Кәсіпкердің көлеңкесі
Кәсіпкердің көлеңкесі
219
оқылды

Қазақстанның өне бойында шіліңгір шілденің ми қайнатар ыстығы үстемдік етуде. Аспан айналып жерге түскендей, төңіректің бәрі отқа оранғандай алапат аптап апшыны қуырып барады. Даладағы жоғары температурадан есінен тана жаздаған тіршілік иелері көлеңкеге тығылып жан сақтайды. Осы сияқты экономи­када да жан төзгісіз жағдайлар, дағдарыс­тар орнағанда, кәсіп­керлер құзырлы орган назарынан, күнгейден кетуге тырысады. Кәсіпкерліктің көлеңкелі жағы көбейеді.

90-жылдардан бері әлденеше айналып соққан дүрбелеңдер мен күйзелістер кезеңінде кө­леңкеге кеткен бизнесмендер мен басқа да кәсіп иелері табыс­тарының біраз бөлігін, кейде барлық бөлігін жасыруға әбден бейімделіп, бой үйретіп алды. Демек, оларды ол жақтан шығару оңай шаруа емес. Сондықтан мем­лекет көлеңкелі экономи­ка­мен күрес шара­ларын күшейткелі отыр.

Көпшілік біле бермес, бірақ кезінде мемлекеттен жасырын жүретін, салығы төленбейтін биз­неспен күрес үшін қағаз ақша ойлап табылған. Қазір әлем ға­лым­дары мойындағандай, қағаз ақшалардың кең ауқымда енгі­зілуі Қытайды Шыңғыс ханның немересі Құбылай басқарып тұрған тұстан бастау алыпты. Адамзат тарихындағы аса ірі империяны лайықты басқарудың түрлі тиімді тәсілдерін іздеген азиялық билеуші бояу жағылып, мәтін жазылып, мөр басылған қағаздың өте бағалы құндылыққа айналарын батыстан бұрын білген. Нәтижесінде, қағаз банк­ноттар халықтан және сауда­герлерден салық жинауды әрі мемлекетті басқаруды әлдеқайда жеңілдетті. Сонымен бірге, ауыр шақа-монеталарды алапат зор ауқым­да әрлі-берлі тасып жүру тауқы­метінен құтқарды.

Құбылай хан 1273 жылы банкнот­та­рының жаңа сериясын шығарды, оларды мемлекеттің өзі бақылап, субсидиялайтын болды. Оларды кең айналымға ендіру үшін әрине, мықты орталық билік тетік­тері мен әкімшілік әдістер қолданылған: өзі ойлап тапқан валютаны қол­дау үшін моңғолдық император бұйрықты орын­дамағандар сал­мақты жаза тартатынын жария етіп, өзіне бағынышты барша жұрт­ты жеке мөрі басылған қа­ғаз­дарын төлем құралы ретінде қабылдауға мәжбүр етті. Онымен қоймай, билік азаматтар қолын­дағы барлық алтынды тәркілеп, оның орнына қағаз ақша ұстат­қан. Тіпті мемлекет аумағына кірген саудагерлер мен керуен иелері барлық алтын-күміс, асыл тастарын үкіметке тапсыруға міндет­телген. Оған айырбас ретінде жергілікті банкноттар табысталды.

Осы кезде Қытайға сапар­ла­ған атақты италиялық жиһангез Марко Поло қағаз ақша жүйесі­нің енгізілуі тек «өз күш-жігерін өз аумағында тұратын жұртшы­лыққа толық әрі табанды түрде таратуға қабілетті күшті орталық билік бар жерде ғана мүмкін болғанын» айқын түсінеді. 1345 жылы қазақтың ұлы даласын кесіп өтіп, Құбылай хан ұлысына жол шеккен марокколық сая­хатшы, араб географы Мұхаммед ибн-Баттута да қағаз ақша жү­йесінің жұмыс істеуіндегі мықты билік рө­ліне қатысты байлам жасайды. Ол қытай­лық базар­ларда алтын немесе күміс моне­талармен есептесу мүмкін емес­тігін жазған.

Содан бері дәуірлер ауысты, замана өзгерді. ХХІ ғасырда әлем­де өкіметтер керісінше, шы­тырлаған қағаз ақшаның кең айналымымен күресіп жатыр. Өйткені қолма-қолсыз қаражат құзырлы органдар бақылауында. Ал әмиянға салынған, не чемо­данға толтырылған қаржының есеп­ке алынуы неғайбыл. Сол себепті аза­мат­тардың толығымен картамен сауда жасап, сонымен есеп айырысуға көшуі – дамыған мемлекеттер билігінің аңсарлы арманы саналады.

Ұлттық банктің мәліметінше, 2019 жыл­ғы мамырда Қазақ­станда төлем карточ­калары ар­қылы 2,4 триллион теңге сомаға 125,5 миллион төлем-транзакция жүргі­зілген. Былтырғы 2018 жыл­ғы мамырмен салыстырғанда, транзакциялар саны 2 есе ұл­ғай­ды, ал сомасы бірден 57,5%-ға өсті. Алайда қолма-қол ақшасыз жасалған төлемдердің үлесі кө­лемі жөнінен небәрі 42,6%-ды құрайды (өткен жылы – 29,2%).

2019 жылғы маусымдағы ­жағ­дай бойынша Қазақстанда төлем карточ­каларын шығарумен 22 банк және «Қаз­пошта» айна­лысады. Олар әзірлеп, таратқан барлық төлем карточкаларының саны 25,1 миллион бірлікке жет­ті. Бұл кар­точкаларға 10,6 мың банкомат, 144,8 мың POS-тер­минал қызмет көрсетеді.

Дегенмен сарапшылардың ай­туын­ша, бұлар ішіндегі 5,2 мил­лион кредиттік карталардың жар­тысына жуығы – 2,8 миллионы шынында пайдаланылмай, ке­рексіз болып жатыр: олар арқылы еш төлем жасалмайды. Бұған халықты банктер ұсынатын cash back жүйесі де ынталандыра алмай отыр.

Бірақ батыс мемлекет­терін­дегідей жұртшылықты несиемен өмір сүруге тегіс тәуелді ету біз­дің Үкіметтің мұраты емес. Тиісінше, қазіргі уақытта төлем карта­ла­рының 75%-ын құрайтын дебеттік карта­лар­ды ілгерілетуге баса мән берілуде. Нақ­тылай кетсек, бұлар (debit card) – та­уарлар мен қызметтердің құнын төлеу, сондай-ақ банкоматтардан қолма-қол ақша алу үшін қол­данылатын банктік төлем кар­тасы. «Кредиткалардан» және овер­­драфты рұқсат етілген бір­қатар дебеттік түрлерінен айыр­машылығы сол, қарапайым де­беттік карталар бойынша қа­рызға ақша берілмейді: оның ішін­де қанша қаражат болса, соны ғана жұмсайсыз.

Алайда осы карталардың өзі көп жағ­дайда қажетке жарамай қалады. Қар­жы­лық реттеушінің дерегінше, осы жылғы маусым айында республикамызда төлем карталарын қабылдайтын тек 87,1 мың сауда орны ғана болған. Бұл көрініс келесі жылы түбе­гей­лі өзгеруге тиіс: же­келеген кәсіп түрлерін қоспағанда, бар­лық бизнес өкілдері, саудагерлер, соның ішінде па­тентпен жұмыс істейтіндері де 2020 жыл­ғы 1 қаң­тардан бастап, төлем кар­тала­рымен есеп айырысуға мүмкіндік беретін аппараттарды сатып алуға міндеттеледі.

Бұған қоса, картамен төлегісі келген адамның бетін қайтарған кәсіпкерлер, тіпті нотариустар да үлкен көлемде айыппұлмен жа­заланады. Бұл шараларға мем­лекет көлеңкелі экономикамен күресті өрістету үшін бармақ.

Осы мақсатта Ұлттық эконо­мика ми­нистрлігі «Кейбір заң­на­малық актілерге салық салу мә­селелері бойынша өзге­рістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заң жобасын әзірлеп шықты.

Қазіргі кезде кейбір супер­мар­кеттер, сауда орындары, дәрі­ханалар таңдаған тауарларын сатып алу үшін пластикалық картасын ұсынған тұтынушыға қызмет көрсетуден бас тартып, қағаз ақша беруді талап етеді. Бұл кесір қылығы үшін олар ескер­тумен құтылатын. Енді жаңа тү­зе­тулерге сәйкес, ескертуді айыппұлмен ауыстыру көзделуде.

Атап айтқанда, Қазақстан аумағында сауда қызметін жүзеге асыру, жұмыстарды орындау, қыз­меттер көрсету кезінде дара кәсіп­кер немесе заңды тұлға тө­лем кар­точкалары арқылы тө­лемдерді, ауда­рым­дарды қабыл­даудан бас тартса, онда бұл ­«ша­­ғын кәсіп­кер­лерге – 10 АЕК (25 мың 250 теңге), орта кәсіп­кер­лік субъек­тілері­не – 30 (75 мың 750 теңге), ірі кә­­сіпкерлік субъек­тілеріне – 50 ай­­лық есеп­тік көр­сеткіш (126 мың 250 теңге) мөл­ше­рінде айыппұл салуға әкеп соғады».

Егер кассирі бұл қарекетін қоймаса, ары қарай да картамен есептесуден бас тарта берсе, кә­сіпкерге салынар айып өсе бер­мек: әкімшілік жаза қолда­ныл­ғаннан кейін бір жыл ішінде қай­талап жасалса, шағын кә­сіп­кер­лер – 30 АЕК (75 мың 750 тең­­ге), орта кәсіпкерлік нысанда­ры – 60 АЕК (151 мың 500 теңге), ал ірі кәсіпо­рындар – 100 АЕК (252 мың 500 теңге) мөлшеріндегі айыппұл түрінде жаза тартады.

Бұл талаптар 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі деп күтілуде.

Күрес шаралары тиісті құ­рыл­ғыны сатып алуға шығын шығарғысы келмей жүрген биз­несмендерді де қамтымақ. Қол­даныстағы заңнама бойынша әмия­нында «тірі ақша» ұста­май­тын клиент­тер­дің меселін қай­тарып, карта үшін терм­и­налы жоқ­тығын сылтаурататын кәсіп­кер қолға түссе, оған құзырлы ор­гандар бірін­ші жолы тек ескер­ту жасап, қоя беретін. Бұдан бы­лай ондай «мейірімділік» бол­май­тынға ұқсайды.

Азаматтық кодекстің 195-ші бабына енгізілетін өзгерістерге сәйкес, егер жеке кәсіпкерде не­месе компанияда төлем кар­точ­каларын пайдалана отырып, тө­лемдерді жүзеге асыруға ар­налған жаб­дық­тың, құрылғының жоқтығы анық­тал­са, не тұтыну­шылар соған шағымданса, онда шағын кәсіпкерлерге – 10, орта кә­сіпкерге – 30, ірі кәсіпкерлік нысан­дарына 40 АЕК айыппұл арқалауға тура келмек.

Заң жобасын әзірлеуші Ұлт­тық эко­номика министрлігінің түсіндіруінше, Көлеңкелі эконо­микаға қарсы іс-қимыл жөніндегі 2019-2021 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары, «Төлемдер және тө­лем жүйелері туралы» заңы жалпы пай­даланымдағы телекоммуникация желісі жоқ жерлерде орналасқандарынан басқа барлық жеке кәсіпкерлерді картадан төлем қабылдайтын құрылғыны орнатуға және өз қызметінде қолдануға міндет­тейді. Осы арқылы тұтынушы­ларға өздері қалаған тауарлар мен қызметтер үшін есеп айы­рысудың қолма-қол не қолма-қолсыз тәсілдерін таңдау құқығы беріледі.

– Бұл түзетулер арқылы тө­лем қабыл­дауға арналған жаб­дық­тарды пайдалануға тиісті бо­латын тұлғалар қатары кеңей­тілуде. Қолма-қолсыз есептесуге мүмкін­дік беретін құрылғының жоқтығы та­бысты жасыруға және көлеңкелі эконо­миканың ұлғаюына жол ашады. Ал мұн­дай жабдықтарды жаппай қолдану бюд­жетке түсетін түсімдерді арт­ты­руға сеп­теседі, сәйкесінше, әлеу­меттік маңызды бастамалар мен міндеттерді қаржылан­ды­ру кө­лемін өсіруге мүмкіндік туа­ды, – деп дәйектейді министрлік.

Бұдан бөлек, мемлекет мұ­ның халық ақшасының бүтінді­гін, алаяқтар мен ұрлықшылардан қорғалуын қамтамасыз ету үшін қажет екеніне нұсқайды: «төлем карталарын барлық жерде жап­пай пайдалану пластикалық кар­таны ұрлатып алу немесе жоғалту кезінде қаражатты сақтап қалуға мүмкіндік береді. Мысалға, сондай жағдай болса, карта иесі оны бұғаттап тастай алады».

Бас экономист ведомствосы қолда­ныстағы заңды «тым жұм­сақ» санайды:

«Төлем қабылдауға арналған құрыл­ғының жоқтығы үшін көз­делген жауап­кершілік тым жұм­сақ болғандықтан, же­келеген дара кәсіпкерлер мен заңды тұл­ғалар заңнама талаптарын орын­дамайды. Тұтынушылар құқығын қорғау және қоғамдық бақылауды күшейту мақсатында ескерту жасау түріндегі әкімшілік жазаны айыппұлмен ауыстыру керек деген пікірдеміз», – дейді Эконо­мика министрлігі.

«Көлеңкедегі» қаражат айна­лымымен күрес аясында нота­риустер мен сот орындаушыла­рының да табысын ба­қы­лауға алу қарастырылуда. Бұл ретте сауда операциялары, қолма-қол ақша арқылы жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету кезінде жүргі­зілетін ақшалай есеп айы­ры­суды жүзеге асыру кезінде бақылау-кас­салық машиналарды қолдан­баса, сон­дай-ақ ақаулы немесе мемлекеттік кіріс органының есебінде тұрмаған ба­қылау-кас­салық машиналарды қол­данса, жеке нотариустарға, жеке сот ор­ын­даушыларына, шағын кә­сіп­­керлікке – 7 АЕК (17 мың 675 теңге), орта кәсіп­керлік субъек­тілеріне – 15 АЕК (37 мың 875 тең­ге), ірі кәсіпкерлік субъек­тілері­­не – 25 АЕК (63 мың 125 теңге) мөлше­рінде айыппұл салынады.

Жаңа заң жобасы қабылданса, Қазақ­станда бизнесмендер үшін жаңа жаза түрі пайда болады. Та­рата айтсақ, бақылау-кассалық машинаның чегін немесе тауар чегін бермеу, сондай-ақ ол чек­тегі соманы тауар не қызмет құ­ны­нан өсіріп не кемітіп көрсету – «оқасы жоқ» деп қоя салатын жаң­сақтықтан жазаланатын әре­кетке айналады. Осыған жол берген жеке нотариустар, жеке сот орындаушылары, шағын кәсіпкерлер – 10, орта кәсіпкер­­лік нысандары – 15, ірі компа­ния­лар – 20 АЕК айыппұл төлеу­ге мәжбүр болады.

Жалпы алғанда, жаңа шара­лар 1 мил­лион 231 мың 520 кә­сіпкерді қамтиды деп болжануда. Әзірге олардың тек 404 мыңы немесе 32,8%-ы ғана фискалды жады бар бақылау-кассалық аппараттарын қол­данып, тұты­нушыларға чек береді.