Құрылыстағы былықтан қашан құтыламыз?

Құрылыстағы былықтан қашан құтыламыз?

Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы мә­лімет таратты. Бұл нысан 2017 жылы ашылуы керек бо­латын. Осы сияқты «сақалды» құрылыстарға қанша қаражат кетті. Әлі салынбағаны қанша? Елорда әкімі Алтай Көлгінов жыл басында БАӘ астанасы Абу-Даби қаласына жасаған сапарының нәтижесі жайлы телеарна арқылы айтқан болатын.

– Елордамызда «Абу-Даби Плаза» нысанының салынып жатқанына ұзақ уақыт болды. Құрылыс барысында кейбір мәселе әлі де бар. Сондықтан Абу-Даби қаласына барып, оның жоғарғы басшылығымен кездесуге тура келді. Онда Aldar Properties ком­паниясымен құрылысты биыл аяқтау жөнінде келіссөз жүргіздік. Бұл компанияның осындағы мер­дігерлері уақыт жағынан біраз кешік­тіріп жатыр. Компания жетек­шілерімен кездесуде осы мәселені, тұрғындардың ғимараттың ашы­­луын асыға күтіп жүргенін жеткіздік. Дегенмен бұл нысанның құрылысы мүлде тоқтап тұр деп айтуға болмайды. Ондағы Shopping орталық жұмыс істеп тұрса, Sheraton қонақүйі осы ақпан айында ашылады. Тек ең басты ғимараты қалып тұр. Президент бастап барған делегацияның қатарында болып, келіссөз кезінде осы мәселелерді сөз еттік. Абу-Дабидегі серіктестеріміз құрылысты осы жылы аяқтауға уәде берді. Енді алып ғимараттың құрылысы биыл аяқталуы тиіс. Мұ­ны ары қарай созуға болмайды, – деді елорда әкімі.
Әрине, елімізде бұл сияқты жұмыстары ұзаққа созылған «са­қалды» құрылыстар жетерлік. Со­нымен қатар осы саладағы жем­қорлық та азаяр емес. 2019 жыл­дың қоры­тынды жиналысында Сыбай­лас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Превенция депар­та­ментінің басшысы Анар Жарова: «Мониторинг көрсет­кендей, жергілікті атқарушы органдарда жемқорлық қылмыстар көбінесе білім беру саласында (54), жер қатынастары (29), ауыл ша­руашылығы (27), сәулет және құрылыс (25), тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылығы (19) салаларында жасалады» деп атап өткен болатын. Осыдан-ақ құрылыс саласындағы пара беру мен алу тыйылмай отырғанына көз жеткіземіз. Өйткені мұның алдыңғы жылдары да құрылысшылар жем­қорлықпен талай сотты болған еді. Мысалы, 2017 және 2018 жылдың нәтижесінде де құрылыс саласы атойлап алдыңғы орыннан көрінгені бар. Бір ғана Алматыда лицензиялау бағытындағы бекітілген нор­ма­ларды бұзу мен біліктілік талап­тарына сәйкес келмеуі және мерзімінен бұрын қайта жаң­ғыртқаны үшін 102 құрылыс ком­паниясы лицензиясынан айы­рылды. Белгіленген лицензиялау нормаларын, сондай-ақ құры­лыс жұмысын сапасыз жүргізгені үшін Артемида LTD және Cen­tralAsianHolding ЖШС жұмысын тоқтатты. Ал 2020 жылдың басынан бері талапқа сай жұмыс істемеген алты компания анықталды.
2019 жылы тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылығы саласында 104 парақорлық тіркелген. «Ста­тис­тикалық мәліметтер бо­йынша, тек 2019 жылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет аталған салада 104 қылмысты қарады. Оның 91-ін жемқорлыққа қарсы қызмет тіркеп, 56-сын тергеп, кейін 49-ы сотқа жіберілді. 20-дан астам лауазымды тұлға жауапқа тартылды», – дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өкілі. 2019 жылы аталған қылмыстардан мемлекетке 2,5 млрд теңге залал келген. Жалпы, 2017-2019 жылдар аралығында ТКШ және энергетика саласында 300-ден аса пара беру фактісі тіркелген. Нәтижесінде, 288 іс сотқа жіберіліп, 78 адам жауапқа тартылды.
2017 жылы Ақтөбеде құрылысы он жыл бұрын басталып, әлі аяқ­талмаған, қала көркін бұзып тұрған нысандар бары айтылды. Құрылыс қызметінің сапасын бақылау мақсатында 874 жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Нәтижесінде, 104 заң бұзушылық анықталған. Заң талаптарын орындамаған 19 нысанды бұзу туралы шешім шығарылды. 95 адам айыппұл төледі. Мәселен, Бөгенбай батыр көшесінде тағы бір мейрамхана бой көтеруі тиіс болатын. Құрылыс жұмыстарының басталғанына 10 жылға жуықтапты. Жеке кәсіпкер өз меншігіндегі жерді биік дуалмен қоршап қойған. Алайда қаражаттың аздығынан құрылысты әзір бастамайтынын айтып, жер учаскесін сатылымға шығарыпты. Құрылыс халықаралық әуежайға апаратын тасжолдың бойында тұрғандықтан, қала келбетіне нұқсан келтіріп тұр. Мамандардың айтуынша, қалада мейрамхана саламын деушілердің саны артқан. Коммерциялық мақсатта жер алғандардың дені бизнестің осы түрімен айналыспақ. Қалада құрылысы көп жылдан бері тоқтап тұрған нысандардың дені мейрамханалар, жанар-жағармай құю бекеттері мен дүкендер. Құрылыс бастау мақсатында аттестациядан өтуге 273 адамнан өтініш түскен. Алайда оның 85-і ғана өтті. Ақтөбеде құрылысы ұзаққа созылған 22 нысанның жиырмасында құрылыс-монтаж жұмыстары жүріп жатыр. Ал қалған екі нысанның жері көзделген мақсатта қолданылмай отыр. Мұндай мәселе еліміздегі басқа қалаларда бар. Мысалы, Қарағанды қаласындағы С.Мұқанов көшесінде салынған автовокзал бірнеше жыл болды, қаңырап тұр. Бұл нысанға миллиондар кеткені бар. Құрылыстағы былықты тізбелей берсек, таңды-таңға атыруымыз мүмкін. Сондықтан еліміздегі құрылыс саласына тәртіп орнатар уақыт жеткендей. Әйтпесе, «сақалды» және сапасыз құрылыстың зары бітпейді.  

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ