Алматы облысында барлық аурухана карантинге жабылды. Жедел желі іске қосылды. Енді тұрғындар өздерін мазалаған сұрақтарға жауап алу үшін жедел желіге қоңырау шала алады. «Қазір барлық ауруханалар карантинге жабылды. Енді тұрғындарды мазалап жатқан сұрақтар мынадай, мәселен, жүрегі ауыратын, өзге де сырқаттары бар адамдар қайда хабарласамыз деп жатыр. Барлық сұрақтарға байланысты осы 8800808828 немесе 87282411212 номерлерге хабарласуға болады», - деді Алматы облысының денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Ләйлім Әубәкірова. Сондай-ақ ведомство өкілінің Алматы облысы бойынша ауруханаларда орын бар екенін айтты. «Алматы облысында дәлізде ем алып жатқан науқастар жоқ. Ауруханаларда орындар жеткілікіті. Бірақ, әр түрлі ауру белгілерімен яғни, тұмау, дәм, иіс сезбеу, температурамен шағымданатындар саны күрт өсті. Олардың барлығы дерлік ауруханаларға жатқызыла бермейді. Бірақ оларға өздерінің учаскелік дәрігерлері онлайн түрде қандай еш-шараларын қолдану жөнінде кеңестерін беріп жатыр», - деді Л. Әубәкірова.