Осының бәрі айтуға оңай. Шын мәнінде, ол оқиғалардың әрқайсысы Елбасының жүйкесін тоздырып, қаншама қиналу мен тер төгуді қажет еткенін біз ойладық па? Назарбаев бастамасымен іске асырылған шараларды сарапқа сала алдық па? Бұл біздің бәрімізді ойландыра білуі керек. Сонда ғана біз Елбасын – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентін қадірлеп, тарихи мәртебесін сақтау мен қорғаудың жолын айқындауға қатыса аламыз. Біраз нәрсені еске түсірейік. Серік ҚИРАБАЕВ, академик Назарбаевтың жаңа мемлекет қалыптастыру жолындағы ұлы еңбегі тәуелсіздіктің алғашқы кездеріндегі қиыншылықтарды жеңуден басталды. Ол алдыңғы қатарлы мемлекеттердің нарықтық экономикаға көшу жолын, капитализмнің өзіндік ерекшеліктерін зерттеді. Сөйтіп, ол әлемдік нарық экономикасын жете біліп алды. Оны өз ортасына жеткізіп, маңындағы адамдарды ел ұстау мен экономиканы басқарудың жаңа әдістеріне үйретті. Оның «Қазақстан-2030», «Қазақстан-2050» стратегиялары – ұзақ мерзімге бағытталған бағдарлама. Алдыңғысы елімізде іске асуы тиіс шаралардың көлемді іс-жоспарына айналып, елеулі асуды бағындырды. Осының бәрі, шынын айтсақ, бір адамның, тек қана Назарбаевтың қайсарлығы арқасында іске асты. Ол бәрін білді, айтты, жол көрсетті, түсіндірді. Бұл тұрғыда Назарбаевтың ұлттық ақша жасау жөніндегі саясаты да жеңіске жеткізгенін, тәуелсіз елдің жаңа ақшасын тез арада жасап, оны экономикаға пайдаланғанын да атап айту керек. Елбасы әрқашан халқымен бірге болды. Олармен жиі кездесіп, бетпе-бет әңгімелесті. Қиыншылықтың уақытша екенін түсіндірді. Халықпен үзбей байланыста болуы Назарбаевтың беделін көтерді, халқы оған ерді, сенді. Ел мен Елбасы табысып, бірігіп, тәуелсіздіктің баянды болуын қамтамасыз етті. Осы бір жылдары Елбасымен бірге қызмет істеген жазушы-қайраткер марқұм әбіш Кекілбайұлының тәуелсіздік құндылығын арқау еткен «Абылай хан» пьесасы жарық көріп еді. Ол Абылай ханның Қазақ елінің тәуелсіздігі жолындағы еңбегін суреттеп жазды. Сондағы Абылай монологінде: Теңдіктің тезі, теңселме, Еркіндік жолы – егес-ті. Бақыттың жолы – бәсеке, Ырыстың жолы – бейнет-ті. Азаттық жолы – азапты, Төземісің, әлеумет! Азаттықтың қамы үшін! Болашақтың бағы үшін! Ұлы жорық бастаймын, Айналайын әлеумет! Бастай алмасам – маған серт! Қостай алмасаң – саған серт! Қазақтың қайран даласын, Жағасы жайлау ел қылам. Қара сирақ баласын Басқалармен тең қылам. Кеткен кегін қайтарып, Іргесі тыныш, төрі кең, Мерейі биік, бағы зор, Ырысы шалқар көл қылам. Осы жолда, әлеумет! Тайсалар болсам – маған серт! Тайқып кетсең – саған серт! Еремісің, әлеумет! – деген жолдар бар еді. Егер шығарма тілінде сөйлесе, Нұрсұлтан да осыны айтқан болар еді. Ел мен Елбасының бірлігі тәуелсіздік жолындағы Президент идеясына қолдау берді. Осы бір қиын кезеңнен өтіп, ел есін жия бастаған кезде, экономикамыз әлі де толығынан сауығып болмағанына қарамастан Нұрсұлтан тағы бір үлкен іс бастады. Ол – республика астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру, оның атын бастапқыда Астана деп ауыстыру туралы мәселелер. Бұған да кедергі аз болған жоқ. Оған қарсылар әлі ел жағдайының жөнделіп болмағанын, қаржы қиыншылығын, ең бастысы әсем Алматыны қиып, тастап кетудің лайықсыздығын алға тартты. Алматы – Назарбаевтың өз Отаны. Оны еске салған ағайын-туыстар да болды. Бірақ ойына алған мақсатын істемей тынбайтын Елбасы ешкімнің сөзіне ермеді. Өйткені бұл мәселені ол он ойланып, жүз толғанып барып шешкен. Астананы Орталық Қазақстанға көшіру арқылы көршілермен шекара мәселесін шешіп алуға болатынын, Ақмоланың географиялық орталық екенін, Алматының табиғи жағдайлары оны өркендетуге тарлық жасайтынын дәлелдеді де, жалпы мемлекеттік мүддені жеке мүддеден жоғары қоя білді. Парламенттегі, Үкіметтегі қарсылықтарды біртіндеп жеңіп, шешім қабылдатты. Сөйтіп, жаңа елорда – Астана қаласы туды. Қазір бұл шаһар жаңа Қазақстанның дамуының символына айналды. Бәріміз күні кешеге дейін Астана – Назарбаев деген атаулардың өзара туысып, байланысып, жалғасып кеткен біртұтас ұғымға айналғанын байқадық. Сондықтан 2019 жылы наурызда елімізде мемлекет билігінің табиғи трансформациясы басталған сәтте, Парламенттің қос палатасы бас қосқан жиын үстінде жаңа ресми лауазымдағы Қ.Тоқаевтың елорда атауын – Нұр-Сұлтан қаласы деп өзгертуді жария етуін уақыт пен замана шешімі деп қабылдадық. Ел тәуелсіздігі жолындағы күресте жеңіске жетіп, оны орнықтырып, оның үстіне Арқаның төсінен жаңа елорда салу – Назарбаевтың, тек қана соның адал еңбегі, ерлігі. Әлі есімде, елорданың 11 жылдық тойына орай Тәуелсіздік сарайында өткен әлемге аты әйгілі тенор Пласидо Домингоның концерті болды. Дүниежүзін шарлаған опера әншісі Орталық Азия жеріне бірінші рет қадам басқан екен. Сол сапары Қазақстан астанасынан басталып, тіпті толқып, қанаттанып кетіпті. Сол кезде жетпісті алқымдап қалған әншінің ширақ жүрісі, салған әндері – бәрі де көңіл күйінің ерекше шабытты шағын танытты. Ол серіктесі сопрано әнші Виргиния Толамен бірге кезектесіп те, дуэтпен де талмай бізге өнер сыйлады. Концерттің кульминациялық нүктесі – Домингоның Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқасын» айтуы және сахнаға шыққан Назарбаевпен қосылып ән шырқауы болды. Әлемдік өнер құдіретін түсіну және оған ұлт мәдениетін ұштастырудың өнегесі Нұрекеңдей-ақ болар. Алдағы уақытта Елбасының «ел астанасын әлемнің ең танымал 30 қаласының қатарынан көрейік» деген бастамасы іске асатынына сенеміз. Осы орайда, 2017 жылы елордада өткен халықаралық EXPO көрмесінің жөні бөлек болды. Бұл – Елбасының әлемдік беделі мен еңбегінің жемісі. 2012 жылы 22 қараша күні Парижде Халықаралық көрмелер бюросына мүше 161 мемлекет өкілінің жасырын дауыс беру барысында Астана (қазір Нұр-Сұлтан) EXPO-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізетін қала ретінде таңдалды. Қазақстан елордасын 103 ел қолдады. Біз ТМД елдері ішінде мұндай шараны өткізуге бірінші болып қол жеткіздік. Көрме қалашығы мен елеулі модерн ғимараттары бүгінде Нұр-Сұлтан қаласының – ең көрікті аумағының бірі. Мұндағы «Нұр-Әлем» кешені – жаңа заман ғылымы мен танымының ізашары. Тарихи қысқа мерзім ішінде Қазақстан әлемнің басты мемлекеттерімен тіл табысып, дипломатиялық қарым-қатынасқа түсті. Түркі ынтымақтастығының құрамына кірді. ТМД, ШЫҰ-ны ұйымдастыруға ұйытқы болды. Нұрсұлтан Әбішұлының әлемдік беделінің күшімен Қазақстан ЕҚЫҰ, ИЫҰ-ға төрағалық етті. Қазақстанның көп ғасырлар бойы қағаз бетіне түспей, жобамен ғана сақталған шекарасын заңдастырды, ұлттық қауіпсіздікті сақтау шараларын жүзеге асырды. Қазақстан халқы арасындағы ұлтаралық келісімді тиянақтады. Шетел қазақтарын біртіндеп елге шақыру ісін бастады. Тәуелсіз мемлекеттің жаңа кадрларын дайындауға бағытталған «Болашақ» бағдарламасы жүзеге асты. Қазақстан Орталық Азия мен Еуразия кеңістігінде дамудың, демократиялық өрістің өміршең жолын тапты. Н.Назарбаевтың Президент қызметінің алғашқы кезінде-ақ дүниежүзінің көңілін аударған тағы бір ісі – Қазақстанның әлемдік қауым алдында ядролық қарудан бас тартуы. Кеңес Одағы тарағаннан кейін Қазақстанның қолында қалған ядролық қару-жарақтың молдығы жағынан біз әлемдегі мұндай қаруы бар төртінші ел саналған едік. Семей полигоны, Байқоңыр ғарыш айлағы, Сарышаған қару-жарақ қоймасы сияқты жерлер Ресей әскерлерінің базасы саналды. Осындай арсенал біреудің қолына түсіп кете ме, әлде Қазақстанның өзі оны әркімді қорқытып-үркітуге пайдалана ма деген қауіп әлемнің үлкен мемлекеттерінің, әсіресе АҚШ-тың мазасын кетіргені шындық. Бұл мәселені Назарбаев ақылмен шешті. Ол Қазақстан жерін ядролық қарусыз территория деп жариялап, қарудан бас тартты. Оны жоюға келісті. Ол үшін алдын ала Қазақстанға басқыншылық әрекет жасамау туралы АҚШ, Ұлыбритания, Ресей мемлекеттерінің кепілдігін алды. Бұл тарихи құжатқа 1994 жылы 4 желтоқсанда осы үш елдің басшысы мен Н.Назарбаевтың қолы қойылды. Ол кепілдікке сәл кейін Қытай мен Франция қосылды. Мұның алдында, 1991 жылы, кеңестік тоталитарлық жүйе әлі сақталып отырған жағдайда Н.Назарбаев Семейдің сынақ полигонын жабу жөніндегі тарихи құжатқа қол қойған еді. Ол бұл шешімімен де адамзат тағдырына деген орасан зор жауапкершілікті түсінетін және оны орындау жолында батыл қадам жасай алатын көреген қайраткер екенін танытқан. Тұңғыш Президенттің ел ішінде жүргізіп отырған саясатының керемет бір үлгісі – Қазақстан халқы бірлігіне байланысты ұстанымы. Тағдыр бізге ұлан-ғайыр жер беріп, негізгі тұрғын халқын аз етіп, оны сырттан келгендер есебінен толтырып, бірігіп күн көруді жазған екен... Жеріміздегі түрлі этностар тағдыры тәуелсіз Қазақстан орнағанда Н.Назарбаевтың қолына қарап қалды және сол тұста неше түрлі көріпкелдердің көбейіп: «КСРО халқы – коммунистік режимнің күшімен отырған халық. Енді олар быт-шыт болып бөлінеді» деген сәуегейлік пікірлер айтыла бастаған еді. Соның бір мысалы сияқтанып әзербайжан мен Армения, Ресей мен Шешенстан арасында шатақ шықты. Қазақстанда да «Лад» сынды қоғамдық ұйымдар ши шығара бастады... Осындай жағдайда Қазақстан халқының берекесін сақтап қалу Н.Назарбаев үшін күрделі мәселе болғаны түсінікті. Ол түрлі этностардың елден кетуін де, туыстық қарым-қатынасқа сызат түсуін де қаламады. Біз сияқты басқа республикаларда орын алған ұлтаралық қақтығысқа сүйеніп, қазаққа қыр көрсеткісі келгендердің әрқилы ойларының іске асуына да жол бермеді. Сол мақсатпен Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Сөйтіп, бұл проблема кезең-кезеңмен шешілді. Ассамблея дүниежүзі мемлекеттерінің назарын өзіне аудара бастады. Көп елдің басшылары мен мемлекет қайраткерлері оны этностар үйлесімін ұйымдастырудың жаңа моделі ретінде қабылдады. Қазақстан Президентінің осы татулық тұжырымдамасы бүкіләлемдік дін өкілдерін жинап, мәдениеттер арасындағы келісім мен ізгіліктің жолын іздеуге жалғасты. Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының ел астанасында өткен съезі осыған мұрындық болған Нұрсұлтан Назарбаевтың абыройы мен даңқын дүниежүзіне жайды. Елбасының: «Жаратушы – жалғыз, дүние – ортақ, аспан асты кең, ендеше біз бір атаның баласы, бір ананың перзенті ретінде бір-бірімізбен береке-бірлік пен ынтымақта өмір сүруіміз керек... Түрлі діндердің ғасырлар бойы жинаған мол жасампаздық тәжірибесін пайдаланып, Құдай сөзін бітімгершілік пен келісімнің пәрменді құралы ретінде пайдалануымыз қажет... Біз лаңкесшілдік идеологиясын тамырымен жойып, ізгіліктің жалпыадамзаттық құндылықтарын орнықтыру үшін бүкіл күш-жігерді жұмсауға тиіспіз» деген сөзі қашанда көкейкесті. Әлемдік саясаттағы Н.Назарбаев феномені туралы айтқан Маргарет Тэтчер, Кофи Аннан, Ли Куан Ю, Джордж Буш, Ху Цзинь-Тао, Жак Ширак, Барак Обама, Дмитрий Медведев, Ангела Меркель, Дональд Трамп, Си Цзиньпин, Владимир Путин, Режеп Эрдоған, Александр Лукашенко, Шимон Перес, Ильхам Әлиев, Шавкат Мирзиёев, Сооронбай Жээнбеков, Пан Ги Мун, т.б. саяси тұлғалардың пікірі – дәуір мен дүниежүзілік қоғамдастық бағасын айқын көрсетеді. Бұл бағаның тұжырымын Джордж Буштың: «Н.Назарбаев болашақты алдын ала болжай алады» деген сөзі мен Маргарет Тэтчердің: «Н.Назарбаев қалыпқа сыймайтын тұлға ретінде елін биікке жеткізу үшін батылдық пен сақтықтың үйлесімін тапты» деген ойы анық жеткізді. Елбасы елдік саясат пен ұлттық идеологияны да бір сәт ұмытқан емес. Осы орайда, «Мәдени мұра», «Халық тарих толқынында», «Рухани жаңғыру» бағдарламаларын ерекше атар едік. Осы және басқа да рухани бағыттағы елдік ізденістер мемлекеттік «Мәңгілік ел» тұжырымдамасын қалыптастырып, дамытты. Тәуелсіздік алғаннан кейін-ақ ұлттық мемлекет құруда бұл саланың маңызы зор екенін түсінген Елбасы белгілі бір мәдени-қоғамдық мәселелерді жинақтауға әрбір жылды арнады. Осы елдік істің негізінде қазір әлемдік кітапхана мен қолжазба қорларынан деректер алынып, қазақ тарихына қатысы бар көптомдық жарық көрді. Тәуелсіздік алғаннан бергі жүргізілген тың жұмыстар негізінде «Бабалар сөзі» атты 100 томдық қазақ фольклорының жинағы, «әдеби жәдігерлер» (20 том), әл-Фараби (10 том), Шоқан Уәлиханов (5 том), М.Әуезов (50 том), Ә.Марғұлан (14 том) шығармалары, «әлемдік философиялық мұра», «әлемдік фольклористика», «әлемдік әдебиеттану», «әлемдік өнертану» сияқты көптомдық кітаптар жарияланды. Таза ғылыми-зерттеулер қатарында көптомдық «Қазақ әдебиетінің тарихы», «Қазақ өнерінің тарихы», «Қазақ халқының философиялық мұрасы» сияқты еңбектер басылды. Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты тұжырымдамалық мақаласы еліміздің зияткерлік әлеуетін жоғары деңгейге көтерді. Әсіресе, «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы – бірегей идея деуге болады. «Рухани жаңғыру» аясындағы «Туған жер» жобасы бойынша жергілікті басқару жүйесі, зиялы қауым және білім мекемелері бірлесіп, қыруар жұмыс атқарды. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласынан туындайтын жобалар да ғалымдарымызды жаңа зерттеулерге жұмылдырды. «Архив-2025» жобасы, «Ұлы даланың тұлғалары» атты ғылыми-танымдық сериялық еңбектер әзірлеп жариялау жүзеге аса бастады. «Түркі өркениеті» атты іргелі ғылыми жоба қолға алынып, Ұлы даланың жеті қырының әрқайсысына арнайы энциклопедия даярлау жоспарланды. «Рухани жаңғыру» бағдарында «Қазақстан-2050» стратегиясында белгіленген латын қаріпті қазақ әліпбиінің концепциясы да Елбасы идеясымен нақтыланып, жүйеленгенін атап өткен орынды. Нұрсұлтан Назарбаевтың Мемлекет басшысы ретіндегі қызметі, бастамашыл қайраткерлігі «Тәуелсіздік дәуірі» атты кең тынысты еңбегінде жан-жақты көрініс тапқан. Мұнда Елбасы тәуелсіз елдің тарихын канондық үлгіде жазып берді десек, ақылға сыйымды. Әлемдік қоғамдастықтан лайықты орын алған мемлекет дәрежесіне көтерілген еліміздің тарихын Ұлт көшбасшысының өзі айшықтап жазып беруі Қазақстан қоғамының жасампаз рухын айғақтайды. Маңызы ерекше кітапта еліміздің дүниежүзілік масштабтағы мемлекеттік даму үдерісін, жасампаз тарихымыздың өрелі өрістерін, елдік санаға қуатты серпіліс пен асқақ сенім әкелген құбылыстарды Елбасы Н.Назарбаев тек өзіне тән стильмен аса әсерлі мағынада баяндап бере алды. Мұнда бүгінгі ғылым биігінен тарихи құбылыстарды шынайы жазу әдіснамасына бағыттайтын және аса мол статистикалық мәліметтер мен материалдарды оқырманға жеткізетін тың әдістеме бар. Бұл – жалпыәлемдік өркениеттік үдерістер арнасында зерделеудің жаңа әдіснамалық тұжырымдамасы деуге лайықты еңбек. Тарихи бетбұрыс пен билік транс-формациясы алдында жарияланған осы толымды кітап отандастарымыздың қолдан тастамайтын асыл дүниесіне айналады деп үміттенеміз. Әлем тарихында мұндай тәжірибе де бар. Мәселен, Уинстон Черчилль Англияның 4 томдық тарихын жазып шықты. Шығыстың біртуар қайраткері Джавахарлал Неру «Әлем тарихына көзқарас» атты еңбегінде Үндістанның мемлекеттік идеясын тұжырымдады. Жаңа Түркияның негізін қалаған Мұстафа Кемал Ататүрік 1927 жылы Республикалық халық партиясының II конгресінде 36 сағат «Nutuk» (Сөз) атты баяндамасын оқып, түрік санасында төңкеріс жасады. Кейін ол 900 беттік кітап болып шыққан. Оның нәтижесі – жаңа Түркия Республикасы. Нұрсұлтан Назарбаев – жай ел басшысы емес, құрушы, жасампаз, көреген тұлға. Сондықтан бәрі «бірінші» және «тұңғыш» дегеннен басталады. Ендеше бұл еңбек – жаңа мемлекетті өз қолымен, өз бастамасымен тұрғызған аса ірі тарихи тұлғаның әрі жылнамасы, әрі дәуірнамасы. Біртуар Нұрсұлтан Әбішұлы – тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаған тұлға, Отан және мемлекеттілік тарихының барлық кезеңдерін жетік білетін саяси қайраткер, терең тамырлы тұжырымдамалы еңбектің авторы. Ендеше оның тәуелсіз ел тарихын өзі бастап баяндауы қоғамдық санамызға орасан зор ой салып, мемлекетімізді ренессанстық даму сатысына одан сайын өрлеткені сөзсіз. 2019 жылы 19 наурызда Қазақстан өз дамуының жаңа кезеңіне көтерілді. Бұл – саяси өркендеудің сабақтастығын, әлеуметтік-экономикалық бағытымыздың жүйелігін көрсетті. Елбасы жаңа Президенттікке үміткер ретінде тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен жанынан табылған саяси серігі, сенімді шәкірті, қайраткер, дипломат, әлемдік қоғамдастыққа танымал тұлға Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын ұсынды. Елбасы сенімі – ел сенімі. Қасым-Жомарт Кемелұлы әділ сайлау додасында жеңіске жетті. Елбасы мен жаңа Президент бірлігі, тандемі жаңа Қазақстан қоғамын одан әрі ұйыстыра түсті. Нұрсұлтан Назарбаев – туа біткен және сирек кездесетін дарын. Оны Жаратқан Ие еңбекшілдігімен шыңдап жетілдірген. Өмірге құштарлық, ойлылық, батылдық, бастамашылдық – оның әртүрлі қыры. Осыларды ол біліммен, ұлы тұлғалар туралы тарихи деректерді көп оқумен ұштай түсіп, өзі өткен өмір соқпағында ізденумен толықтыра білді. Табиғатында кемел көсемдік бар. Ол әрқашан батыл да өткір, оның мысы басқаларды басып жүреді. Қазақ осындай адамды «аруақты» дейді. Қазақстан үшін бүгінгі әлемдегі, өңірдегі, елдегі береке-бірліктің тұғыры, қауіпсіздіктің кепілі – Елбасының аты мен заты, мұрасы мен мұраты болатыны да сондықтан. Ұлттың бағына біткен біртуар тұлғаға ұзақ ғұмыр, бейнеттің зейнетін көруді тіледік.