Әуекомпаниялар арасындағы ел қаржысы үшін дода осы бейсенбіде, 2 шілдеде өтпек. Онда жеңімпаз шыққан әуетасымалдаушылар келесі бағыттарда ұша бастайды. Біріншіден, Балқаш көлінде демалу үшін «Нұр-Сұлтан – Балқаш – Нұр-Сұлтан» бағдары бойынша ұшатын жолаушыларға билет құны 9 мың теңгеге түседі. Рейстердің жиілігі – аптасына 4 рет. Бюджет субсидиясы 4 ай бойы беріледі. Әр ұшақтағы жолаушыларға арналған орын саны 20-дан кем болмауы тиіс. Субсидия сомасы 133,4 миллион теңгені құрайды. Екіншіден, «Нұр-Сұлтан – Үшарал» бағытындағы бір жаққа билеттің арзандатылған құны 16 мың теңге тұрмақ. Ұшақ 4 ай бойы аптасына 4 рет ұшады. Әр ұшақ 20-дан көп адамды алып ұшуы шарт. Бұл бағдарға бюджеттен 141,9 миллион теңге субсидия бөлінеді. Үшіншіден, «Алматы – Жезқазған» рейсінде билет бағасы 20 мың теңге болмақ. Ұшу жиілігі – аптасына 2 рет. Бұл бағыттағы рейстер жарты жыл бойы бюджеттен қолдау көреді. Жолаушылар саны бойынша талап әлгі екеуіне ұқсас. Бұған 109,8 миллион теңге субсидия арна тартатын болады. Ел Үкіметі осы арқылы ел ішіндегі ұшуларды арзандатуға тырысуда. Бұл ішкі туризмді дамыту, қазақстандықтардың туған өлкеде саяхаттауын ынталандыру үшін жасалып жатыр.
Елдос СЕНБАЙ