындар медициналық көмек бойынша жиі шағымданады

Сондай-ақ «Адалдық алаңы» республикалық жобалық кеңсе­сінің басшысы Төлеген Байғұлов облыс орталығында «Шығыс – Адалдық алаңы» жоба­лық кеңсе­сінің кураторы, облыс әкім­інің бірінші орынбасары Алмасхан Сматлаевпен бірге аталған кеңсе­нің жұмысы бойынша кеңеске қатысты. Онда аймақтағы денсаулық сақтау саласының өзекті мәсе­лелерін қамтыған тұрғындар шағымына қатысты мәселелер және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын жаңғырту жайы қарастырылды. Күн тәртібіндегі алғашқы мәселеге орай сөз алған облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ілияс Мұхамеджан ағымдағы жылдың алғашқы бес айында басқармаға 369 өтініш түскенін, оның 281-і жеке, 88-і заңды тұлғалардан екенін айта келе, өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда көрсеткіш 22,6 пайызға төмендегенін жеткізді. Өңірдің бас дәрігерінің айтуынша, азаматтардың арыздарының негізгі сипаты медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыруға, еңбек бойынша мәселелерге, жалақы төлеуге, дәрігерлік препараттардың жоқтығына байланысты болған. Сондай-ақ дәрігерлердің әдебі мен диентологиясының бұзылуына, жергілікті жерлерде медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру бойынша жеткіліксіз жұмысқа, медициналық ұйымдардағы ішкі аудит қызметінің жеткіліксіздігіне қатысты да шағымдар туындаған. – Облыстың денсаулық сақтау саласындағы жүйелі проблемаларды шешу үшін денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттырудың 2017-2019 және 2020-2024 жылдарға арналған, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын кешенді жоспары әзірленді. Бағдарламаның негізгі бағыттары – адам капиталын дамыту, қан айналым жүйесі ау­рулары, ана мен баланы қорғау, онкология бағыттары бойынша ресурстар мен технологияларды дамыту, – деген Ілияс Мұхамеджан соңғы үш жылда облыстың ден­саулық сақтау саласында іске асырылған ауқымды реформаларға жеке-жеке тоқталды. Кеңесте оның айтқандарын толықтыра түскен  Алмасхан Сматлаев енді өңірдің дәрігерлері әлемнің жетекші емханаларында тек үш айға ғана емес, бір жылға дейін біліктіліктерін шыңдай ала­тынын жеткізді. Ал өңірдің ТҮКШ саласын жаңғырту бойынша баяндаған облыстық Энергетика және комму­налдық шаруашылық басқар­масының басшысы Дәулет Батырбаев Еуропалық қайта құру және даму банкі арқылы жүзеге асырылатын бірқатар ірі жобаға тоқталды. Мәселен, солардың қатарында Өскемен және Семей қалаларында тұрмыстық қатты қалдықтар полигонын салу жобалары бар. Сондай-ақ басқарма басшысы өңірдің қалалары мен аудандарындағы абаттандыру, жарық­тандыру бағытында атқарылған шаруаларды да атап өтті. Жиын барысында осы екінші мәселеге қатысты сөз алған Төле­ген Байғұлов шығысқа жаса­ған сапары аясында Семейдегі Қарағайлы тұрғын ауданында салынып жатқан құрылыстармен танысқанын, ондағы көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысында біраз кемшілік анықталғанын, оларды түзетуді қала әкімінің орынбасары өзінің бақылауына алғанын мәлім етті. Оның ай­туынша, мұндай жағдайлар Өске­мендегі құрылыс нысандарын аралау барысында да кездескен. Бұл мәселе бойынша жауап берген Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Тамара Рахымжанова айтылған сынның орынды екенін мойындап, аталған баспаналардың құрылысына жауапты мердігермен тиісті жұмыстар жүргізілетінін айтты. Төлеген Байғұлов сонымен бірге облыс орталығындағы кө­шелерде қоқыстардың заңсыз шашылып жатқан фактілері де кездескенін айта келе, бұл бағытта жұмысты ширата түсуді жергілікті полиция қызметіне тапсырды. «Шығыс – Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жұмысын қо­рытындылаған Алмасхан Сматлаев кеңесте көтерілген мәс­елелердің барлығы да назарға алынып, нақты шешімдер қабылданатынын жеткізді.  

Дәурен АЛЛАБЕРГЕНҰЛЫ, Шығыс Қазақстан облысы