Дәріханада дәрі тапшы
Дәріханада дәрі тапшы
239
оқылды
Вирус жұқтырғандар да үй­ден емделіп жатыр. Ем-шараны үйде қабылдап жат­қандардың арасында нені қабылдау керек, керек емесін білмейтіндер жетер­лік. Жұрт әлеуметтік желіде не жазылса, соны сатып алып жатыр. Қазақстанның бірқатар аймағында дәріха­наларда антибиотик тап­шы­лығы білінеді. Ал бұған жауапты кім? Иә, әлеуметтік желіде көрген-білгенімен, кеңесімен бөлісіп жат­қандар баршылық. Халық кімге сенерін білмей дал. Сатып алу ке­рек деген дәрі-дәрмекті іздеп жүр. Ауырып жатқандар өз бетімен ем қабылдап, дәріханадағы бар өнімді қанағат тұтуға мәжбүр. Өйткені қазір парацетамол, аспирин, ан­ти­гриппин сияқты антибиотиктерді дәріханадан табу қиын. Түркістан облысындағы үйде ем қабылдап жүрген журналист Жадыра Нармаханова Facebook-те жанайқайымен бөлісіп жүр. Қалай емделіп жатқанын, қандай қиын­дық болғанын бүге-шігесіне дейін әлеуметтік желіге жазады. Мұның көпке пайдасы тиіп жүрген сы­ңай­лы. Байқап қарасақ, елімізде ау­ру­ханаға жете алмай, жедел жәрдемге қоңырау шала алмай жүргендер баршылық. Содан ба, халық бір-бірімен ақыл-кеңесін, алған дәрі-дәрмегін бөлісіп жүр.
Жадыра Нармаханованың тө­мендегі жазбасы дәріханалардағы жағдайдан хабар береді. «Бүгін дәрі-дәрмек алу үшін аптекаға бар­дық. Іздегенімізді алтыншы апте­кадан әрең таптық. Кезек көп. Ха­лық «Үкімет ең болмаса, өз ақ­ша­мызға сатып алатын дәрімен қамтамасыз етсе» деп тұр. Қара­пайым парацетамол алдым. Жұрт­қа қалсын деп, бір ғана парацетамол алдым. «Балаларға арналғаны жоқ. Сондықтан біреуін екіге бөліп бере беріңіздер» дейді. Дәрі-дәрмектің бағасы да қымбат», – дейді ол Facebook-тегі жазбасында.
Өкпені дәрігерге көрсетпей тұрып антибиотик қабылдауға болмайтынын біразы білгенмен, шара жоқ. «Ауру меңдеп, аяқ-қо­лың сырқырағанда жан таппайсың» дейді індетпен бетпе-бет келгендер. Содан қолға шипа болады-ау деген қандай дәрі бар, ел не айтады соны қабылдап жүргендер жетерлік. Дәрханалардан керегін таппай, қала кезіп жүргендер қаншама? Ал елдегі дәріханалардың дәрі-дәр­мекпен қамтылуына кім жауапты? Бірден ойымызға «СК-Фармация» түсті. Сұрағымызға жауап берген Іңкәр Еркінқызы аталған компа­нияның дәріханаларға дәрі жет­кізумен айналыспайтынын бірден хабарлады. Қоғаммен байланыс бө­лімі маманының сөзінше, «СК-Фармация» медициналық ұйым­дарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етеді. Емханалар, бөлімшелер компанияға қандай дәрі-дәрмек керегін хабарлайды, ал компания жеткізіп береді. Қазір олар ауру­ханаларға аталған антибиотик­тердің 16 түрін жеткізумен айналы­сып жатыр. Іңкәр Еркінқызы елімізде 3 мыңға жуық дәріхана болғанымен, 45 компания жеткізу қызметімен айналысатынын атап өтті. «Мед­сервис плюс», «Ақниет», «Сто­фарм» және тағы басқа компа­ния­лар дәрі-дәрмекті шетелден та­сымалдайды екен. Оның сөзінше, Қазақстанда дәріханалардағы дәрі-дәрмекке жауап беретін, қам­тамасыз етуді қадағалайтын жа­уапты компания жоқ. dari-1 «СК-Фармация» өкілінің мә­лімдемесінен кейін, аталған ком­паниялармен байланысқа шығуды көздедік. Бірнеше компанияға қоңырау шалғанымызбен, хабар­ласа алмадық. Мұны қазіргі дәрі тапшылығымен, қауырт жұмыс кезеңімен байланыстырдық. Де­генмен компаниялардың осындай уақытта жағдайды түсіндіріп, мә­лімдеме жасайтын шағы емес пе? Өйткені алыс аймақты былай қой­ғанда, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шым­кент сияқты ірі қалалардың өзінде дәрі таба алмай, табанынан тозып жүрген халық көп. Стацио­нарлар жағдайы ауыр науқасты ғана қабылдайтынын ескерсек, емделушілер дәріханадан дәрі іздейтіні анық емес пе? Қош, Europharma мен Planta-ның «Ақниет» ЖШС-ның қара­ма­ғына кіретінін білеміз. Әрі Europharma дәріханалар желісі еліміздің барлық аймағында бар. Қазір олар­ға толассыз қоңырау түсіп жат­қандықтан, әлеуметтік желі арқылы хабарласу мүмкін болмады. Сауалымызды жолдағанымызбен, «басшылық сізбен байланысады» дегеннен артық жауап ала алмадық. Дәрі-дәрмек тапшылығына қайта оралсақ, 24 маусым күні елор­дадағы фармацевтика қа­уым­дастығының директоры Гүлнарай Әлмурзина мәлімдеме жасады. Енді дәріханаларда дәрігердің ре­цептінсіз сатылатын препарат­тарды сатуға лимит қойылады. Әрі Әлмурзина дене қызуын түсіретін дәрі-дәрмектің баламасы барын еске салды. Өйткені астана дәрі­ха­наларында мұндай препарат тап­шы. Фармацевтика қауымдасты­ғы­ның директоры дене қызуы кө­терілсе, «Панадол», «Эффералган», «Ибупрофен», «Ибуфен», «Миг» және «Новиган» препаратын қол­дануға кеңес берді. Білуімізше, қала әкімінің орын­басары Бақтияр Мәкен дә­ріхана желілерінің басшыларымен онлайн жиын өткізген. Дәрі-дәр­мек пен медициналық бұйымдарды үздіксіз жеткізуді ұйымдастыруды тапсырған. Алматы қаласында да Тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасы және қауіпсіздігін бақылау депар­таменті рецептсіз берілетін дәрілік заттарды шектеуді қарастырып жатыр. Сондай-ақ олар халықты өз бетімен емделмеуге шақырады. Ұйымның баспасөз қызметі же­текшісі Эльмира Омарова БАҚ-қа берген сұхбатында қалада дәріха­налар мен қоймаларда парацета­молдың 24 370 қорабы бар екенін айтқан. Басқа да препараттардың жеткілікті екенін, олар шілде айын­да айналымға шығатынын атап өткен. Бірақ халық дәрі-дәр­мек бағасының қымбат екенін айтып дабыл қағып жатыр. Кеше 8 мың теңгеге алған дәрісін бүгін 12 мың теңгеге сатып алып жатқан­дарына күйінеді. Олар бағаға шек­­теу қоя­тын, халық үніне құлақ аса­тын, тезге салатын пәрмен күтіп жүр. Пандемия ел тұрмысын тұ­ралатты. Ал дәрі бағасының жайы «Ер Төстік» ертегісіне ұқсайды. Күн санап емес, сағат санап өсіп жатыр. Бұған тоқтау қойып, шекті баға бекітетіндердің қарасы кө­рінбейді. Тек қарастырамыз бен шектеу қоямыздың арасындағы әңгіме. Дәріханалардағы дәрі қоры жайында да ресми мағлұмат жоқ. Сценарий осыдан бірнеше ай бұрынғы медициналық бетперде жетіспеу оқиғасына ұқсайды. Үкі­мет шара қолданбаса, дәріхана ке­зегінде тұрып-ақ вирус жұқ­ты­руға болатын сыңайлы.  

АйзатАйзат АЙДАРҚЫЗЫ