Жүгенсіз шетелдіктер

Жүгенсіз шетелдіктер

Қазақстан аумағындағы төтенше жағдай аяқталған күнге, яғни 11 мамырдағы мә­­­­ліметке сәйкес елде жүріп-тұру мәртебесін рет­те­меген 115 мың шетелдік бол­ған. Бұл жөнінде ІІМ Көші-қон комитетінің басқарма бастығы Асқар Алдоңғаров мә­лімдеді. Бірақ аталған шетел­діктердің біразы 11 ма­мырдан соң құжатын туралаған. Алайда бұл әңгіме бірінші рет айтылып, жа­зы­лып жүрген жоқ... Қазақстан шекарасы ше­генделмеген бе дерсің. Айтуға негіз бар. Өйткені елімізде 13 мың шетелдік заңсыз жүргені анықталған. «Соның ішінде 4 мың шетелдікке виза берілді. 17 мың шетелдік уақытша тұруға ар­налған рұқсат алды. 78 мың жұмысшыға көшіп келуге рұқсат берілді және құжат мерзімдері ұзартылды. Қазақстаннан 3 000 адам шығып кетті», – дейді Асқар Алдоңғаров. Яғни, әлі 13 мыңдай шетел азаматы мәртебесін рә­сімдеп үлгермеген. Бір ескеретіні, 10 шілдеге дейін шетелдіктер Қазақстаннан қандай да бір құжаттарды рәсім­деусіз кете алады. Полиция сәуір айында каран­тинге жабылған Алматыдағы дүкендерді тонаған қылмыстық топты ұстады. Ұсталған төрт адам­ның үшеуі өзге ел азаматтары болып шыққан. Полицияның хабарлауынша, қылмыстық топ өз әрекетін карантинге жабылған Алматыда тек түнгі уақытта іске асырған. Күдіктілер шағын дү­кендерге кіріп, тұтынушылық тауарларды ұрлаумен айналысқан. Олар дүкендегі дабылды өшіру үшін жарықты алдын ала сөн­діріп отырған. Күдіктілер қамауға алынып, олардың осыған ұқсас үш қылмыстық эпизодқа қатысы бар екені дәлелденді. Ұсталғандардың үшеуі – Грузия мен Әзербайжан азаматтары екені анықталды. Тағы біреуі – отандасымыз. Мұндай топтардың ұсталуы бірінші болып тұрған жағдай емес. 2017 жылы Алматы облы­сының полицейлері бір тәулік ішінде қылмыс жасады деген күдікпен мемлекетаралық іздеуге жарияланған Өзбекстанның екі азаматын ұстады. Тәртіп сақшылары таратқан ақпаратқа сәйкес, екеуі де Өзбекстан та­рапы жолдаған бағдарға сәйкес анықталып, Іле және Талғар аудандарында қамауға алынған. «Талғарда Хорезм облысының құқық қорғаушылары іздеу жариялаған Өзбекстанның 44 жастағы азаматы ұсталды. Сондай-ақ Іле ауданының ау­мағында Хиуа аудандық сотының шешімімен өзбек әріптестеріміз іздестіріп жүрген 24 жастағы жігіт қолға түсті. Ұсталған тұлғалар қамауға алынып, қылмыс жасаған жерлеріне экстрадицияны күтуде», – деп хабарлады Алматы облысы ІІД баспасөз қызметінен. Сол уақытта Алматы облы­сында Қазақстан аумағында заңсыз жүрген 900-ге жуық шетел азаматын ұстады. Олардың көбі – еңбек мигранттары. Көрші елден келіп, жалдамалы жұмыс істеп жатқандар күннің суығында от жағылмайтын лас лашықтарда тұрып, қара шай мен макаронды талғажау етсе де, елімізден кеткісі келмейді. Қазақстанның көші-қон заңдарын белінен басып жүрген шетелдіктер жетерлік. Әсіресе, көрші елдерден келіп, құрылыс нысандарында нәпақасын тауып жүргендер көп. Мәселен, бұл жұ­мысшылардың барлығы – Өз­бекстан азаматтары. Келгендеріне біраз уақыт болса да, құжаттарын рәсімдемеген. Келімсектердің көбі өмір сүруге еш жағдай жасалмаған, суық әрі лас жерде тұрып-ақ жұ­мыс істеуге дайын. «Себебі өз елі­мізде екі қолға бір күрек табылмай отыр», – дейді олар. Төле би ауылындағы 300 балаға арналып салынып жатқан мек­тептің құрылыс жұмыстарына да шетелдіктер тартылыпты. Егер Өзбекстан азаматтарының еңбегі заңсыз пайдаланғаны анықталып жатса, жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл төлеуге міндеттеледі. Құрылыс нысандарында ұс­талған шетел азаматтары жеке басын анықтау үшін Ішкі істер департаментіне апарылатын болады. Егер бұл азаматтардың Қазақстан аумағында жұмыс істеуіне заңдық рұқсат қағазы жоқ болса, әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Қалай болғанда да, шетел азаматтарының тағ­дырын сот шешеді. Олар Қа­зақ­стан аумағынан тіпті шеттетілуі де мүмкін. Солтүстікқазақстандық сақшылар да 2018 жылы іздеуде жүрген 17 қылмыскерді ұстады.Олардың барлығы көршілес Ресей елінің азаматтары екен. Өз елінде түрлі қылмыс жасап, жылдар бойы құқық қорғау органдарынан жасырынып келген. Тәртіп сақшыларының айтуынша, қаскөйлердің алтауы ұрлық-қарлықпен айналысқан. Ұсталғандар жайында материал­дар жинақталып, Ресейге жі­берілген болатын. Ал жақында Қазақстан азаматы алаяқтық және ҚХР-дың төрт азаматына уа­қытша тұруға рұқсат беретін қағаз алу үшін пара беруге итер­меледі деген айыппен сотталды. Ол Қытай Халық Рес­пуб­ликасының төрт азаматынан Қазақстанда уақытша тұруға рұқсат қағаз беру үшін шенеу­ніктерге пара ретінде беремін деген сылтаумен 80 мың теңгені алаяқтық жолмен иеленді деген күдікке ілінді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 1-бөлімінің ерекше маңызды істер бойынша тер­геушісі Данияр Биғайдаров: – Алматы облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі бұған дейін сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деп айып­талып, А. үстінен қозғалған сот­қа дейінгі тергеуді аяқтады. 11 маусымда Алматы облысы Ескелді аудандық сотының үкі­мімен Тоқтамұратұлы 300 АЕК көлемінде, яғни 800 мың теңге айыппұл төлеуге міндеттеліп, мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды, – дейді. Міне, біздегі салғырттық сал­дары осылай болып тұр. Жең ұшынан жалғанған жемқорлықты азайтпасақ, осылай сыртан келген келімсектерді тайраңдатып қоя­ты­нымыз анық.  

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ