Ал санитарлық-эпидемиологиялық жағдай жақсарғанға дейін шекарадан өтуге уақытша тыйым салынған. Алайда Қазақстан азаматтарына ел аумағына кедергісіз қайтып келуіне, шетел азаматтарына Қазақстаннан шығуға рұқсат берілген. Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі Шекаралық бақылау департаменті бастығының орынбасары Ғани Ағаділов мәлімдеді. Ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында пандемия жағдайына байланысты қазақстандықтар мен шетел азаматтарынан, сонымен бірге бірқатар мемлекеттік ұйымдардан мемлекеттік шекарадан өтуге қатысты сұрақ түсіп жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, шектеулер дипломаттарға, ұшақ пен теңіз экипаждарына, пойыз бригадаларына, жүк автокөліктерінің жүргізушілеріне және басқа тұлғаларға қолданылмайды. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің сайтында, Instagram аккаунтында шектеулерге қатысты толық тізім жарияланған. ҰҚК Шекара қызметі Шекаралық бақылау департаменті бастығының орынбасары полковник Олег Фисенко шекара бекеттерінде жолаушылар ағыны азайғанымен, заң бұзушылық толастамай тұрғанын тілге тиек етті. Оның айтуына қарағанда, шекаралардың ашылып, бұрынғы жұмыс қалпының қайта оралу мәселесі кезең-кезеңімен шешіледі. Ол үшін алдымен кешенді талдау жүргізілуі керек. Бұл ретте негізгі үш көрсеткіш есепке алынады. Біріншісі, елде эпидемиологиялық ахуал жақсаруы керек. Екіншіден, халықаралық әуе және теміржол қатынастары қалпына келтірілуі тиіс. Үшіншіден, қазақстандықтар баруға жоспарлаған елдің шекарасы ашылуы керек. Айта кетейік, қазіргі таңда осындай жұмыс ретімен Түркиямен әуе қатынасы қалпына келтірілген. Оңтүстік Кореядан да рейстер орындалып жатыр. Онлайн режимдегі баспасөз мәслихатында пандемия кезінде де заңға қайшы әрекеттер тіркеліп жатқаны айтылды. Мәселен, шекарашылар елден 7 миллион қорғаныш маскасын, 20 мың респиратор мен 3 мың қорғаныш киімін, 4 млн жұп медициналық қорғаныш қолғабын сыртқа шығармақ болғандардың жолын кесіпті. Сонымен бірге бөтен және жалған құжат арқылы шекарадан өтуге тырысу да тыйылмаған. Есте болса, бұған дейін Қазақстан мен Қырғыз Республикасы шекарасында көліктердің жиналып қалғаны туралы ақпарат құралдары хабарлаған болатын. Бұл мәселеге қатысты Қаржы министрлігі түсінік берген. Ал ҰҚК Шекара қызметі қазіргі таңда қазақ-қырғыз шекарасында көліктің болсын, жүк көлігінің болсын, жиналуына қатысты ешқандай проблема жоқ екенін жеткізді.
«Маусым айының басында мәселе туындағаны рас. Бірақ оның бірнеше объективті себебі болды: біріншіден карантин шектеулеріне байланысты бізде өткізу бекеттерінің біразы жұмысын тоқтатқан болатын. Алайда жағдай қиындаған кезде де Қазақстан жүк тасымалдаушылар үшін бір күн де шекараны жапқан жоқ», – деді Олег Фисенко.Оның айтуынша, маусым айының басында Қырғыз Республикасымен шекарадағы көліктің жиналып қалуының тағы бір себебі жеміс-жидектің пісіп, шекара арқылы өткісі келгендердің көбеюіне байланысты. Ал өткізу бекеттерінде Шекара қызметі ешқандай шектеу енгізген жоқ. Жүк тасымалдарының бақылауын күшейтпеді. Бүгінгі күні ондағы өткізу бекеттерінің бәрі жұмыс істеп тұр. Мәселе шешілді. Қазақстан тарапында да, Қырғыз Республикасы тарапында да көліктің жиналып қалу дерегі тіркеліп жатқан жоқ.
Айдана БЕГІМ