Күнгейдің мәселесі шешіле ме?
Күнгейдің мәселесі шешіле ме?

Қарағанды қаласындағы Күнгей ықшамауданындағы су, жарық, жол мәселесімен 12 жылдан бері айналысып келемін. Бастамашыл тобымызда бұл мәселемен 14-15 жылдан бері араласқандар бар. Біздің ең өзекті мәселеміз – электр қуаты мен судың жоқтығы. Сосын жол мәселесі. Көктем мен күзде жаңбыр жауса, жолда жүру мүмкін емес. Қыста қар тазаланбайды. Боранды күндері үлкендер жұмыстан, балалар сабақтан қалады. Ықшамауданға автобус мүлдем кірмейді.

Бастамашыл топтың есебі бойынша, Күнгейде жарық қосылмаған, су тартыл­маған 250 учаске бар. Күнгейде мыңға жуық адам тұрады. Соның 600-і – балалар, көбі балабақша мен мектеп жасындағы балалар. Күнгейдің өзінде мектеп жоқ, ал маңындағы үш мектепте орын жетіспейді. Ең жақын деген №86 мен «Дарын» мек­тептеріне күз бен көктемде жаяу барса, кемінде, жарты сағат жоғалтады. Қыста қалың қарды кешіп жету үшін бір сағат жүруге тура келеді.

Күнгейдің мәселесімен айналысқан 12 жылда облысымызда 4 әкім ауысыпты. Бұл мәселені Қарағанды қаласының әкімі де, Қарағанды облысының әкімі де жақсы біледі. Қалалық құрылыс басқармасының бұрынғы бастығы Жақсылық Шалабеков бастамашыл топты танып алды десе болады. Бүгінгі таңда ол кісі қала әкімінің орынбасары лауазымында. Құрылыс басқармасын басқарып тұрғанында, ол кісіге бірнеше рет бардық. Қала әкімі Нұр­лан Әубәкіровке қанша рет барғаны­мызды айтайын десем, саннан жаңылар­мын. Бастамашыл топтағы 20 шақты адам ұжым болып та, жеке өз атымыздан да хат жолдадық. Өңір басшылары хатымызға құлақ түрмеген соң, былтыр Президентке хат жаздық. Президент әкімшілігі облыс пен қалаға қатынас хат жолдаса керек, бізге мәселе шешіледі, ақша бөлініп жатыр, 2018 жылдың аяғында бәрі ретке келеді деген мазмұнда жауап келді. Көп ұзамай, яғни, маусым айында облыс әкімі Ерлан Қошанов мені қабылдады. Оның алдында ғана Күнгейдің мәселесін бірқа­тар телеарналарды шақырып айтқан бола­тынбыз. Сол сюжеттерді флэшкаға салып, әкімге ала бардым. Кездесуде сюжеттің бірін көрсетіп ем, әкім таңғалды. Әкімнің таңғалғанына мен таңғалдым. Сонда об­лыс әкімі Күнгей туралы білмейтін болып тұр ғой. «Келесі апта Күнгейге барайын. Мен ол жерде кілең байлар тұрады деп ой­лап едім», – деді. Күнгейде ауылдан кө­шіп келгендер тұратынын, тұрмысы төмен көпбалалы отбасылар көп екенін айттым. Әкім уәдесінде тұрып, шілде айында өзінің орынбасарлары бар, қала әкімі мен оның орынбасарлары бар, келді. Жағдайды көзбен көрген соң, «2018 жыл­дың аяғында құрылыс басталып, 2019 жылдың соңында аяқталады. Су да, жол да болады» деді. Біз, әрине, қуанып қал­дық. Сонымен, 2018 жылдың аяғы бол­ды, еш өзгеріс жоқ. Қала әкімдігіне хабар­лассақ, жобалық-сметалық құжат дайын­дап жатырмыз, қанша ақша керек екенін анықтап жатырмыз дейді. Жарайды дедік, 2019 жылдың басы болды, тағы өзгеріс жоқ. 2019 жылдың ақпанында облыс әкі­мінің есеп беру жиналысы өтетін болды. Біз сол жиынға бара жатқанымызда, ал­ды­мыздан қала әкімі мен орынбасары шығып, «кірмей-ақ қойыңдар, шулатудың не керегі бар, біз уәде бердік, уәдемізді орындаймыз» деп, кіргізбей қойды. Бірақ бізден бұрын барып, ішке кіріп үлгерген күнгейліктердің бірі бұл мәселені сол жерде айтқан екен, Ерлан Жаханұлы «көктемде жұмыстың қалай жүріп жатқа­нын өзім барып тексеремін» депті. Көктем туды, әкім жоқ, мамыр келді, әкім жоқ. «Әкім қайда?» дейді ел...

Жуықта қала әкімінен хат келді. Бюд­жеттен қаржы бөлінді, жыл аяғына дейін канализация тартып береміз деген маз­мұн­да. Бізге дәл қазіргі уақытта кана­ли­за­ция­дан бұрын, су мен жарық керек. Мұ­ны біз шегелеп тұрып айтып едік, өтіні­ші­мізді жүре тыңдаған ба, түсінбедім. Хат жазудан, өті­ніш айтудан кенде емеспіз. Бірақ үмітіміз үзіліп барады...

Дарын МАҚАШ,

Күнгей тұрғыны