Вирус жұқтырғандар да үйден емделіп жатыр. Ем-шараны үйде қабылдап жатқандардың арасында нені қабылдау керек, керек емесін білмейтіндер жетерлік. Жұрт әлеуметтік желіде не жазылса, соны сатып алып жатыр. Қазақстанның бірқатар аймағында дәріханаларда антибиотик тапшылығы білінеді. Ал бұған жауапты кім?
Иә, әлеуметтік желіде көрген-білгенімен, кеңесімен бөлісіп жатқандар баршылық. Халық кімге сенерін білмей дал. Сатып алу керек деген дәрі-дәрмекті іздеп жүр. Ауырып жатқандар өз бетімен ем қабылдап, дәріханадағы бар өнімді қанағат тұтуға мәжбүр. Өйткені қазір парацетамол, аспирин, антигриппин сияқты антибиотиктерді дәріханадан табу қиын.
Түркістан облысындағы үйде ем қабылдап жүрген журналист Жадыра Нармаханова Facebook-те жанайқайымен бөлісіп жүр. Қалай емделіп жатқанын, қандай қиындық болғанын бүге-шігесіне дейін әлеуметтік желіге жазады. Мұның көпке пайдасы тиіп жүрген сыңайлы. Байқап қарасақ, елімізде ауруханаға жете алмай, жедел жәрдемге қоңырау шала алмай жүргендер баршылық. Содан ба, халық бір-бірімен ақыл-кеңесін, алған дәрі-дәрмегін бөлісіп жүр.
Жадыра Нармаханованың төмендегі жазбасы дәріханалардағы жағдайдан хабар береді. «Бүгін дәрі-дәрмек алу үшін аптекаға бардық. Іздегенімізді алтыншы аптекадан әрең таптық. Кезек көп. Халық «Үкімет ең болмаса, өз ақшамызға сатып алатын дәрімен қамтамасыз етсе» деп тұр. Қарапайым парацетамол алдым. Жұртқа қалсын деп, бір ғана парацетамол алдым. «Балаларға арналғаны жоқ. Сондықтан біреуін екіге бөліп бере беріңіздер» дейді. Дәрі-дәрмектің бағасы да қымбат», – дейді ол Facebook-тегі жазбасында.
Өкпені дәрігерге көрсетпей тұрып антибиотик қабылдауға болмайтынын біразы білгенмен, шара жоқ. «Ауру меңдеп, аяқ-қолың сырқырағанда жан таппайсың» дейді індетпен бетпе-бет келгендер. Содан қолға шипа болады-ау деген қандай дәрі бар, ел не айтады соны қабылдап жүргендер жетерлік. Дәрханалардан керегін таппай, қала кезіп жүргендер қаншама? Ал елдегі дәріханалардың дәрі-дәрмекпен қамтылуына кім жауапты? Бірден ойымызға «СК-Фармация» түсті.
Сұрағымызға жауап берген Іңкәр Еркінқызы аталған компанияның дәріханаларға дәрі жеткізумен айналыспайтынын бірден хабарлады. Қоғаммен байланыс бөлімі маманының сөзінше, «СК-Фармация» медициналық ұйымдарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етеді. Емханалар, бөлімшелер компанияға қандай дәрі-дәрмек керегін хабарлайды, ал компания жеткізіп береді. Қазір олар ауруханаларға аталған антибиотиктердің 16 түрін жеткізумен айналысып жатыр.
Іңкәр Еркінқызы елімізде 3 мыңға жуық дәріхана болғанымен, 45 компания жеткізу қызметімен айналысатынын атап өтті. «Медсервис плюс», «Ақниет», «Стофарм» және тағы басқа компаниялар дәрі-дәрмекті шетелден тасымалдайды екен. Оның сөзінше, Қазақстанда дәріханалардағы дәрі-дәрмекке жауап беретін, қамтамасыз етуді қадағалайтын жауапты компания жоқ.
«СК-Фармация» өкілінің мәлімдемесінен кейін, аталған компаниялармен байланысқа шығуды көздедік. Бірнеше компанияға қоңырау шалғанымызбен, хабарласа алмадық. Мұны қазіргі дәрі тапшылығымен, қауырт жұмыс кезеңімен байланыстырдық. Дегенмен компаниялардың осындай уақытта жағдайды түсіндіріп, мәлімдеме жасайтын шағы емес пе? Өйткені алыс аймақты былай қойғанда, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент сияқты ірі қалалардың өзінде дәрі таба алмай, табанынан тозып жүрген халық көп. Стационарлар жағдайы ауыр науқасты ғана қабылдайтынын ескерсек, емделушілер дәріханадан дәрі іздейтіні анық емес пе?
Қош, Europharma мен Planta-ның «Ақниет» ЖШС-ның қарамағына кіретінін білеміз. Әрі Europharma дәріханалар желісі еліміздің барлық аймағында бар. Қазір оларға толассыз қоңырау түсіп жатқандықтан, әлеуметтік желі арқылы хабарласу мүмкін болмады. Сауалымызды жолдағанымызбен, «басшылық сізбен байланысады» дегеннен артық жауап ала алмадық.
Дәрі-дәрмек тапшылығына қайта оралсақ, 24 маусым күні елордадағы фармацевтика қауымдастығының директоры Гүлнарай Әлмурзина мәлімдеме жасады. Енді дәріханаларда дәрігердің рецептінсіз сатылатын препараттарды сатуға лимит қойылады. Әрі Әлмурзина дене қызуын түсіретін дәрі-дәрмектің баламасы барын еске салды. Өйткені астана дәріханаларында мұндай препарат тапшы. Фармацевтика қауымдастығының директоры дене қызуы көтерілсе, «Панадол», «Эффералган», «Ибупрофен», «Ибуфен», «Миг» және «Новиган» препаратын қолдануға кеңес берді.
Білуімізше, қала әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен дәріхана желілерінің басшыларымен онлайн жиын өткізген. Дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды үздіксіз жеткізуді ұйымдастыруды тапсырған.
Алматы қаласында да Тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасы және қауіпсіздігін бақылау департаменті рецептсіз берілетін дәрілік заттарды шектеуді қарастырып жатыр. Сондай-ақ олар халықты өз бетімен емделмеуге шақырады. Ұйымның баспасөз қызметі жетекшісі Эльмира Омарова БАҚ-қа берген сұхбатында қалада дәріханалар мен қоймаларда парацетамолдың 24 370 қорабы бар екенін айтқан. Басқа да препараттардың жеткілікті екенін, олар шілде айында айналымға шығатынын атап өткен. Бірақ халық дәрі-дәрмек бағасының қымбат екенін айтып дабыл қағып жатыр. Кеше 8 мың теңгеге алған дәрісін бүгін 12 мың теңгеге сатып алып жатқандарына күйінеді. Олар бағаға шектеу қоятын, халық үніне құлақ асатын, тезге салатын пәрмен күтіп жүр.
Пандемия ел тұрмысын тұралатты. Ал дәрі бағасының жайы «Ер Төстік» ертегісіне ұқсайды. Күн санап емес, сағат санап өсіп жатыр. Бұған тоқтау қойып, шекті баға бекітетіндердің қарасы көрінбейді. Тек қарастырамыз бен шектеу қоямыздың арасындағы әңгіме. Дәріханалардағы дәрі қоры жайында да ресми мағлұмат жоқ. Сценарий осыдан бірнеше ай бұрынғы медициналық бетперде жетіспеу оқиғасына ұқсайды. Үкімет шара қолданбаса, дәріхана кезегінде тұрып-ақ вирус жұқтыруға болатын сыңайлы.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ