Режиссер Тұрдыбек Майдан мен Тілек Төлеуғазының «Мұзбалақ» анимациялық фильмі Ресейдің Ярослав қаласында өткен халықаралық кинофестивальде қазылар алқасының арнайы жүлдесіне ие болды. Картина Қазақстан Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген.
«Мұзбалақ» анимациялық фильмі қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан саятшылық өнері және адам мен бүркіт арасындағы достық туралы баяндайды.
– Бұл – біздің еңбегіміздің жемісі. «Мұзбалақ» фильмін халықаралық қазылар алқасы жоғары бағалағаны қуантады. Халықаралық анимациялық кинофестивальдерді әлі де таңғалдыратын боламыз», – деді «Қазақфильм» АҚ анимациялық бірлестігінің жетекшісі Адай Әбілдинов.
«Отбасымен бірге» кинофестивалі дәстүрлі түрде отбасылық және балаларға арналған үздік фильмдерді ұсынады. Кинофестивальдің басты мақсаты – отбасы, мейірімділік, махаббат, адамгершілікке тәрбиелейтін фильмдерді көпшілікке таныту. Әр жыл сайын фестиваль ұйымдастырушылары жаңа қалаларды таңдап, ерекше конкурстық және ойын-сауық бағдарламаларын дайындайды. Қазылар алқасына ресейлік және шетелдік киноөнер майталмандары шақырылады.
Айта кететін жайт, «Мұзбалақ» былтыр Қазақстан Кинематографистері одағының «Құлагер» жүлдесінде «Үздік анимациялық фильм» номинациясы бойынша жеңімпаз атанған. Сонымен қатар XVII «Алау рухы» халықаралық кинематографиялық дебюттер кинофестивалінің балалар және жасөспірімдер фильмдері конкурстық бағдарламасына қатысқан. Картина былтыр күзде қазақстандық прокатта болды.
Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ