Жүк тасымалына шектеу қойылған емес
Жүк тасымалына шектеу қойылған емес
Ал санитарлық-эпидемиологиялық жағдай жақ­сарғанға дейін шекарадан өтуге уақытша тыйым салынған. Алайда Қазақстан азаматтарына ел аумағына кедергісіз қайтып келуіне, шетел аза­маттарына Қазақстаннан шығуға рұқсат берілген. Бұл туралы Ұлт­тық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі Шекаралық бақылау департаменті бастығының орынбасары  Ғани Ағаділов мәлімдеді. Ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслиха­тын­да пандемия жағдайына бай­ланысты қазақстандықтар мен шетел азаматтарынан, сонымен бірге бірқатар мемлекеттік ұйымдардан мемлекеттік шекарадан өтуге қатыс­ты сұрақ түсіп жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, шектеулер дип­ломаттарға, ұшақ пен теңіз эки­паж­дарына, пойыз бригада­ларына, жүк автокөліктерінің жүр­гізушілеріне және басқа тұлғаларға қолданылмайды. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің сайтында, Instagram аккаунтында шектеулерге қатысты толық тізім жарияланған. ҰҚК Шекара қызметі Шекара­лық бақылау департаменті басты­ғы­ның орынбасары полковник Олег Фисенко шекара бекеттерінде жолаушылар ағыны азайғанымен, заң бұзушылық толастамай тұрғанын тілге тиек етті. Оның айтуына қара­ғанда, шекаралардың ашылып, бұрынғы жұмыс қалпының қайта оралу мәселесі кезең-кезеңімен шешіледі. Ол үшін алдымен кешенді талдау жүргізілуі керек. Бұл ретте негізгі үш көрсеткіш есепке алынады. Біріншісі, елде эпидемиологиялық ахуал жақсаруы керек. Екіншіден, халықаралық әуе және теміржол қатынастары қалпына келтірілуі тиіс. Үшіншіден, қазақстандықтар баруға жоспарлаған елдің шекарасы ашылуы керек. Айта кетейік, қазіргі таңда осындай жұмыс ретімен Түр­киямен әуе қатынасы қалпына келтірілген. Оңтүстік Кореядан да рейстер орындалып жатыр. Онлайн режимдегі баспасөз мә­слихатында пандемия кезінде де заңға қайшы әрекеттер тіркеліп жатқаны айтылды. Мәселен, шека­рашылар елден 7 миллион қорғаныш маскасын, 20 мың респиратор мен 3 мың қорғаныш киімін, 4 млн жұп медициналық қорғаныш қолғабын сыртқа шығармақ болғандардың жолын кесіпті. Сонымен бірге бө­тен және жалған құжат арқылы шека­радан өтуге тырысу да тыйылмаған. Есте болса, бұған дейін Қазақстан мен Қырғыз Республикасы шекара­сында көліктердің жиналып қал­ғаны туралы ақпарат құралдары хабарлаған болатын. Бұл мәселеге қатысты Қаржы министрлігі түсі­нік берген. Ал ҰҚК Шекара қыз­меті қазіргі таңда қазақ-қырғыз шека­ра­сында көліктің болсын, жүк көлі­гінің болсын, жиналуына қатысты еш­қан­дай проблема жоқ екенін жеткізді.
«Маусым айының басында мә­селе туындағаны рас. Бірақ оның бірнеше объективті себебі болды: біріншіден карантин шектеулеріне байланысты бізде өткізу бекеттерінің біразы жұмысын тоқтатқан болатын. Алайда жағдай қиындаған кезде де Қазақстан жүк тасымалдаушылар үшін бір күн де шекараны жапқан жоқ», – деді Олег Фисенко.
Оның айтуынша, маусым айы­ның басында Қырғыз Республи­ка­сымен шекарадағы көліктің жи­налып қалуының тағы бір себебі жеміс-жидектің пісіп, шекара арқы­лы өткісі келгендердің көбеюіне байланысты. Ал өткізу бекеттерінде Шекара қызметі ешқандай шектеу енгізген жоқ. Жүк тасымалдарының бақылауын күшейтпеді. Бүгінгі күні ондағы өткізу бекеттерінің бәрі жұмыс істеп тұр. Мәселе шешілді. Қазақстан тарапында да, Қырғыз Республикасы тарапында да көліктің жиналып қалу дерегі тіркеліп жатқан жоқ.  

Айдана БЕГІМ