Дастарқанда – мәрмәр ет
Дастарқанда – мәрмәр ет

Ақмола облысы Щучинск қаласында америкалық технологиямен мәрмәр сиыр етін өндіретін KazBeef Group компаниясының осы саладағы ең ірі ет өңдеуші кешені ресми ашылды.

Қазіргі таңда KazBeef Group – жем-шөп өсіруден бас­тап, өнімді қаптауға дейінгі бүкіл то­лық өндіріс циклын америка­лық технология бойынша ұйым­дас­­ты­рып, мәрмәр сиыр етін өн­діретін Қазақстан аумағындағы жал­ғыз кәсіпорын. Кешен жа­нын­да ондаған шағын ферма – «сател­литтер» шоғырланған, ком­­­пания олардан ірі қараны са­тып алуда. Осылайша, осындай бір «қозғалт­қыш» бизнес арқа­сын­да аймақ дамуына үлес қосып отыр.

Ет өңдеуші кешен қайта құрылғалы бері жылына өндірі­ле­тін өнім көлемі 2 000 тоннадан 6 000 тоннаға дейін ұлғайған. Етті сүйектен айыру және қаптау желісіне арналған жаңа жабдық сатып алынды, ал маусым айында бөлшектеп бөлінген стейктер (Skin Pack) өндірісі іске қосылды. Еттің мәрмәрлық градациясын анықтауға арналған арнайы құ­рыл­­ғы, етті сүйектен айыратын екін­ші желі орнатылды, бір уа­қыт­та 1 000 тоннаға дейін өнімді сақтай алатын Metro Cash&Carry дистрибьюторлық орталығы да салынды.

Абердин-ангус – сиырдың етті тұқымы. 1917 жылы Шотландияда жергілікті сиырды қолдан сұрыптау нәтижесінде алынды. Ірі қара  ішіндегі өте сапалы ет беретін тұқым болып саналады, бірақ жақсы азықтандыру мен бағып-күтуді қажет етеді. Тез жетіледі. Абердин-ангус сиырының түсі көбінесе қара, мүйізсіз тоқал болып келеді. Шоқтығына дейінгі орташа биіктігі 118,5 см, кеудесінің орамы 190 см, қиғаш өлшегендегі тұрқы 148 см, жіліншігінің орамы 19 см болады. Сиыры 550-600 келі, бұқасы 750-800 келі, бордақыланған өгізшелері 14  – 15 айлығында 400-450 келі орташа салмақ тартады, 60 процент таза ет, сауын маусымында әр сиыр 2 000 литр сүт береді. Өзінің биологиялық ерекшелігін көрсету үшін жақсы азықтандырып, бағып-күтуді қажет етеді. Сондықтан да Абердин-ангус сиырын жем-шөп қоры мол, ауа райы қоңыр-салқын келетін аудандарда өсіру тиімді.



Ашылу салтанатына Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдiхалықов, Kusto Group директорлар кеңесінің төра­ғасы Еркін Тәтішев, KazBeef Group бас директоры Бейбіт Ерубаев, Kusto Group директорлар кеңе­сінің мүшелері, Metro Cash&Carry, Kazakh Invest, Rixos Borovoe өкілдері қатысты.

– Қазақстанда мал шаруашы­лы­ғы әрқашанда кірісі жоғары сала болып келді. Ал бүгінгі күні ел экономикасы үшін ауқымы мен маңызы жағынан мұнай саласының деңгейіне дейін өсуге бүкіл қауқары мен мүмкіндігі бар. Біздің жеріміз бен тарихымыз Қазақстанның әлемдегі ең көш­бас­шы ет өндірушілер қатарына қосыла алатынын айғақтайды, – деп атап өтті Kusto Group дирек­торлар кеңесінің төрағасы Еркін Тәтішев.

– KazBeef кешенінің ашылуы компания тарихындағы аса айтулы кезең болып табылады. Жаңа кешенді іске қосу арқылы отандық ет өніміміздің бүкіл әлемге әйгілі әрі кең сұранысқа ие болғанын қалаймыз. Қазір Қазақстандағы ішкі нарықтың 70 проценті қосалқы шаруа­шылық­тардан базарға сатылатын еттен құралып отыр. Біз сапасы жоғары өнімді жақсы бағада сата отырып, жағдайды өзгерткіміз келеді. Басты мақсат – азық-түлік қауіп­сіз­дігі. Тұтынушы гормондармен, антибиотик­тармен азықтан­баған етті жеп отырғандығын білуі қа­жет, – деді KazBeef Group бас директоры Бейбіт Ерубаев.

KazBeef-тің өндіретін еті ең үздік америкалық технология бойынша 180 күндік жеммен бор­да­қыланатындықтан, бірегей дәм­дік сапасы бар. Көбіне-көп Ар­гентина мен Бразилияда шөп­пен бордақыланып, өндірі­ле­тін ет­тен оның басты айырмашы­лы­ғы осында.

Компанияның меншігінде Ақмола облысындағы 120 мың гектар жайылым жер бар, онда асылтұқымды репродукторда ұсталатын ангус және герефорд тұқымдарының 5 000-нан аса мал басы бағылады. Сондай-ақ ком­па­ния Зеренді ауданында қосым­ша 5 000 ірі қара мал басын жеммен бордақылайды. Үстіміз­дегі жылдың шілде айының соңында жаңа бордақылаушы алаңды іске қосу арқасында бір уақытта ұсталатын ірі қара мал басы 15 000-ға дейін жеткізілмек, бұл ішкі нарықты жыл сайын отандық өндірісте өндірілген сапалы мәрмәр сиыр етінің 6 000-нан аса тоннасымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Өнім ең үздік генетиканы, сапалы жеммен бордақылауды және жануарларды өсіруге арнал­ған мінсіз табиғат жағдай­ла­рын үй­лестіреді. Бас артықшылығы – өнімнің азық-түлік қауіп­сіз­ді­гі FSSC 22000 халықаралық азық-түлік қауіпсіздігі менедже­мен­­­тіне сәйкес келеді және де өн­­­­дірістің әрбір кезеңінде өнім­нің сапасына қатаң бақылау жаса­ла­­ды.

Керек дерек: : Герефорд — етті сиырдың тұқымы. Жергілікті малды ұзақ сұрыптау арқылы 18 ғасырдың аяғында Англияда Херефордшир графтығында шығарылған. Герефорд сиырының бұрынғы КСРО-да өсірілген аудандары: Қазақстан, Челябі, Сталинград, Ростов облыстары. Биіктігі – 125 см, тұрқы 153 см, кеуде орамы 197 см. Бұқасы 900-1000 келі, сиыры 550-600 келі тартады. Герефорд сиыры Шортанды астық шаруашылық ғылыми-зерттеу институтының тәжірибе шаруашылығында, «Шалабай», «Аңқаты» асылтұқымды мал зауытында (Батыс Қазақстан облысы) өсіріледі.


Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ