Отбасы ойран болса, ырыс – ысырап
Отбасы ойран болса,  ырыс – ысырап

Отбасы – алтын бесік, қасиетті шаңырақ, ізгілік пен ырыс ошағы. Тату-тәтті отбасы, оның мүшелерінің рухани жақындығы, бір-біріне адал­дығы, шаттық-қуанышта бірге шалқып, қайғы мен қиындықта өзара қолұшын беруі – нағыз бақыттың бастауы. Ал отбасыда бақытты емес адамдардың Отанға, мемлекетке де көңілінің тола қоюы, елге, ұлтқа сүйіспеншілік пен рақым танытуы неғайбыл.

Қай заманда да қазақтың тірші­лігінің тіні, ауқатының ұстыны, дәс­түрлі құндылықтарының тұғыры отба­сынан басталатын болған. Алайда кейінгі кездері қазақстандықтардың осы рухани қазынадан бас тартуға бейім тұратыны, отауды берік қорғанға айналдыру орнына тезірек қиратуға ұмтылатыны қамықтырады. Ресми мәліметтер көрсеткендей, әдетте ор­тақ перзенттері жоқ отбасылардың ажырасу дерегі көп. 2016 жылы 47 677 тұл отбасы ажырасуға бел буып, оның 33 948-і немесе 71,2%-ының өтініші қанағаттандырылған. 2017 жылы бұл көрсеткіш 52 896-ге дейін артқан. Соттар арқылы сол жылы баласыз ерлі-зайыптылардың 36 810-ы немесе 69,6%-ы айырылысып тынды. Ұқсас жағдай былтыр және биыл да қай­таланды.

Отаулардың бұзылуы фактілерінің артуына байланысты мемлекет тату­ластыру институтын сынақ ретінде енгізген. Ол бойынша бет-бетімен кет­пес бұрын жұбайлар алдымен мін­детті түрде медиатормен әңгімелесіп, оның кеңесін тыңдауы тиіс. Бұл пи­лоттық жоба аясында некені бұзу туралы 8 099 іс бітім келісі­мімен аяқ­талған.

Бір қынжылтатыны сол, енді ба­лалы отбасылардың ойрандалу дерек­тері көбейе бастапты. Бұған азамат­тар­ды экономикалық себептер итер­­­мелеуі ықтимал. Биылғы 30 ма­мыр­­да Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осыған баса назар аудартты:

«Атаулы әлеуметтік көмек алу мақсатында көпбалалы ата-аналардың ажырасуы жиілеп кетті. Үкімет пен Президент Әкімшілігіне алаяқтыққа тосқауыл қою үшін цифрландыру жүйесін енгізуді жеделдету тап­сырылды. АӘК – бұл мұқтаж аза­мат­тарға берілетін мемлекеттің жәр­де­мақысы», – деп жазды ол Twitter-дегі парақшасында.

Осының алдында Шымкент судья­лары қалалықтардан ажырасу және әкеліктен бас тарту жөнінде өтініштер күн сайын 10-15-тен қаптап түсіп жатқанын мәлімдеді. Әңгімелесу кезінде адамдардың бұған АӘК алу үшін барып жатқаны анықталған.

Расында, 2019 жылдың 5 айында Қазақстан бойынша кәмелет жасқа толмаған балалары бар отбасылардан некені бұзу туралы өтініштер 29 мыңнан асып кетіпті. Алайда судьялар олардың барлығын бірдей қана­ғаттандырып жатқан жоқ. Осы кезеңде 15 025 іс қана қа­нағаттандырылды. Қалғандары бітімге келуге байланысты тоқтатылған; тату­ласуға уақыт беру үшін 1-ден 6 айға дейін кейінге қал­дырылған; тарап­тардың бірінің талабымен өтініш қараусыз қал­дырылған немесе әзірге сотта қарал­маған.

Мемлекеттен жәрдемақы алу үшін отбасын бұзуға жол бермеу мақсатында қолданыстағы заңнамаға түзетулер енгізіп, «жәрдемақы алу үшін жалған ақпарат ұсынған және мемлекеттік органдарды алдаған ерлі-зайып­ты­лар­ға әкімшілік жаза қолдану» ұсынылып отыр. Бұл ретте осындай тәсілмен алынған сома – жәрдемақы мемле­кетке кері өндіріп алынады және оған барғандар алаяқтық үшін қылмыстық жауапкершілікке де тартылуы мүмкін.

Сондай-ақ елімізде отбасын сақтап қалу мақсатында жергілікті әкімдіктер жанынан «Отбасын ресурстық қолдау орталықтарын» ашу жоспарда бар. Онда бас қосуға сөз байласқан жас­тардың некеге тұру алдында бірлескен тұрмыста кездесетін мәселелер бойын­ша мамандардың кеңесін алу­дың міндетті рәсімі жүргізіледі. Тиісінше, азаматтар ерлі-зайыпты атану үшін АХАТ-қа осындай кеңес алғандары туралы анықтама тап­сырады. Осыған байланысты «Неке және отбасы туралы» кодексіне тиісті түзетулер енгізу қарастырылып жатыр.