Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті «Жетісу – адалдық алаңы» жобалық кеңсесімен бірлесе отырып, өңірдегі жастар тәжірибесін жүзеге асыру саласына жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізді. Бақылау барысында анықталғандай, жұмыссыздыққа қарсы күрес, оның ішінде жастарды еңбекпен қамтуға қатысты мемлекеттік шаралардың нәтижесі көңілден шықпайды, кемшілік жетеді. Бірінші кезекте жоғарыда аталған бағытта жемқорлық тәуекелдігі жиі көрініс беріп, жоқ жерде қолдан әкімшілік кедергілер жасалады. Басты мақсаты қолынан іс келетін жас мамандардың алғашқы қызметтік баспалдақтардан қиналмай өтіп, тәжірибе жинап, тұрақты жұмысқа орналасуына көмектесуі тиіс «Жастар тәжірибесінің» Алматы облысындағы жағдайы оңып тұрмағанға ұқсайды. – «Жастар тәжірибесін» ұйымдастыру мен қаржыландыру тәртібіне сай, оқу орнын бітірушілердің жастар тәжірибесіне қатысуына он екі айлық кезең бойынша рұқсат етіледі және жұмыссыз ретінде тіркелген уақытқа сәйкес жасалған кезектілік бойынша жүзеге асырылады. Оқу орындарын бітірушілерге қолжетімді болатын бірегей база жоқтықтан, аталған кезектілік қағаз түрінде жүргізіліп келген. Осыған байланысты құжаттар тікелей қарым-қатынас арқылы қабылданады. Бұл жағдай өз кезегінде сыбайлас жемқорлыққа жол ашуы мүмкін екенін ешкім жоққа шығара алмайды. «Жастар тәжірибесіне» қабылданған оқу орнын бітірген жас маман жасалған еңбек келісімшарттың мерзімі аяқталғанша, тұрақты жұмысқа қабылдануы мүмкін екенін ескерсек, біздің бұл болжамымыз беки түседі. Сонымен бірге құжаттарды қабылдаудан бас тарту үшін негіздің болмауы да жемқорлықтың көрініс беруіне жағдай туғызады. «Жастар тәжірибесінің ұзақтығы алты айға дейін» деп көрсетілуі де дұрыс емес. Өйткені жұмыс беруші жастар тәжірибесінен өту мерзімін өзінің қалауы бойынша белгілеу арқылы алдына өтінішпен келген жанды әуреге салады және «бармақ басты, көз қыстыға» баруы да ғажап емес», – дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Жандос Жұмабаев. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг барысында Алматы облысындағы түрлі мамандықтар бойынша оқу орындарын бітірген 200 жастың арасында жасырын әлеуметтік сауалнама жүргізіліпті. Сауалнама қорытындысы көрсеткендей, жастар тәжірибесінен өткен 132 жас әлі күнге тұрақты жұмыс таппаған. Тағы 32-сі мемлекеттік қызметке орналасса, 36 маман кәсіпкерлік саласынан нәпақа іздегенді жөн көріпті. «Жетісу – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Аманжол Жазықбаевтың айтуынша, сауалнамаға қатысқандардың тең жартысы өздерінің оқу орнында алған негізгі мамандықтары тәжірибеден өткен жердегі атқарған қызметтерімен мүлде сәйкес болмағанын мәлімдепті. Нақтырақ айтқанда, олардың көбі дизайнер, аспаз-кондитер, инженер, машинист, байланысшы, дефектолог екеніне қарамастан, жастар тәжірибесінен мемлекеттік мекемелерде өткен. Осындай жауапсыздық пен жаныашымастық кесірінен сауалнамаға қатысқандардың 85 пайызы жастар тәжірибесінен өту кезеңінде өз мамандығы бойынша жұмыспен мүлде айналыспағандарын, «барып кел, шауып келмен» жүргендерін, құжат тасығандарын, тағы да басқа ұсақ-түйек тірлікпен айналысқандарын айтады. Жастардың тағы біразы алты ай мерзім тәжірибеден өту үшін аздық етеді десе, екі рет жастар тәжірибесінен өтсе де, өмірден өз орнын таба алмай сандалып жүргендер саны да баршылық. Соған қарағанда, «Жастар тәжірибесі» деп қазынадан қаралған миллиондар өзін ақтамай отыр және таяу кездері нақты нәтиже бере қоймайды. Болат АБАҒАН, Алматы облысы