Nur Otan партиясы БАҚ өкілдерінің үздіктерін марапаттады. Нұр-Сұлтан қаласында журналистер арасындағы Nur Suńqar республикалық конкурсының мерейтойлық марапаттау салтанаты өтті.
Nur Suńqar конкурсы оныншы рет өткізілді. Осы аралықта конкурсты өткізу үлгісі, ережесі, аталымдар мен жүлделер де өзгертіліп, жетілдірілді. Бүгінгі таңда байқау еліміздегі медиа саласының қызметкерлерін ынталандыруға бағытталған беделді іс-шаралардың біріне айналды. Конкурстың мақсаты – отандық журналистер, блогерлер мен шығармашылық ұжымдарды қолдау, олардың кәсіби журналистиканы дамытуға, қоғамды жедел әрі объективті ақпаратпен қамтамасыз етуге қосқан үлесін бағалау.
Марапаттау салтанатында сөз сөйлеген Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Nur Suńqar конкурсының журналистер арасындағы өз ісінің нағыз майталмандарын қолдауға арналған іс-шара екенін атап өтті.
– Заман өзгеріп жатыр. Жаңа технологиялар дамып, қоғам сұранысы өзгерді. Көпшілік әлеуметтік желілерден альтернативті ақпарат алады. Бүгінде әрбір адам журналист секілді жұмыс істеп, өз пікірі мен ойын әлеуметтік желілер арқылы халыққа жеткізеді. Дегенмен кәсіби журналистердің рөлі өте маңызды. Nur Suńqar байқауы – дәл осы кәсіби журналистиканы қолдайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні ретінде өз алдына бөлек мереке болып бекітілгенін жақсы білесіздер. Бұл – журналистердің қоғамдағы мәртебесін одан ары өсіретін игі бастама. Сіздер халық пен мемлекет арасына дәнекер болып тұрған алтын көпірсіздер. Түйткілді мәселелерді шешу мен жалпы елдің дамуы сіздердің кәсіби сөзіңіз бен азаматтық ұстанымдарыңызға байланысты, – деді Бауыржан Байбек.
Он жылдың ішінде 100-ден астам журналист түрлі номинациялар бойынша жеңімпаз атанды. Жылдан-жылға конкурсқа қатысуға ниет білдірген жастардың саны артып келеді. Осыны ескере келіп, партия жастарға арналған «Жас серпіліс» номинациясын тағайындады.
Биыл конкурс нәтижесі негізінде жеңімпаздар 10 аталым бойынша, атап айтқанда, «Халық дауысы» – Үздік телевизиялық журналист, «Точка зрения» – Үздік телевизиялық журналист, «Сөз зергері» – Үздік газет журналисі, «Мастер слова» – Үздік газет журналисі, «Медиа-профи» – Үздік интернет басылым журналисі, «Жас серпіліс» – Үздік жас журналист, «Елбасы салған сара жол» – Елбасы қызметін ең жақсы көрсеткен жарияланым үшін марапат, «Партиялық жобалар жайлы жарық көрген ең жақсы жарияланым үшін», «Майталман» – отандық журналистиканың дамуына қосқан үлесі үшін, «Рухани жаңғыру» – қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын насихаттауға қосқан үлесі үшін марапатталды.
Биыл конкурстың ұйымдастыру комитетіне 207 қатысушыдан мыңға жуық жұмыс келіп түсті. Парламент Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов төрағалық еткен комиссия мүшелері төмендегі БАҚ өкілдерін жеңімпаз деп таныды.
«Халық дауысын» – «Қазақстан» телеарнасы «Апта» бағдарламасының редактор-сарапшысы Айбек Қобдабай, «Точка зрения» аталымын – «Хабар24» телеарнасының шығарушы редакторы Жұрағат Баман, «Сөз зергерін» «Егемен Қазақстан» газеті бас редакторының орынбасары Ғабит Мүсіреп, «Мастер слова» аталымын – «Литер» газетінің тілшісі Талғат Исенов, «Медиа-профиді» – Bnews.kz ақпарат агенттігінің бас редакторы Ақмарал Олжабаева, «Жас серпілісті» – «Хабар» телеарнасының тілшілері Сәкен Махаметкерімов пен Назымгүл Күміспаева, «Елбасы салған сара жол» аталымын «Казахстанская правда» газетінің арнайы тілшісі Игорь Прохоров, «Партиялық жобалар жайлы жарық көрген ең жақсы жарияланым үшін» – «Астана ТV» телеарнасының ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар қызметінің арнайы тілшісі Екатерина Брынюк пен «Айқын» газетінің журналисі Гүлжан Рахман, «Рухани жаңғыруды» насихаттағаны үшін «Астана телеарнасы» ЖШС-ның атқарушы продюсері Базаркүл Отыншиева мен «Абай» журналының тілшісі Айгүл Кемелбаева иеленді. «Майталман» номинациясы отандық журналистиканың дамуына қосқан үлесі үшін «Жетісу» телеарнасының қызметкері Нұртілеу Иманғалиұлына берілді
.