Ұлық ақынды ұлықтау
Ұлық ақынды ұлықтау

Ләйлім-Шырақ есімді 9 жастағы мектеп оқушысы ұлы ақын Абай өлеңдерінен үзінді оқып, бұл эстафетаны жалғастыруды Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдады. Мемлекет басшысы бүлдіршіннің ұсынысын қабыл алып, Абай өлеңін жатқа айтты. Тоқаев эстафетаны ары қарай екі министрге және Димаш Құдайбергенге жолдады. Оның арты Абай өлеңдерін шет мемлекеттер азаматтарының оқуына жалғасты.

Қазір кейбіреулер «Абайдың өлеңдерін тақылдатып жаттап алып оқудың керегі не?», «Абай өлеңдерін жүрекпен оқу керек» деген пікірде. Талас жоқ: Абайды әркім өз қал-қадерінше түсінеді, қабылдайды, ұғы­нады. Әңгіме ұлы ақынның жыр­ларын мәнерлеп оқуда тұрған жоқ!

Абай өлеңдері әлемді шарлап жүр. Мәселен, ресейлік белгілі медиа-тұлғалар Абай Құнанбаевтың 175-жылдығына арналған эстафе­таны іліп әкеткенінің өзі неге тұ­рады?!. Муз-ТВ телеарнасының бас директоры Арман Дәулетияров эстафетаны Ринат Гайсин мен Нұрболат Абдуллиннен қабылдаған екен. Ол Абайдың «Құлақтан кіріп бойды алар» өлеңінен үзінді оқыды және эстафетаны ресейлік әнші Валерияға, продюсер Иосиф Пригожинге, Евгений Плющенко мен Ана Рудковскаяға, Қазақстанда Алтай Көлгінов пен Бауыржан Байбекке жолдады. Өз кезегінде танымал әнші Валерия ұлы Ақын­ның «Не упивайся праздной кра­сотой» өлеңін орыс тілінде оқыды және эстафетаны Лера Кудрявцеваға жолдады. Продюсер Иосиф Пригожин «Әсемпаз болма әрнеге» өлеңін орыс тілінде оқыды және кезекті А-Студио тобының же­текшісі Байғали Серкебаевқа ұсынды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жолдаған эста­фетаны Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова қабыл алып, Абай Құнанбайұлының өлеңінен үзінді оқыды. Димаш Құдайбергенов Игорь Крутойға эстафета жолдаған болатын. Продюсер араға бір күн салып, Абай өлеңін орыс тілінде оқыды.Абай өлеңінен үзінді оқуды ары қарай Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жалғастырды.

Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев «Таңшолпан» ақпаратты-сазды бағдарламасы арқылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тарапынан қолдау тапқан Абай Құнанбайұлы­ның 175 жылдығына орай ақын өлеңдерін оқу эстафетасына этнос өкілдерін көптеп тарту туралы ке­лісім жасады.

Осының бәрі айналып келгенде, Абайды ұлықтау. Қашан кезекті мерейтойы болады деп күтіп отыр­май, Абай жырларын алыс және жақын шет мемлекеттерге наси­хаттаудың ең әдемі тәсілі табыл­ғанына қуануымыз керек.

Алайда, бір «әттеген-айды» айтпасқа амал жоқ. Абайды оқыған дұрыс! Бірақ Абай өлеңдерін осы заманға бұрмалап өзгертудің қажеті жоқ деп есептеймін! Кей заман­дастарымыз ойшыл ақынның өлең­дерін сатира мен сықақ тақырыбына орайлатып, өзгертіп қолдана бас­та­ды. Бұл үрдіс жалғасса, Құнанбай­ұлы­ның құнын қолдан түсіріп жібе­реміз. Көрінген адам Абайды келе­кеге, әжуаға айналдыруына бол­майды!