Алматыда Мұстай Кәрімнің есіміне көше берілді
Алматыда Мұстай Кәрімнің есіміне көше берілді
160
оқылды

Алматыда башқұрт ақыны, драматург Мұстай Кәрімнің атына көше берілді.

«Мамыр-1» шағынауданында орналасқан көшенің ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы төтенше және өкілетті елшісі Иманғали Тасмағамбетов, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова және башқұрт делегациясын бастаған Мұстай Кәрім атындағы қордың құрылтайшысы, ақынның немересі Темірболат Кәрім қатысты.

Сонымен қатар, қала тұрғындары, қазақстандық және ресейлік ақын-жазушылар, этномәдени бірлестіктер, жастар ұйымдары және Мұстай Кәрімнің туыстары жиналды.

– Бүкіл түрік дүниесінің ұлы шайыры, бауырлас башқұрт халқының ақыны, жазушы-драматург Мұстай Сәфиұлы Кәрімнің есімі қаламыздағы ең бір көрнекті көшеге беріліп отыр, – деп сөз бастады Алматы әкімі. – Төрткүл дүниеге есімі кеңінен танымал Мұстай Кәрімді біздің қазақ оқырманы өз ақыным, төл перзентім деп біледі. Ақынның «Үш таған», «Талтүс» атты кітаптары қазақ тіліне аударылған. Еліміздің қалың оқырманы Мұстай Кәрімді төл ақынындай құрметтеп, оның жалынды жырларын жатқа оқиды.

Мәдениет министрі Ақтоты Райымқұлова айтқандай, «сұм соғысты да бастан кешкен Мұстай Кәрім қолынан ақ қағаз бен қаламды бір тастаған емес».

Айта кетелік, Ресейдің К.С. Станиславский атындағы Мемлекеттік сыйлығының, Башқұртстан Мемлекеттік сыйлығының, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Социалистік Еңбек Ері Мұстай Кәрімнің биыл 100-жылдығы кеңінен тойлануда.