Әні әсем Әділхан
Әні әсем Әділхан
151
оқылды

Витебскіде өткен халықаралық «Славян базары» эстрадалық әншілер байқауында отандасымыз Әділхан Макин топ жарып, бас жүлде иеленді. Жас талант байқаудың екі күнгі нәтижесінде де жоғары дәрежеде өнер көрсетіп, өзгелерден оза шауып келген еді. Соңғы қорытындыға сәйкес, 178 ұпаймен жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанды.

Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Асхат Маемиров бірінші болып қалың жұрттан сүйінші сұраған болатын. Аталған оқу ордасының 4-курс студенті Әділ­ханды қолдауға ректор да Ви­тебскіге аттанған. Маемиров әлеуметтік желідегі парақшасына «Осыдан төрт жыл бұрын «Сла­вян базары – 2015» xалықаралық фестивалінде Димаш Құдай­берген тұңғыш рет Гран-приді жеңіп алып, ал 2017 жылы Ернар Садырбай І жүлдеге ие болған еді. Димаш бағындырған биікке Витебскіде биыл Әділxан Макин қол жеткізді. Екі күн бойы ерек­ше таланты мен вокалдық мүм­кіндіктері үйлесіп, кәсіби орын­даушылық деңгейі мен актерлік шеберлігі жарасым тапқан Әділ­xан Макин қазылар алқасы мен алты мыңнан астам көрерменнің, оның сыртында тікелей эфирді тамашалаған миллиондаған фестиваль жанкүйерлерінің таң­дайын қақтырып, ыстық ықы­ласына бөленді. Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың ұлы ақын Абай атамыздың 175 жылдығына арналған өлең оқу эстафетасы туралы көрер­мендерге қазақ тілінде xабарлап, «Славян базары» фестивалінің үлкен саxнасында Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін арнайы орындады. Беларусь, Ресей, Гер­мания, Швейцария, Болгария, Мальта, Израиль, Қытай, Лат­вия, Украина, Польша, Литва, Грузия, Армения, Молдова се­кілді мемлекеттерінің айтулы эстрада әншілерінің ортасында топ жаруы еліміздегі өнер мен мә­дениет саласындағы кәсіби үр­діс­тің биік деңгейде екенін көрсе­теді» деген жазбасымен бөлісті.

Жеңімпазға «Лира» сыйлы­ғымен қоса, 20 мың АҚШ дол­лары көлемінде ақшалай жүлде табысталады. Сонымен бірге, 171 балмен бірінші орынды грузиялық Георгий Путкарадзе иеленіп, 15 мың доллар ақшалай сыйлыққа ие болды. Израильден келген Илай мен белорус Ваня Здонюкке екінші дәрежелі жүлде мен әрқайсысына 5 мың дол­лар­дан берілді. Үшінші орынды ре­сейлік Иван Дятлов пен украи­налық Дмитрий Бабак бөлісті. Сондай-ақ демеушілер мен се­рік­тестер ұсынған арнайы сый­лықтардың да иелері анықталды.