Исламхан қай клубты таңдайды?
Исламхан қай клубты таңдайды?
Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншысы Бауыржан Исламхан қазіргі кезде Алматы қаласында жүр. Алдағы айдың басында оның қай клубта өнер көрсететіні белгілі болады. Ақпан айынан бастап арабиялық «әл-Айн» жейдесін киген футболшы Қазақстанға мамыр айында келген болатын. Футболшының аталған командамен арадағы келісімшарт мерзім айдың аяғында бітеді. Клуб басшылығы келісімшарт аяқталмай жатып Бауыржанға жаңасын ұсынған. Бірақ еліміздегі үздік футболшының мансабын қайда жалғастыратыны әзірге нақтыланған жоқ. Бұдан біраз уақыт бұрын қазақстандық футболшының агенті Марат Арчегов Бауыржанға Италияның А сериясынан, Ресей Премьер лигасынан ұсыныстар келіп түскенін айтқан еді. Ал Ресейдің «Спорт-Экспресс» сайты Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны Бауыржан Исламханға «Рубин» клубы қызығушылық танытып отырғанын жазды. Тамыз айынан бастап Исламханның көрші елдің чемпионатында легионер саналмайтынын ескерсек, 27 жастағы футболшыны Ресей клубтарының бірінен көріп қалуымыз ғажап емес. Кейбір отандық спорт сарапшылары талантты аяқдопшы алматылық «Қайрат» сапына қайта оралуы мүмкін деген ақпарат таратты. Айта кетейік, футболшы «әл-Айн» сапында 10 ойын өткізіп, 1 гол, 3 голдық пас берді.