Тағдырына мойымаған ару
Тағдырына мойымаған ару
247
оқылды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Тараз қаласындағы көпшілікпен кездесуінде жамбылдық бірінші топ мүгедегі, жеке кәсіпкер Анар Бексұлтанова сөз сөйлеп, бүгінгі күні мүмкіндігі шектеулі жандардың арасында жұмыс атқаратын азаматтар аз еместігін алға тартқан еді. Дегенмен 1-ші, 2-ші топтағы мүгедектерге көрсетілетін қолдау көбіне мемлекет тарапынан болғандықтан 2-ші деңгейлі банктер арқылы да бизнес ашуға және кеңейтуге несие беру жолдары қарастырылса деген өтініш айтып, пікірін білдірген еді.

– Осы дүниеге екі қолсыз кел­ген адаммын. Соған қарамастан, бұл маған жоғары оқу орнын бі­ті­руіме, 20 жыл облыстық та­рихи өлкетану музейінде экскур­совод қызметін атқаруыма, 5 жыл көле­мінде жеке кәсіпкерлікпен ай­на­лысуыма, 2 қызымды тәр­бие­ле­уіме кедергі болған жоқ. «Еңбек етсең – емерсің» – дейді дана хал­қымыз. Бүгінде жұмыс істеймін деген адамға екі қолға бір күрек табылады. Кесте тігем, сурет са­лам, үй шаруасымен толық ай­налысып жүрмін. Түрлі тақы­рып­тардағы суреттер көр­месіне де қатысып тұрамын. Тек адамда қиындыққа мойымай, ұмтылыс, сенім болса, кез келген ауыртпа­лықты еңсеруге болады. Оған менің көзім толық жетті.

Аяғыммен тігін тігуді үйрен­дім. Жасаған бұйымдарды өзім сатам. Үйімнің бір бөлігін шебер­хана етіп, кәсібімді жүргізіп отырмын. «Бизнестің жол картасы» аясында 3 миллион теңгеге әртүрлі функ­ционалды 7 өндірістік тігін маши­насын сатып алып, кәсіпкер ре­тінде жұмысымды жалғастыру­дамын. Қосымша төрт әйелді жұ­мыспен қамтып отырмын. Бүгінгі күні мемлекет тарапынан халықты әлеуметтік қолдау шаралары ке­ңі­нен жүргізілуде. Кәсіп ашам де­­ген­дерге мүмкіндіктер бар. Жа­қында ғана «Тараз» микроқаржы ұйы­мынан кәсібімді кеңейту үшін тағы 3 миллион теңге несие алдым, – деді Анар Президенттің алдында.

Иә «Нәсіпке – Алла қарыздар» демекші, Жаратушы иеміз жан баласын оу баста нәсіпсіз қал­дырмаған-ау. Әркімге өлшеп берген өз ырзығы бар. Мүмкіндігі шектеулі жандар да бүгінде қо­ғамнан тыс қалып отырған жоқ. Қарым-қабілетіне қарай ешкімге алақанын жаймай спортпен, қолөнерімен, ұсталықпен, зергер­лікпен, тігіншілікпен айналысып, кәсіпкерлікке бет бұрғанын естіп те, көріп те жүрміз. Яғни, адам баласының мүмкіндігінде шек жоқ­тығына мысал көп-ақ. Оны та­раздық Анар Бексұлтанованың тумысынан екі қолы бірдей жоқ­тығына қарамастан өзінің шағын тігін цехын ашып, қыз жасауын тігіп, бизнесін дөңгелетіп отырға­нынан-ақ көруге болады. Анардың мұнысы шын мәнінде таңға­ларлық-ақ іс.

Анардың әкесі Сағынтай мар­құм Талас ауданында орманшы-қо­рықшы болып жұмыс істеген екен. Гүл өсіргенді жақсы көріпті. Әкенің сол қасиеті бойына дарыған Анар ауылда тұрғанында да гүлдің алуан түрін өсіруді әдетке айнал­дырған екен. Гүл туралы айтқанда арқа­ла­нып, қос жанары шоқтай жайнап шыға келеді. Кеше ғана ба­зардан 17 мың теңгеге қызыл-са­ры гүл кө­шет­терін сатып әкеліп отыр­ғы­зып­ты. Ауласындағы жай­қала өсіп тұрған сол гүлдер болып шықты.

– Бала кезде мұғалім болсам деп армандадым. Ал гүлге деген құ­марлығым әлі күнге бәсеңдеген емес, Гүлдер менің үйімде де ақ­паннан қарашаға дейін гүлдеумен тұрады. Оларды өзім көшеттеп, басқа ыдыстарға отырғызып кө­бей­тіп отырамын. Содан кейін апа-сіңлілеріме, құрбы-құрдас­та­рыма сыйлаймын. Жалпы өз ба­сым гүл сыйлағанды жақсы көре­мін, – дейді Анар.

Ал Анардың жұмыс бөлмесінде жағалай ілінген түрлі картиналар кім-кімнің болса да назарын ауда­рады. Негізінен гүлдер мен та­би­ғаттың әсем көріністері бейне­лен­ген. Анар суреттерді өзі салған.

Анар ұстаз болсам деген асқақ арман жетегімен Жамбыл педа­гогикалық институтына түсіп, биология факультетін бітіріп шы­ғады. Сөйтіп мамандығы бойынша мектепке жұмысқа орналасуға тырысады. Бірақ қайда барса да мектеп басшылары одан ат-тонын ала қашқан екен. Осылайша тауы шағылып жүргенінде сол жолы об­лыстық Аq jol газеті Анар жө­нін­де көлемді мақала жария­лайды. Мақала жарық көрген күннің ер­тесіне бес-алты мекеменің бас­шы­сы қоңырау шалып, Анарға жұмыс тауып беруге даяр екен­діктерін жеткізді. Көп өтпей сол кездегі об­лыс әкімінің орынбасары Ке­ңес­бек Демешевтің ықпал етуі­нің арқа­сында Анар 2000 жылы облыс­тық тарихи-өлкетану музейі­нің көрме залына экскурсовод бо­лып жұ­мысқа орналасады. Қыз­ме­тіне бар ынта-ықыласымен кі­ріс­кен қыз­дың бос уақытында ая­ғымен сурет салып отырғанын көр­ген әріптесі, суретші Вера Жула­нова оның осы қырын ашуға көмектеседі.

– Суретті бала кезімнен сал­дым. Бірақ бұлай майлы бояумен салуды Вера Викторқызынан үйрендім. Жұмыста қазба жұмыс­тары кезінде табылған құмыраларға қарап отырып, соларды салуға ты­рыстым. Күнделікті жаттығудың арқасында қылқаламмен біраз туындыны дүниеге әкелдім, – дей­ді ол. Расында бөлме қабыр­ға­ла­рына жағалай ілінген суреттерді Анар аяғымен салды деуге сенгің келмейтіндей. Өйткені аталған туындылардан боямасыз өмір көріністерін көреріңіз анық. Бұл бөлмеде Анардың ең жақсы көре­тін гүлі өсіп тұр. Ол «Әджуа» деген жеміс ағашының дәнінен өнген. Оны Сауд Арабиясында болған бір құрбысы әкеліп берген екен. Бойы аласа, жапырағы тарам-тарам салалы саусақтарға ұқсайтын бұл жеміс ағашы 5-сыныпта оқитын қызымен түйдей құрдас болып шықты.

Анар тігін цехын үйінің түкпір бөлмесінен ашып алған. Онда тапсырыс бойынша тігілген бір-екі көрпеше ғана қалыпты. Жайпақ, шағын үстел үстінде жапонның шағын Janome атты тігін машинасы тұр. Ол ең алғаш осы машинамен құрақ құрап, көрпе тігуді үйреніпті. Әлі күнге осымен еңбек етіп ке­леді. Маманданғаны сонша көз алдымызда отыра қалып, аяғымен тігін машинасын іске қосып, ұршықша үйіріп жұмыс істеп кетті.

Анардың кәсіпкерлік жұмы­сына қолдау көрсетіп отырған әп­кесі Шынар. Оның да сіңілісі ашқан кәсіпкерлік ісінің дамы­тылуына айрықша мүдделі екенін байқадық.

– Денсаулығыма байланысты жұмыстан шығып, қиналып жүр­генмін. Бірде: «Қашанғы осылай әрекетсіз жүре береміз. Біз де бір кәсіппен айналысайық. Бір жағы табыс көзі, бір жағы жұмыс бола­ды» деп ой тастап, бұл іске баста­машы болған да сіңілім. Сөйтіп өз кәсібін ашып, бізді тығырықтан алып шықты. Жасы кіші болса да оған бағынып, айтқанын екі етпей орындауға тырыстым. Кейде бір аптада екі-үш қыз жасауын тіккен кездеріміз де болды. Жалпы одан жаман болған жоқпыз. Тұрмы­сымыз түзеліп, балаларды оқытып, қыздарымды тұрмысқа бердім. Енді сіңілім кәсібін кеңейтуді ой­лап жүр. Үй жанынан арнайы тігін цехын салды. Оның да әзірге бітпеген біраз жұмысы бар. Оны әрдайым қолдап, «Сенің қолыңнан бәрі де келеді» деп жігерлендіріп отырамын, – деді ол.

Алғашқыда Анар құрбыла­ры­нан «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында Үкіметтен берілетін гранттарды ұтып алуға қатысып, бақ сынауға болатынын естиді. Сөйтіп, өзіне қолайлысы осы-ау деген оймен қыз жасауын тігуді дұрыс көреді. Осылайша «Атамекен» кәсіп­кер­лер палатасының мүмкіндігі шек­теулі азаматтар арасында ұйым­дастырған байқауына қатысып, 3 миллион теңге көлеміндегі грант­ты жеңіп алып, үйінен шағын тігін цехын ашады. Оның айтуын­ша, әжесі Ақсұлу киіз үй жабды­ғы – басқұрларды тоқу шебері екен. Ал оның алты қызы да ою-өрнек салып, көрпе-жастық тік­кен. Нағашы әжесі Айтоты құрақ құрапты. Ұзақ жыл дүкенде сатушы болған марқұм анасы Айман да өнерден құралақан емес екен. «Бала кезімде әжелерім мен әпке­лерімнің тіккен бұйымдарына қатты қызығушы едім. Енді бұл кәсіпті қолға алғалы бері өзімнің қалай тігінші болып кеткенімді де байқамай қалдым. Гранттың арқа­сында жапондық тігін машина­ларын сатып алдым. Бар зейініңді қойсаң барлығын да үйреніп алуға болады екен. Оң аяқпен басқышын басып, сол аяқпен матаның бас­тарын қосып, тігіп үйрендім. Қазір махаббат көрпелерін де бір аяғым­мен аударыстырып отырып тіге беремін» – дейді кәсіпкер. Жұ­мысқа қажетті маталарды арнайы Шымкент пен Бішкек қалала­ры­нан сатып әкеледі екен. Қыздары Әдемі мен Сұлуайым да сабақтан босаса аналарына қолғабыс етеді. Құрақ құрайды, басқа да шаруа­ларына жәрдем береді. Ал мектепте ол екеуі қолөнер және тігін үйір­месіне қатысып жүр. Ұстаздары Лунара Ертаева шәкірттерін түрлі конкурстарға қатыстырып, қанат­тандырып, қолдап отырады. Мә­селен, өткен жылдың қараша айында қыздары аналарымен бірге «Өнерлі қолдар класы» байқауына қатысып, тігін машинасын ұтып алыпты. Оларға бұл сыйлықты республикаға белгілі тігін шебері Ырза Тұрсынзада тапсырыпты.

Анар бүгінде қомақты несие алып, өндіріс көлемін ұлғайтуды ойластыруда. Бұл жұмысты бастап та кеткен. Ауласынан тігін цехы ғимаратын жыл аяғына дейін са­лып бітуді көздеуде. Жұмысы жү­ріп жатса, «ИМИТИ» сауда ке­шенінен бір бөлмені жалға алып, қыз жасауы дүкенін ашпақ ниетте. Ол Гүлшара Әбдіқалықованың қабылдауында болып, осындай жоспарларымен бөліскен екен. Тіпті, аяғымен тігін тігіп, кәсіппен айналысып, өзін де, қыздарын да асырап, бауырларына қамқор болып отырған қайсар қыздың қарекеті облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің де таңданысын тудырған. Облыс әкімі қабылдауға келгенмен, ешқандай төлемақы да, пәтер де сұрамаған кәсіпкер қыздың несие алуына көмек беруге уәде беріп отыр. Анардың алға қойған мақсаты көп.

Күні кеше тағдырдың басқа салғанына қарсы тұрып, кәсіп ашып, өзгелерге жұмыс беріп отырған кәсіпкерге Нұр-Сұлтан қаласынан Ұлттық экономика министрлігінен Құрмет грамотасы келіпті. Оны облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеров «Жасау Тараз» жеке кәсіпкерлігінің иесі Анарға арнайы үйіне келіп тапсырды. Нұржан Сәбитұлы Ұлт­тық экономика министрі Руслан Дәленовтың Құрмет грамотасын оқып, марапат иесіне табыс етті. Онда: «Құрметті Анар Сағынтай­қызы! Сіз – еліміздің көркеюіне белсене атсалысып, абыройлы жұ­мысыңызбен көпшіліктің құр­метіне бөленген үлгі тұтар жансыз. 2015 жылы «Бизнестің жол карта­сы – 2020» бағдарламасы шең­бе­рінде ашқан кәсібіңіз өңір эко­номикасының өсуіне баға жетпес үлес қосуда. Жұмыспен қамту кез келген мемлекет үшін қашанда өзек­ті мәселелердің бірі болып та­былады. Ал азаматтарды жұмыспен қамтудың баламасы ол – кәсіп­керлік. Өзіңізді жұмыспен қамтып, тіпті өзгелерге жұмыс орнын бер­геніңіз үшін алғысымыз шексіз! Жасап жатқан кәсібіңіз игі істер әкеліп, жаңа мүмкіндіктер ашсын! Алға қойған мақсат-міндеттеріңіз, үлкен жоспарларыңыз орында­л­сын. Еліміздегі мәні зор, маңызы айрықша мерекелердің қатары – Елордамыздың туған күні қарса­ңында, Сізге еліміздің бағын асы­ратын, мерейін тасытатын үлкен істе қажымас қайрат, бақ-береке, табыс пен сәттілік тілейміз!» делінген ол хатта.

Анар өзінің аз ғана уақытта еңбегі еленіп, осындай марапатқа ие болып жатқанына қуанышты екенін жеткізді. Осыдан кейін ол құрылысы жүріп жатқан тігін це­хының жұмысымен таныстырып, алдағы жүзеге асыратын ірі жос­пар­ларымен бөлісті.

 

Жамбыл облысы