Ішкі нарықты қамтамасыз ету – өткір мәселе
Ішкі нарықты қамтамасыз ету –  өткір мәселе
187
оқылды

Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаттары Қожахан Жабағиев пен Әбдіманап Бектұрғанов Жамбыл облысына ісса­пары барысында Президент жүктеген 10 міндетті іс жүзінде жүзеге асырып, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарды бағамдады. Алдымен тәулігіне 80 тонна сүт өнімдерін өндіруге қауқарлы «Көкжиек» ЖШС еңбек ұжымымен кездесіп, кәсіпорын жұмысымен танысты.

Облыс орталығындағы жы­лына 80 тонна сүт өңдеуге қуат­ты «Көкжиек – 2030» ЖШС өткен жылы сүт өңдейтін және толы­ғы­мен автоматтанды­рыл­ған цифрлы басқару жүйесі енгізілген зауыт іске қосылған болатын. 2007 жы­лы құрылып, сүт өнімдерін өнді­румен айна­лыса бастаған өндіріс орны был­тыр жыл соңында қайта ке­ңейтіліп, модерниза­цияланды. Еңбек өнімділігін арттыру мақ­сатында Италиядан жеткізілген соңғы үлгідегі технологиялармен жарақтандырылды. Жобаға тар­тылған инвестиция көлемі – 1,6 миллиард теңге. Зауыттың қуат­ы – жылына 80 тонна сүт өнімін өндіруге жетеді. Ал қажетті шикізат Жуалы, Жам­был, Байзақ, Т.Рысқұлов, Қор­дай, Мерке аудандарынан және Түр­кіс­тан облысынан жеткізіліп жатыр. Кәсіпорын директоры Әбдіғали Бегімбетов бүгінгі таңда сүт ба­ғы­тындағы 4 ауыл шаруа­шылығы кооперативімен бірлесе жұмыс жүргізіп жат­қанын, алдағы уа­қытта коопе­ративтер санын 10-ға жеткізуді жоспарлап отырғанын тілге тиек етті. Аталған зауыт өндірген өнім көлемі соңғы бес жылда 186,2 миллион теңгеден 774,3 мил­лион теңгеге дейін өсіп, тұрақты жұмысшылар саны 32-ден 48-ге артқан. Орташа айлық жа­ла­қы 102-140 мың теңге ара­лы­ғын­да. Өткен жылы зауыт 778 мил­­лион теңге болатын 81 тонна өнім шы­ғарып, жоспарды толы­ғымен орындаса, биыл бірінші жарты­жылдық қорытындысы бойын­ша 389 миллион теңге қаржы көлемі болатын 41 тонна өнім өндіріп отыр. Сүт және ет өнім­дерін тереңдете өңдеуге және өндіріс орындарын цифрлан­дыруға ерекше көңіл бөлінеді. Толықтай цифрландырылған «Көкжиек – 2030» жауап­кер­ші­лігі шектеулі серіктестігі зауы­тының іске қо­сылуы – осының айғағы. Жалпы, облыста сүт өнімдерін өндіретін 18 кәсіпо­рын жұмыс істейді. Сондай-ақ серіктестік басшысы өңірдегі қожалықтар мен жеке азамат­тарға 100 бас сиырға дейін сатып алып бере ала­тынын айта­ды. Қазір серік­тестік аймақтағы 35 шағын қо­жалық­тардан күн­делікті сүт алып отыр. Сүт қа­былдау бағасы – 95 теңге.

– Бүгінгі күні екі қолға бір жұ­мыс таба алмай отырған аза­мат­тарға да жұмыс тауып бере аламын. Мысалы, 10 бас сауын сиыр алған азамат қайтарымын бес-алты айда өтей алады. Тек еңбек етсе болғаны. Қазір ішкі нарықта Ресей, Беларусь өнім­дері көбейіп тұр. Алайда, ішкі өнімді толық қамтуда біздің әлеуетіміз де жетеді. Әзірге ішкі нарықтағы үлесіміз – 20 пайыз. Субсидия мә­селесі де оң жам­басқа келмей тұр. Ендігі мәсе­ле – шағын және орта бизнес нысандарын тексе­ру, әкімшілік кедергілер азайса екен, – дейді депутаттарға өтіні­шін жеткізген Әбдіғали Бегім­бетов. Парламент Мәжілісінің депутаты Қожахан Жабағиев бүгінгі күні көрші Өзбекстан мемлекетінің ірі қара басына сұранысы артқанын алға тартып, жергілікті шаруа­лар­ды қолдауда тың бастамалар қолға алынып отырғанын айтты. «Бүгін Тараз қа­лалық жұмыспен қамту орталы­ғында болдық. Онда облыс орта­лығы бойынша 7,5 мың адам жәр­демақы алуға өтініш беріпті. Егер осы азамат­тардың қатарынан тірліктің көзін тауып, бала-шағасының несібесін қосымша жұмыс кө­зімен табамын дейтіндер болса, осы серіктестіктен несиеге он бас сиыр алып, оның өтеуін сүт­пен өтей алатынын да жеткізу керек. Бұл – үлкен мүмкіндік. Ал осындай істің көзін тапқан аза­маттарға әкімшілік кедергі кел­тір­мей, қолдағанымыз дұ­рыс», – деді Қожахан Жабағиев. Бұдан кейін Мәжі­ліс депутаттары Тараз қала­сындағы Жамбыл жоғары политехникалық колледжіне барды. Арнаулы орта оқу ор­нында атқарылып жатқан жұ­мыстарды колледж директоры Жанар Орын­баева айтып берді. Кол­леджде бүгінде 3 200 студент білім алса, оның 2 900-і бюджет есебінен оқып жатыр. Кол­ледж­де барлығы 500 адам еңбек етсе, оның 230-ы – оқытушылық құ­рам. 30 ма­мандық бойынша білім беріп жатқан колледж биылғы оқу жылының өзінде нәтижелі жұ­мыс­пен қамту бағ­дарламасы бо­йынша 170, бюд­жеттен 200, тегін кәсіптік білім беру бағдары бо­йынша 130 грант алып отыр екен. Білім мекемесі мен студенттердің қол жеткізген жетістіктерін айтып берген Жанар Рымбекқызы кол­ледж еліміздегі үздік он кол­ледж­дің қатарына еніп отырғанын да мақтанышпен жеткізді. Бұдан соң халық қалаулылары елімізде тең­де­­сі жоқ «Тараз-Арена» спорт ке­ше­ніне келді. Депу­таттармен бір­ге жүрген қала әкімінің орын­басары Кен­жебек Олжабай қа­ланың қо­ғам­дық және әлеу­мет­тік өмірінен деректер айтып берді.

 

Жамбыл облысы